«20 жылдан соң КҮЙЕУІМДІ ІЗДЕУГЕ мәжбүр болдым»: шымкенттік әйел себебін айтты

0
4 355

Барлық қиындық артта қалған уақытта тастап кеткен күйеуі не үшін қажет болды екен...


«20 жылдан соң КҮЙЕУІМДІ ІЗДЕУГЕ мәжбүр болдым»: шымкенттік әйел себебін айтты

Түрлі себеппен ажырасқан ерлі-зайыптылардың арасында ұзақ жылдан соң қайта табысқандары аз емес. 15-30 жылдан кейін кешірім сұрап, отбасына оралған еркектер көп. Ал тастап кеткен күйеуін 20 жылдан соң іздеген әйелді көргенсіз бе?


Ондай әйелдер де бар екен. Римма басқа әйелге айырбастап, үш қызымен тастап кеткен күйеуін 20 жылдан кейін өзі іздеп тауыпты. Қазір бірге өмір сүріп жатыр.


Римма себебін ERNUR.KZ тілшісіне тәптіштеп айтып берді:

«Жиырма үш жасымда солтүстік өңірінің жігітіне тұрмысқа шықтым. Өзім оңтүстіктің қызымын. Өмір сүру салтымызда көптеген айырмашылықтар бар екен. Сол айырмашылықтар біздің бір-бірімізбен түсінісе алмауымызға себепші болды.

Күйеуім әскери қызметте істейтін. Ол жұмысында ғана емес, отбасымызда да темірдей тәртіп орнатқысы келді. Түсінемін, жұмысына байланысты қатаң тәртіпке үйреніп те қалған болар, бірақ, отбасында мұндай қатып қалған қағиданы ұстанудың қажеті қанша? Үй – демалыс орны. Үйде адам өзін еркін сезінуі керек. Жұмыста, қоғамдық орындарында, тіпті той-томалақта да дәл үйдегідей ешкім еркінси алмайды. Ал үйде де, түзде де үнемі бір қалыптағы темір киіммен жүру мүмкін емес қой. Қатаң тәртіп темір киім киіп жүргенмен бірдей. Бірақ мен оның қаталдығы мен қатаң тәртібіне көндім.

Үйленгеннен соң алғашқы жылдары әскери қалашықта жатақханада тұрдық. Тұңғыш қызымыз өмірге келді. Аядай ғана бөлмеміз тарлық ете бастады. Ал күйеуіме бәрібір еді. Ол болашақ өмір туралы басын ауыртпайтын. Маған ұнамсыз мінездерінің екіншісі осы болатын.

Өмірге екінші қызымыз келді. Мен «Ел қатарлы басымызға жеке баспана алайық. Бала-шағамыз өскенде де құрқылтайдың ұясындай жерде тұрамыз ба?» деп шыр-пыр болдым. Тыңдамады. Әйтпесе білдей қызметі де, атақ-абыройы да бар. Әскери қызметкерлерге мемлекеттен баспана да беріледі. Бірақ күейуімнің өз қағидалары бар, ол оны өзгерткісі келмеді.

Фото: thumbor.thedailymeal.com

Ызыңдай беруден шаршамадым. Бұйдаланған өгіздей оған жол көрсеткеніммен, келіспеді. Жұрт қатарлы тұрмысымызды түзейік деген жақсы ниетімді түсінбеді. Мүмкін өзім түсіндіре алмаған болармын.

Үшінші қызымызды туғанымда, күйеуім менен кетіп қалды. Ол екеуміздің көзқарасымыздың сәйкес келмейтінін, түсінігіміздің де мүлде үйлеспейтінін алға тартып, «Ажырасамын» деді. Мен ажыраспайтынымды, ажырасқым келмейтінін айттым. Қате кеткен жерлерім болса кешірші деп, аяғына жығылдым. Өмір бойы бір бөлмелі жатақханада тұруға да шыдайтынымды айтып, тек бізді тастап кетпе деп жалындым. Ал ол қайырылмады.

Өзімен бірге қызмет істейтін орыс келіншектің жанына кетіп қалды. Бұдан әскери жатақханадағы дос-жаран, көршінің бәрі де хабардар болды. Бәрі маған аянышпен қарады. Дегенмен қыздарым үшін намысым мен сезімімнің тапталғанына көндім, шыдадым. Алайда ол ажырасуға арыз бергенде, амал жоқ туған жеріме оралдым.

Мұнда келген соң, әбден қиналдым. Емізулі баламмен жұмыс істегенімді, жұмыста омырауымдағы сүтті қайта-қайта әжетханаға барып сауып тастаған күндерімді еске алсам, қалай шыдағаныма таң қалам. Оңтайлы жұмыс тапқанша, біраз жыл ең лас жұмыс істедім. Сіздіңше, ең лас жұмыс қайсы? Мен үшін ол - әжетхана тазалау. Үш қызымды асырау үшін ауыр жұмыстан да, лас жұмыстан да қашпадым, шыдадым.

Уақыт өтіп жатты. Қыздарым бойжете бастағанда олар менің жұмысымнан ұялатын болды. Бір күні тұңғышым «Мама, мұғалім ата-аналарың қандай жұмыс істейді?» деп сұрағанда, жауап бере алмадым. Жұмысыңызды ауыстырыңызшы» деді. Қызымның бұл сөзі ауыр тиді, бірақ, оның басқадан ауыр сөз естігенін қаламадым.

Фото: ld-wp.template-help.com

Балабақшаға ауыстым. Бастапқыда бала бағушы болдым. Қосымша балабақшаның еденін де жудым. Сөйтіп жүріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын сырттай оқып алдым. Оқу ақысын төлеу үшін мен демалыс күндері көрші келіншекпен бірге әркімнің үйін сырлап, тазалап жұмыс істедім. Көрші келіншектің анасы тойханада аспазшы еді. Ақша қажет болғанда өтініш жасап, тойхананың ыдысын жуған күндерім де болды.

Физикалық тұрғыда қатты шаршайтынмын. Бірақ сол күндер қазір артта қалды. Мен қазір мектепте мұғаліммін. Ипотекаға алған екі бөлмелі үйім бар. Жалақым жақсы. Келесі жылдан бастап жалақым жоғарылайды. Қыздарым жұрт сүйсінерліктей боп бойжетті. Білімдері өте жақсы, үшеуі де өз күштерімен жоғары оқу орнына түсті. Үлкенім биыл үздік диплом алған болса, екі қызым әлі студент.

Рухани күш-жігерімнің мұқалмағанының арқасында қажеттінің барлығына қол жеткіздім. Қиналған кездерде ешкімге көрсетпей талай рет жылағанмын. Сенесіз бе, бәріне шыдаған мен қызымның жылағанын көріп шыдай алмадым.

Көктемде үлкен қызым жігітімен таныстырған еді. Жігіттің өзі де, тұрмысы да жақсы. Олар бір-бірін сүйеді. Бірақ жігіттің ата-анасы үзілді-кесілді қарсы. Себеп – қызымның әкесінің жоқтығы. Жігіттің әкесі «Құдаларыммен құрдасымдай аралассам деп армандағанмын. Маған ең бірінші құда керек. Әкесі жоқ қызға үйлендірмеймін» деп отыр екен. Осыны айтқан қызым жылап, тамақ та ішпей жатып қалды. Қызымның қиналғанын, жылағанын көріп жүрегім езілді. «Одан басқа жігіт жоқ па екен? Әлі талай жігіт кездеседі» дегенім қызымды жұбата алмады.

Көп ұзамай ортаншы қызым «Мама, папам қайда?» демесі бар ма? Жігітінің ата-анасымен танысуға барғанда әкесін сұраған көрінеді. Болашақ құда «Әке болмаса қыз бетімен кетеді. Әкенің болғаны жақсы» депті. Қызым бұл сөзден соң «Әкем бар» деп алдауға мәжбүр бопты.

Күйеуімді есіме алдым. Ажырасқанымызға 20 жыл бопты. Жиырма жылдан бері күйеуім қыздарын бір рет те іздеп келген емес. Мен де, қыздарым да оған керек емес, бірақ ол бізге керек боп тұр.

Фото: woplan.net

Ол салған жара әлі толық жазылмаған. Өкпе-реніш тарқамаған. Әйтсе де қыздарым үшін күйеуімді іздеп бардым. Сол баяғы жатақханада тұрып жатыр екен. Жекешелендіріп алыпты. Орыс әйелі басқаға кетіп қалыпты. Араларында бала жоқ.

Ол қыздарын көргісі келетінін айтты. Мүмкін расында да әкелік махаббаты оянған шығар, әлде қартайғанда жалғыз қалмауды ойлады ма екен? Бұрынғыдай табандап, айтқанынан қайтпай отырып алмады. Жетегіме ерді.

Қыздарым қуанып жүр. Қай бала әкесін жаман көрсін. Бірі әкесіне жаңа көйлек сатып әперсе, бірі шұлығын жуып, қамқор. Ал мен дайын үйге кіріп, өсіп қалған қыздарыма ие боп шыға келген күйеуімді көрген сайын зығырданым қайнап жүр. Енді ертең той төріне шығып, «құда» деген ат пен қошеметті де оп-оңай ала салады.

Небәрі үш-ақ айда ол «Қайда жүрсің?», «Жақсылап палау басшы» деп, өзін үйдің отағасы сияқты сезініп жүр ғой. Соншама жыл қыздарымды жалғыз өзім өсіріп қиналғаным, «күйеуі жоқ» деген ауыр сөздермен әйелдердің кемсіткені, әркімнің түртпегін көргенім есіме түсіп, оны үйден қуып шыққым келеді. Бірақ осы күнге дейін көрген қиындықтар болашақ құда-құдағилардың «Әкесіз, тәрбиесіз...», «Әкенің қатал қабағын көрмеген соң осы да...» деген сөздердің қасында түк те емес.

Қыздарымның ұзатылып барған жерінде «келініміздің әкесі жоқ екен» деген сөзге төмен қарағанын қаламаймын. Күйеу балалардың «әкесі жоқ» деп басынғанына да шыдай алмаймын. Сондықтан да мен күйеуіммен қайтадан бірге тұруға үйреніп, өзімді көндіріп жатырмын. Оны кешіруге де тырысып жүрмін...»


Ананың қай-қайсысы да баласы үшін барлық ауырға шыдағанымен, перзентінің қиналғанына, ұл-қызына айтылған жаман сөзге шыдай алмайды деген рас екен ғой. Римманың қадамы осы сөзге мысал боларлықтай.


Ұқсас оқиғалар:


«"Атаңанәлет" дегенім үшін»: Түркістандық келіншек бір сөз үшін қалай қиналғанын айтып берді

«Періште әумин деген шығар?!»: Бала сүйе алмаған әйел себебін айтты