​«Тырысып қалған, арық, байғұс...»: Сәкен Майғазиев өзіне осылай деп сәлем жолдаған қарияны іздеп барды

0
20 915

«Бет біткеннің сұлуына сәлем бере бардым»


​«Тырысып қалған, арық, байғұс...»: Сәкен Майғазиев өзіне осылай деп сәлем жолдаған қарияны іздеп барды

Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысы, Төлеби ауданынан Зылиха апа деген блогер шыққан. Ол кісіні Қазақстандағы ең қарт блогер десе де болады, 91 жаста. Парақшасын немересі Ботагөз жүргізеді.


Сол Зылиха апа «Сәкен Майғазиевті көруді армандаймын. Тырысып қалған, арық, байғұс қой. Шынашақтай бала ғой, даусы зәрдей, әдемі әнші. Оны телевизордан көрмесем, тірідей кім көріпті дейсің» деп видео түсіріп салған болатын. Оны әншінің өзі көріп, бүгін Төлеби ауданындағы Зылиха апаға арнайы сәлем беру үшін барып қайтты. Сәкен Майғазиевті Зылиха апаның ұл-қыздары сән-салтанатпен қарсы алды.


«Сол өзіңіз білетін шынашақтай бала алдыңызға келді» деп қарияның бетінен сүйіп, анасы беріп жіберген оюлы қамзол, аппақ орамалын жапты. Артынан брендтік шапанды кигізіп, өзі шығаратын Сафи шайдан тарту етті. «Мына шапанды анамның сәлемі, келініңіздің жапқаны» деп қабыл алыңыз» деді Сәкен.




«Алдағы уақытта асықпай келіп, қона жатып кетем. Кім біледі, көпшілік «құда болайық» деп айтып жатыр, қабыл боп кетсе бәрі мүмкін. Сізді «Инстаграмнан» көрген Алматыдағы біраз әртіс «бара қалсаң біз үшін де апаның маңдайынан сүйіп қой» деп сәлем айтып еді, солардың аманатын орындайын. Сіз бет біткеннің сұлуысыз» деп Сәкен Майғазиев Зылиха апаның маңдайынан сүйді.


«Апа, ертең үйге Сәкен Майғазиев келетін болды» деп едім, апам сенбей, «келмейді ол, бізді неғылсын?! Концерттен концертке шапқылап, қолы тимей жүреді» деп ұрысып еді. Енді қуанып, жылап қалды» деді немересі Ботагөз.