«Періште әумин деген шығар?!»: Бала сүйе алмаған әйел себебін айтты

0
4 410

«Әке-шешем мені солай қинамағанда, мүмкін балалы болар ма едім?!» дейді қиындық көрген әйел...


«Періште әумин деген шығар?!»: Бала сүйе алмаған әйел себебін айтты

Балалы үйдің базарына қызыққандар отбасын құрып, перзент сүйгісі келеді. Шаңырақ көтеріп, неке қиған жандардың да ең бірінші күтетіні – үйдің ішін бақытқа толтыратын сәбидің іңгәсі.

Ал оны қаламайтындардың болуы мүмкін бе? Балалы болуды қаламайтын әйелдер бар десе, сенер ме едіңіз?!

Бүгінгі кейіпкеріміз Дана (есімі өзгертілген) бір кездері өзіне "бала тумаймын" деп не үшін серт бергенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген болатын.


Дананың жасы бүгінде 38-ге шықты. Отбасы бар, бірақ бауырында баласы жоқ. Күйеуі екеуі ғана өмірдің кездескен қиындығына төтеп беріп бірге өмір сүріп келеді.

- Сенесіз бе, бала кезім 90-шы жылдардың тоқырау заманына тап келді. Өзімнен кейінгі 4 баланы бағып-қағу маған қалған еді. Әкем мен шешем ауыл аралап сауда жасап кетіп қалады. Сол қу тамақты тойдыру үшін... Ал мен, сол кезде небәрі 12-15 жастамын. Жалғыз өзім балаларға бас-көз боп қаламын. Сүтін сауып ішіп отырған жалғыз қара сиыр бар. Оның жем-шөбін саламын, кейде әке-ешем үйде болмағанда (болмай қалатын кездері көп еді) ұрыдан, ауылға шабатын қасқырдан қоримын. Ең кішісі 3-4 жасар 4 бауырымды отқа-суға түсірмей, қарындарын аш етпей бағып үйде отырдым. Сабағым тағы бар.

Сабақ деген аты ғана. Әйтпесе, бір бауырым ауыра қалса, соған қараймын деп қалып кете беремін сабақтан. Ден дұрыс білім алдым деп те айта алмаймын. Қолдан диірменге тартқызған ұнға нан жауып, содан кеспе кесемін. Сасық иісі бар майға қуырып, бауырсақ пісіремін. Сонда әлі 15-ке толмаған өзім де баламын ғой, - деп есіне алады Дана өзінің ауыр өткен бала күндерін.

Дананың балалы болуға деген қарсылығы сол кезде оянса керек. Әке-шешесінің бір кездегі ауыр тұрмысын ұмыта алмайтын көрінеді.

- Бірде анам әкемсіз, жалғыз келді үйге. Қашанда бірге жүретін олардың мұнысы маған оғаш көрінді. Әдетте келе салысымен бәрімізді айналып-толғанып, ала сөмкеден әкелгенін шығарып, арзанқол болса да тәттіге тойдыратын еді. Бұл жолы олай етпеді. Маңдайымыздан иіскеді де, көрпеге оранып жатып қалды. Жылап жатқанын сездім. Сонда-ақ есейіп кеткен екенмін ғой?!

Әкем екі күннен соң келді де, қорадағы сиырды алып кетті. Бұзауы менімен қоштасқандай ойнақтап кеп алақанымнан иіскеді де, соңынан ерді. Сол күннен бастап біз сүтсіз қалдық. Ал әкемді содан кейін 9 жыл өткенде көрдім... Ол туралы айтқым келмейді...

Анам содан қайтып еңсесін екі айдан соң әзер көтерді. Оған дейін тек нан мен су, інім өсірген 4 тауықтың жұмыртқасымен күнелттік, сенесіз бе?! Шай деген аты, кейде қайнаған су ішеміз. Қант дегеннің болмағаны қашан?! Киім туралы мүлде айтпай-ақ қояйын.

Бір күні түн ішінде анамның есік алдындағы сарайда еңіреп жылап отырғанын есітідім. «Құдай-ай, бұлай қинайтыныңды білгенде тумайтын едім ғой баланы? Жалғыз көргенім дұрыс емес пе еді осының бәрін? Қалай асыраймын, қайтіп асыраймын енді? Одан да бәріміздің жанымызды ала салшы...» деп дауыстап отырғанын тыңдап біраз тұрдым. Іштей жылағым келді, бірақ көзімнен жас шықпады. «Шынында неге туған? Баланың қажет не? Кімге керекпіз біз? Мен өскенде тұрмысқа шықпаймын. Шықсам да бала тумаймын!» дедім де жүгіріп үйге кіріп кеттім.

Анам ертеңіне ала дорбасын арқалап өзі тағы кетті. Аптасына бір рет келеді. Бірақ бұрынғысынша қуантпайды. Ауылдан бидай сатып алып диірменге тартқызып, тамаққа қататын сасық иісті майды әперіп, тағы кетеді. Анда-санда бір дорба қант әкеледі. Кейде күріш әкеліп палау басып береді. Сөйтіп күн көрдік. Кейіннен қасына 7-шіні бітірген інімді алатын болды...


Дананың өмірін өзгерткен анасынан жеген таяғы болыпты. Айтуынша, ең қайғылы күндерді бастан кешкен.

- Көктем кезі еді. Жағдайымыз сәл дұрысталайын деген. Әйтеуір, дастарханымызда май тұрмаса да, қант тұратын жағдайға жеткенбіз. Інімнің тауығын көбейтіп, көршілерге жұмыртқа сататын жағдайға да жеттік. Бүржиген қабағымыз жазылып, анамның да көз жасы тыйылып қалған еді. Әдеттегідей інім екеуі аудан орталығына пісте сатуға кеткен. Түс кезінде есік алдында ойнап жүрген бірі 4, екіншісі 6 жастағы інім мен сіңлімді таппай қалдым. Көршілерден, көшеде ойнаған балалардан сұрадым. Сарайды, бүкіл қуысты қарадым. Еш жерде жоқ. Қорқа бастадым. Маған қосылып көршілер де іздеуге шықты. Өзенге дейін бардық. Тасып жатыр...

Үш күннен соң ауылдың төменінде жалғыз тұратын ата ақ матаға орап екі денені есегіне артып алып келді... Туылғаннан шешемнен артық қараған екі бауырым суға кетіпті. Өзінің де күйігі алып бара жатқан анам «неге қарамадың?» деп мені шашымнан жұлып ұрып тастады... Ал әкем екі перзенті бірдей шетінегенде төбе де көрсеткен жоқ...

Мен сол кезде ішімнен «мен бала тумаймын» деп тағы қайталадым. Тіпті, тұрмысқа шықпаймын деп серт бергем өзіме. Егер баланы туған соң әке-шешесі болып қарай алмасаң, қарай алатыныңа көзің жетпесе, өзіңе сенбесең, не керегі бар туып?!


Менің көзқарасым осындай болды отызға толғанымша. Ата-аналардың топырлатып баланы туып, оны киіндіре алмай, не оқыта алмай жүргенін, ел қатарлы бола алмаған балалардың теріс жолға түсіп кеткендерін көргенде менің миымдағы сөз одан сайын беки түсті. Маған жуысқысы келетін жігіттің біреуін де жаныма жолатпадым, олар маған өзімнің әкем сияқты көрініп тұратын.

Әрі қарай қандай қиындық көргенімді айтпай-ақ қояйын, бірақ отызға толғанда жүрегімді жібіткен жігіт ойымды да өзгертті. Ол да қиындықты көп көргеннің бірі. Екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 8 жыл толады. Бірақ перзентіміз жоқ, - деп мұңайғандай болған Дана аса өкінбейтін де сиқты.


«Перзентсіз болатынымды сезген сияқтымын» дейді ол. Мұны Дана өмірдің қалыпты қиындығының бірі деп санайтынын да жасырмады.

- Егер сол кезде қазіргідей психолог дегендер болса, менің алған жан жарамды емдеп жазар ма еді? Көзқарасымды өзгертер ме еді?! Қазір бәрі кеш... Сондағы «бала тумаймын» дегеніме періште әумин деп қойған сияқты. Ал анам екі перзенті үшін әлі мені кінәлайтындай... Бала туралы ойласам сол екі бауырым көз алдыма келеді, - деген Дананың көзінен мөлдір тамшылар мөлт етті...

иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Балалы әйел іздеген»: Ажырасқан келіншек сүрбойдаққа қалай тұрмысқа шыққанын айтып берді


«НЕ ІСТЕЙІН?»: Бір ауыз сөзбен отбасын сақтап қалған азаматтың әңгімесі