​«Көйлек алу үшін көлігімді саттым»: Мадина Садуақасова өнері мен өмірі жайлы бар шындықты жайып салды

0
4 760

«Бас-аяғы 12 адам мен үшін қызмет етіп жатыр»


​«Көйлек алу үшін көлігімді саттым»: Мадина Садуақасова өнері мен өмірі жайлы бар шындықты жайып салды

Әнші Мадина Садуақасованың ел алдында жарқырап жүруіне бас аяғы 11-12 адам қызмет етеді екен. Бұл туралы әншінің өзі «Жарқын жүздесу» бағдарламасында айтып берді.


«Жаңашылдықтан қорықпаймын. Командама кіл жастарды жинап жатырмын. Музыкалық продюсерім, директорым, әкімшім, SMM мамандарынан төрт-бес адам бар, видеограф, тик-токер, копирайтер, маркетолог, заңгер, есепші, стилист бар. Заманның талабы сондай боп тұр. Мен деген осы уаққа дейін кез келген нәрсені беталды сала берген екенмін. Ол өзіңе қызық болғанымен басқаларға күлкілі көрінуі мүмкін. Сол себепті арнайы мамандарды алдық» деді Мадина Садуақасова.


Әрдайым ерекше образдармен тыңдармандарын таңғалдырып жүретін әнші бір жолы көйлек алу үшін көлігін сатқан екен.


«Шамамен 2005-жылдар-ау, Дубайда демалып жүргенде бір көйлек көргем. Тура сол сәтте әлгі көйлекті ала салатын ақшам болмай елге қайттым. Бірақ сол көйлек көз алдымда қалып қойған, тіпті ұйықтап жатып түсімде көрем. Сол кезде «Мерседес» маркалы көлік мініп жүргем және оны бір жігіт «сатыңызшы» деп сұрайтын. Соған звондап, «аласың ба, алатын болсаң ақшаңды әкеп бер» дедім. Ақшаны алып, Дубайдағы таныс қыздарға жіберіп, әлгі көйлекті алдырдым» деп айтты өнер иесі.


Мадина Садуақасованың дзюдомен айналысқанын екінің бірі білмесе керек. Әнші бағдарлама барысында ешкімге айтпаған құпиясын жайып салды.


«Ол спортпен екі-ақ жыл айналыстым. Себебі қатысқаным мамама ұнамады. Ол мені сызылып қалған қыз қылғысы келді. Сол арманына жетті. Бірақ мен кішкентай кезімде өте шымыр болғам, екінің бірі құлата алмайтын.


... Қызылордада жаңа аудан, жаңа үйге көшкенбіз. Сол жерге бір қыз келіп, мені сыртқа шақырды. Ойымда дым жоқ, халатпен шыға салғам. Әлгі қыз «Сен неге өзінше боласың, маған ұнамай тұрсың?» деп тиісті. «Жүр, андағы кірпіш зауытына барып, әңгімелесіп қайтайық» деді бір кезде. Менде қорқу деген жоқ, әйтпесе мектепте оқитын кіп-кішкентай қызбыз ғой. «Жүр» дедім оған.


Содан зауыттың ішіне кіргізіп алып, мені ұрмақшы болды. Мені жылап, алдына жығылады деп ойлап қалды-ау, менен ондай қадам күтпеді. Ал мен халатымның етегін түйіп алдым да жерге атып ұрдым. Жеңіп кеттім. Бірақ артынан «бекер істедім-ау, жай ғана әңгімелесіп, тіл табысып кетуге болар еді» деп өкіндім. Алғашқы және соңғы төбелесім осы болды» деді Мадина Садуақасова.