​«Түсінде бір шал аян беріпті»: Ақын Жүрсін Ерман сырқатына дауа болар дәрі тапқанын айтты

0
386

«Әр мүшелде бірдеңеге тап боламын»


​«Түсінде бір шал аян беріпті»: Ақын Жүрсін Ерман сырқатына дауа болар дәрі тапқанын айтты

Ақын, айтыс өнерінің «атасы» Жүрсін Ерман бүгін 73 жасқа толды. Ақынды «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі арнайы құттықтап барып, әңгімеге тартты.


«Қазақтың мүшел дейтін ырымы бар ғой, маған сол айнымай келеді де тұрады. Бірінші мүшелде не болғанын білмеймін, бірақ 25 жасымда бір қойшының үйінде құтырған ит қапты, аттың үстінде отырған жерімнен. 37 мүшелімде қолымды сындырып алдым, 49 мүшелімде шешемді алып кетті. 61-жасымда ауру айналдыра бастады. Осыдан аман-есен шығып кетсем, тағы біраз жүре тұратын шығармын деп ойлаймын» деді Жүрсін Ерман.


Ақын әр туған күнінде уайымға салынатынын айтты.


«Туған күнде уайым басады, өмір заулап өтіп бара жатыр ғой. Туған тойлайтын бала емеспін, отбасылық мереке. Жан-жақтан келіндерім, туыстарым келіп, құттықтап жатыр. Екі-үш жылдан бері ауырып, арбаға таңылып едім. Қазір ептеп аяққа тұрдым. Соған қуанып жатыр.


"Шетелге де, Астана мен Алматыға да барып емделдім. Енді бір қызықты айтайын, мынау Алматыда «Жалын» деген зауыт бар екен. Тек Бақанастың күрішінің қауызынан капсула жасап шығарады екен. Қарақат дейтін директоры бар, соның айтуынша, тоғыз жыл зерттеп, тек осы Бақанастың күрішінен ғана дауа тапқан екен. Соған түсінде бір шал аян беріп, «Дәріңді Жүрсін Ерманға апарып бер. Соған ем болады» деп айтыпты. Маған әкеліп берді. Соны ішкелі қан қысымым түсіп, қан құрамынан қант азайып, аяғымды басып қалдым. Алысқа бара алмасам да, таяғыма сүйеніп, ептеп жүремін. Бір жағы ойлаймын, қаншама адам маған тілекші боп, саулығымды сұрап жатыр. Соның да бір әсері болған шығар» деді ақын.


Еске сала кетейік, біраз уақыт бұрын Жүрсін Ерманның жансақтау бөліміне түскені жайлы ақпарат тараған болатын. Себебі, ол кісі оң аяғының тізесіндегі көк тамырға протез салдырған. Алайда протезді ағзасы қабылдамай, оның айналасы іріңдей бастаған. Артынша сол ірің қанға түсіп, ақынның дене қызуы көтерілгеннен талмасы ұстаған. Содан кейін ақын арбаға отырып қалып еді...