​«Пәтерінің ақшасын төлей алмай жүретін»: Ақын Айшолпан Тілеутайға кәсіпкер баспана сыйлады

0
5 298

«Шақырғанда бір сөзге келмей келіскен еді»


​«Пәтерінің ақшасын төлей алмай жүретін»: Ақын Айшолпан Тілеутайға кәсіпкер баспана сыйлады

Жас айтыскер-ақын Айшолпан Тілеутай сыйлыққа пәтер алды. Қуанышты жаңалықты Мәжіліс депутаты, белгілі блогер Дәулет Мұқаев өзінің «Инстаграм» парақшасында жариялады. Айтуынша, Айшолпанды "GBG" құрылыс компаниясының басшылығы Жаңа жылдық кеште арнау айту үшін шақыртқан екен.


«Бүгін түскі уақытта Матулла мырза маған хабарласып, қал-жағдай біліскен соң «Бүгін бізде корпоратив еді, ақын қыз бар еді ғой, соны шақырып бере аласың ба?» деді. Мен болсам: «Жарайды, бірақ мен ше?» дедім. «Сізді депутат деп шақыруға ыңғайсыздандық» деді. «Бар жазығым депутат болғаным ба? (Әзілмен күлдім) «Білмеймін, сізге зияны тимесе деген ой ғой…» «Демалыс қой, мен барамын. Құттықтап сөз сөйлеймін, билеуге де тыйым жоқ» дедім. Себебі бұл құрылыс компаниясының барлық қызметкерін жақсы танимын десем де болады. Депутат болмай тұрып, мені бренд амбассадор еткен еді. Қазір ол міндетті Бекарыс атқарып жатыр.


«Айшолпанға «осындай да осындай» деп хабарласып едім. «Ой, Дәулет аға, сіздің бірауыз сөзіңіз» деді. Артық бір сөз айтпады. Қысқасы, корпоративке Бекарысты ерте бардым. Сәлден соң Айшолпан келіп, құрылысшыларға арнауын арнап, көп қазақтың баспанасыз жүргенін, жер алам деп, жер жастанып кеткен жандар жайлы айтып, арнауын менің, «әр қазақтың өз баспанасы болсын» деген сөзіммен аяқтады. Сол сәтте құрылыс компаниясының басшысы Матулла «Дәке, Айшолпанға «Дәулетті қалашықтан» бір бөлмелі пәтер сыйлауды жөн көрдім, бәлкім, Алла сізді себепші қылып тұрған шығар деді…» деді.


Расында да Айшолпан Астанаға келген кезде пәтерінің ақысын төлей алмай, кейін қонақүйге барып, оның ақшасын төлей алмай қалған сәттері болған. Сол қиыншылық артта қалсын. Бір қазақ баспаналы болса, біз қуанайық. Байыса, қазақ байысын!» деп жазды Дәулет Мұқаев.


Желіге жүктелген видеодан Айшолпанның тосынсыйға көңілі босап, көзіне жас алғанын байқауға болады. Құрылыс компаниясының басшылығына алғысын білдіріп, жырдан шашу шашты.


«Айшолпаннан бетер қуандық, өзім үй алғандай боп неге жылап жібердім?», «Айшолпан деген қолы ашық қыз ғой, сол пейіліне берген екен, құтты болсын», «Мәрттік деген осы, Айшолпанның пәтері, қазақ өнерін сыйлағандық», «Қазақтың азаматтары осылай қарындастарына қорған боп жүрсе, бәрі жақсы боп кетер еді» деп көпшілік пікір жазып, ақынға ақ тілегін жаудырды.