«Неге ешектің етін жемейді?!»: Тойында акула етін ұсынған Әбдіжаппар Әлқожа сынға қалды

0
9 262

«Акула пісірсем, абыройым артады деген шығар»


«Неге ешектің етін жемейді?!»: Тойында акула етін ұсынған Әбдіжаппар Әлқожа сынға қалды

Танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа үш жүздің, отыз рулы елдің басын қосып үш ұлына сүндет той жасады. Алдымен 30 мың адамға дүркіретіп ұлан-асыр көкпар берді. Елдің батасын алды. Әншінің өзінің айтуынша, «мұндай көкпар тарихта болмаған!»

Қаншама халық көкпарда бір үйдің баласындай жүріп, айқай, ұрыссыз, дау-дамайсыз өткен. Ал желідегілер «Қазақстандағы рекорд қойған көкпар», «Оригинал жігіттің оригинал көкпары», «Ел аузында жүретін көкпар», «Аламан көкпар», «Тарихи көкпар» деп баға беруде.


Екі күннен бері әлеуметтік желі Әбдіжаппар Әлқожаның ұлдарының сүндет тойына қатысқан өнер иелерінің, әріптес, туған-туыс, дос-жаранының фото, видеосына толды. Аталған дүбірлі қуаныш той-концерт болып өткенін әншілердің парақшаларына жүктеген видеоларынан көруге болады. Әлқожаның тойына "Музарт" тобынан бастап, Тұрсынбек Қабатов, Нұржан Төлендиев, Құрманай Бақтиярқызы, Нұрболат Абдуллин, Еркін Нұржанов, Ғазизхан Шекербеков сынды көптеген елімізге белгілі жұлдыздар қатысты. Той иесі Әбдіжаппар Ғазизхан Шекербеков, Заттыбек Көпбосынұлы, Ернар Айдар, Меховая 8/1 тобының жігіттерімен бірге қосыла ән шырқаған.

Ал осынау айрықша тойдың ең басты ерекшелігінің бірі, ол – қонақтарға акула етінен дәм таттыруы еді. Бұл акуланы Бағдат деген бас аспаз арнайы АҚШ-тан алдыртып, дайындапты.

Мұны көрген желі қолданушылары не сенерін, не сенбесін білмеді. «Қазақтар акула етін жепті» дегенді бұрын-соңды кім естіпті?!

«Жетісайдағы тойда қонақтар акула етінен дәм татты» деп журналист Ғабит Сапарбеков жазғаны сол еді, жазбаның астына «Қожалардың бас тағамы акула екенін білмеппін», «Түк те қызық емес», «Онда қонақтар аш қалған болу керек», «Әй, даңғазалықты қоя алмай-ақ қойдық ау...», «Акула пісірсем, абыройым артады деген шығар, кім білсін қандай оймен акула алдыртқанын», «Сол да жаңалық болып па? Осы әртістер соңғы кезде не істерін білмей, қалай пиар жасауын білмей, далбасалап кеткен сияқты», «Неғып ешектің етін жемейді» деген пікірлер қаптады.

Бас аспаз Бағдат Талғатұлы болса, желідегілерге өз жауабын берді.