«Осыдан 5 жыл бұрын қатты ауырдым» : Нұрлан Еспановтың жары ауыр сырқатпен қалай күрескенін айтты

0
2 489

«Нұрланның бір теріс қасиеті, ол әңгімені соңына дейін тыңдамайды»


«Осыдан 5 жыл бұрын қатты ауырдым» : Нұрлан Еспановтың жары ауыр сырқатпен қалай күрескенін айтты

Жетінші арнадағы «Жұлдыздың жары» бағдарламасына сұхбат берген белгілі әнші, эстрада жұлдызы Нұрлан Еспановтың жары Жанар Еспанова отбасылық өмірі жайлы айтты.

«25 жылдан аса жұбайлық өмірімізде бірде-бір рет шәй дескен емеспіз» деген Жанар ханым осыдан 5 жыл бұрын ауыр дертке шалдыққанын тілге тиек етті.

«Осыдан 5 жыл бұрын ауырып қалдым. Сүлікке барып жүрген болатынмын, сол кезде қан тоқтамады. Қанның ұйығыштығына анализ тапсырдым. Көрсеткіштер жоғары болды. Бұл негізі белгі бермейтін, байқалмайтын ауру екен. Дәрігер «Хронический миелолейкоз» деген диагноз қойды. Естігенде шок болып, екі-үш ай депрессияға түсіп кеттім. Сол кезде Нұрланның қолдауымен стрестен шықтым. Химияның орнына таблеткасын іштім. Дәріні бір ай ішпей қойғанда анализдерім нашар шықты. Қайта ішуге тура келді. Күнде іше бергің келмейді. 4-5 жыл сайын дәрі алмастырып кезең-кезеңімен ішіп келемін. Сосын ми сүйегін ауыстыратын шығар. Оның бәрін уақыт көрсетеді.

Осындай қиын ауруды қасыңда тіреуің болмаса жеңу қиын. «Қорықпа, емі бар!» деп Нұрлан сәт сайын қолдауын аяған емес», - дейді Ж.Еспанова.

Сондай-ақ, жұлдызды жар денсаулығын қолдау үшін әрі салауатты өмір салтын ұстану үшін екі жылдан бері йогамен айналысып бастағанын жасырмады.

Нұрлан оқытамын, шоқытамын деп алды да, бәрі қалды ғой. Уәдесінде тұрмады, - деді сөз арасында.

Ал «жарыңыздың бойындағы қандай қасиетін ұнатпайсыз?» деген сауалға «Ол әңгімені соңына дейін тыңдамайды. Тірлігі шығып, тұрып кете салады. Нұрланның ашуы да тез, қайтуы да тез», - деп жауап берді.

Желідегілер Нұрлан Еспановтың әйелінің қарапайымдылығы, сабырлығы, парасаттылығына ризашылық білдірді. «Нағыз қазақтың келіні, өте сабырлы әйел. Басқа әншілердің әйелі еркегінің қасынан шықпайды. Алдына түсіп жүреді. Нұрлан ағам мықты әйел алған екен», «Жанар – Нұрланның басына қонған бағы. Ешқандай жасандылық жоқ. Қарапайым, сабырлы екені көрініп тұр. Жарасымды жұп» деген сияқты пікірлер жазуда.