​«Ағамның үйленгенін бекер күттім»: әке-шешесінің сөзінен аса алмаған жігіт өз өкінішін айтып берді

0
11 496

«Енді тұрмыста болып келсе де үйленгім келеді...»


​«Ағамның үйленгенін бекер күттім»: әке-шешесінің сөзінен аса алмаған жігіт өз өкінішін айтып берді


«Бақытыма ата-анам кедергі болды», «сүйгеніме қосыла алмадым» деген әңгімелерді бұрындары естіп, оқып жүрсем де, дәл осындай жағдай менің басымнан өтеді деп ойламаппын», - дейді Теңіз деген жігіт.


Оқырманымыздың үш жыл күткен сүйіктісінен айырылып қалғанын айтады. Оған себеп болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Сәния екеуміздің махаббатымызға менің достарым қатты қызығатын. «Үндемей жүріп керемет қызды «сындырып» алдың» деп таңдай қағатын. Расында да Сәния өте сұлу, нәзік, қалада өскен, сонысына қарамай әжесінің тәрбиесін бойына сіңірген, тәрбиелі қыз еді. «Осы менің өмірлік жарым болады» деп шешкен күннен бастап мен оның әке-шешесінің сенімін алуға тырыстым. Оны да өз ата-анаммен таныстырып, анама қатты ұнап қалған-тұғын.


Сәния екеуміз нағыз тұрмыс құратын, шаңырақ көтеретін жаста болдық. Ол жиырма төртте, мен одан үш жас үлкенмін. Үйлену туралы сөз қозғағанда «әлі сәл ертелеу, мен медакадемияны бітіріп алайын» деп жылы жауып қойған еді. Сол себепті мен бар жиған-тергенімді тойға, саяхатқа деп жинап, шотыма сала бердім.


Арада екі жыл уақыт өтті, сүйіктім оқуын бітіріп, қолына дипломын алған. Әр кездесуде менен ерекше бірдеңе күткендей, бетіме сұраулы жүзбен қарап қалатын. Өзіне ұсыныс жасайтын күнді асыға күтіп жүргенін сезсем де, батыл қадам жасаудан қашқақтадым. Себебі әкем «Ағаң Ғабит үйленген жоқ, оның жолын кесіп кеткенің ақымақтық болады» деп шорт кесті. «Ағаңмен жарыспа, қызың дайын, несіне асығасың» деп мамам да қоштай кетті.


Ал ағамның үйлене салатын дайын қызы да жоқ, жұмысына тіке барып, тіке қайтып жүрген «ботаник». Отызға таяған шағына дейін екі-ақ қызбен жүрген адамның аяқ астынан үйлене салуы оңай ма? Мамама «ағама қыз тауып берші» деп жалынып жүріп бір қызбен таныстырып едік, екі кездесуден кейін «болмайды екен» деп бетін қайтарып тастапты.


Оны естігесін мазам кетті. Сәнияға болған жағдайды айтуға батылым бармады. Осылайша екі айды артқа тастадық. Шілденің 28-і күні менің сүйіктім 26-ға толатын болды. Бұл маңызды мерекеге өзім кірісіп, қатты дайындалдым. Мейрамхананы таңдап, ішін сәндеп, тортқа тапсырыс беріп жүгіріп жүргенімді жұрт басқаша ойлап қалыпты. Яғни сол күні сүйіктісіне ұсыныс жасайды деп күткен ғой.


Туған күнде келген достар, Сәнияның туысқан әпкелері, жезделері, сіңлілері «Бақытты бол, бағың ашылсын, өзіңді сыйлайтын, қадіріңді білетін жанды жолықтырсын» деген тілектер айтқан. Сөйтсе менің әрекетсіздігіме күйініп, Сәнияға әбден жамандапты.


«Мен сені бүгін сөз сала ма деп күтіп ем, бәрінің алдында масқарамды шығардың ғой. Теңіз, мен жас емеспін, ендігі тұрмысқа шығып, балалы болуым керек. Сенің ағаңды күтіп жүретін уақытым жоқ, осымен бәрі бітсін» деді де, теріс бұрылып кетіп қалды.


Артынан қанша жүгірдім, кешірім сұрап хат жаздым, сыйлығыммен күтіп алып, көңілін ауламақшы болдым. Бірақ ешбірінен пайда болмады. Мамасының құрбысы Астанада тұратын баласымен таныстырып, үш айдан кейін асығыс тұрмысқа шығып кете барды.


Сол кезден бастап менің күнім тас түнекке айналғандай. Қызық жоқ, бұрынғыша достармен кешкісін қыдыру да, жұмыс та мәнсіз боп кетті. «Сендерге көз тиді» деп достарым қоймайды. Ал мен осының бәріне әкемді кінәлап, онымен сөйлеспей қойдым. Сәнияның тұрмысқа шыққанын күтіп жүргендей, ағам да көп ұзамай үйлене салды. «Ал, енді келіншек әкеле берсең болады» деген мамама да жыным ұстап, тас-түйнек боп қатып қалдым. «Енді бәрі кеш, басқа ешкімге үйленбейм» деп соңғы сөзді айттым да, Алматыға тартып отырдым. Жұмысты ауыстырып, менің көңілімді қалдырған адамдардан алысқа кету арманым болды. Бір жағы жаңа өмір бастап, жаңа орта тапсам деп ниет болған.


Осылайша екі жыл өткенде Сәнияны көшеде кездестіріп қалдым. Миллиондардың қаласынан, мыңдаған адам жүретін көшеден дәл соны көргенімді айтсаңызшы. Дәмханаға барып, кофе іштік. Жағдай сұрастық. «Мен күйеуіммен ажырасып кеттім» деді ол. Қызғаныштан ұрып-соғыпты. Бала босанатын уақыты таяған кезде де көк ала қойдай сабап тастағанын айтқанда жүрегім тілім-тілім болды.

«Мен саған ренжіп, асығыстық жасаған екем. «Кейін сүйіп кетем» деп ойлап ем, жүрек оған көнбеді» деп көзіне жас алды. Астанадан кеткесін осындағы бөлесінің үйіне көшіп келіпті.


Сәнияны қайта жолықтырғалы жүзіме қан жүріп, өмірге деген қызығушылығым артқан сияқты. Онымен кездескім келе береді. Бір-екі мәрте жолықтық та. Бірақ «үйленейік» деп айтуға әлі батылым бармай жатыр. Бірақ осы жолы кім не десе де сүйіктімнен айырылмауға серт етіп отырмын. Әкенің де, шешенің де, басқаның да сөзі қызықтырмайды. Баласын өз баламдай өсіріп, тәрбиелеп, Сәниямды бақытты етсем деп армандап қоям».