​«Әйелі бар еркекке алданып жүр»: шымкенттік келіншек қайынсіңлісінің болашағына алаңдайды

0
979

«Шешесі де қызының тірлігін құптап отыр»


​«Әйелі бар еркекке алданып жүр»: шымкенттік келіншек қайынсіңлісінің болашағына алаңдайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Турасын айтып, туғаныңа жақпайсың» деген рас, ә! Ең жақын деген адамдарым адаспасыншы, опық жеп қалмаса екен деп жасаған кей тірлігіңді бұрыс түсініп, күстаналап жатса, жүрекке ауыр тиеді екен», - дейді Фарида есімді келіншек.


Шымкенттік оқырманымыз «үйімнен береке кетті» деп күйініп отыр. Оның себебін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Сүйіктіммен бас қосып, өзім қатты құрметтейтін әулетке келін болғаныма он жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде шүкір деп айтайын, ата-енеммен де, абысын-ажынмен де, тіпті қайынсіңлілеріммен де сөзге келіп, алдынан кесе-көлденең өтпеппін. Менің сіңісіп кеткенімді көрген төркінім де «түкіріп қойыңдар, шүкір, тәуба» деп отыратын. Енемнің мақтаулы келіні едім... Бірақ соңғы екі аптадан бері біздің үйден береке кетті. Бұрын күніне екі рет шүйіркелесіп шай ішпесек басымыз ауыратын қайынсіңлім екеуміз мүлде сөйлеспей қойдық. Ал енем қызынікін қостап, менің сәлемімді қабыл алмай қойды.


Қайынсіңлім университетті бітірген, қазір бір мекемеде жұмыс істейді. Нағыз тұрмысқа шығып, бала табатын дер шағы. Жігіттері де болды. Олар туралы маған жасырмай айтып отыратын. Қысқасы, екеуміздің әңгімеміз қайынсіңлімнің жігіттері жайлы болатын. Кейде жеңгелік ақылымды айтып, жанашырлығымды білдіріп қоятынмын.


Соңғы бірнеше айдан бері қайынсіңлімнің мінезі тұйықталып кетті. Жұмыстан келсе бөлмесінен шықпайды. Көп уақытын телефонға телміріп өткізетін болды. «Сен қыз өзгеріп жүрсің ғой, басқа біреу пайда болды ма, айтсайшы, біліп отырайық» деп әзілдегенсіп сұрап көргем. «Ешкім жоқ» деп бой бермеді. Бірақ телефоны шырылдаса сыртқа шығып сөйлесетінін көрем. Арты қуыс адам сияқты қаша бергені көңілге күдік ұялатады екен.


Қысқасы, мен оның отбасылы, өзінен он екі жас еркекпен кездесіп жүргенін біліп алдым. Екеуінің сөйлесіп жүргеніне біраз болғанға ұқсайды. Әңгімелері тым тереңдеп кеткен. Оған білдірмей екеуінің хаттарын оқып шықтым, жігіт кішкене дөрекілеу, бұйыра сөйлейтін біреу екен. Әп-әдемі қайынсіңлімнің қайдағы біреуге қор болмай, өз теңін тапса екен деп кәдімгідей уайымдадым.


Бір күні шыдай алмай, қызымызды сөзге тарттым. «Еркеш, сенің мынауың дұрыс емес. Отбасылы, үйлі-баранды адам екен. Ондайлардың ажырасып, екінші мәрте үйленуі екіталай. Бәлкім сенің басыңды қатырып, уақытша пайдаланғысы келген біреу шығар. Өзің әлі тұрмысқа шықпаған қызсың, үйленбеген жігіттерді шертіп жүріп таңдауға мүмкіндігің бар ғой» деп жеңгелік ақылымды айттым. Бірақ тыңдайтын қайынсіңлі жоқ, «сіз не білесіз, сөйлесіп жүрген мен ғой, үйленем деп ант-су ішіп отыр. Әйелін жақсы көрмейді, ажырасады» деп бой бермеді. Ол өзінің еріккен еркектің ермегі болып жүргенін түсінгісі келмейді.


Қайынсіңлімді райынан қайтара алмасымды білген соң, күйеуіме айттым. «Сен қызбен емес, анау жігітті тауып, сөйлес» дегім келген. Бірақ жолдасым ашуға булығып, бар ақысын қарындасынан алды. Қандай аға өз қарындасының балалы-шағалы еркекпен көңіл қсқанына бейжай қарайды дейсіз. «Екінші ол жігітпен кездескеніңді көрсем немесе естісем, сені өз қолыммен өлтіріп тастайм» деп үйді басына көтерді.


Бұл кезде үйде ата-енем жоқ еді, ауылда ауызашар боп, сонда кеткен. Түнде келгесін қыз бәрін енеме айтып беріпті. Ертеңіне таңғы шайда үйде үлкен жанжал болды.

«Менің қызыма ағасын қарсы қойып, екеуін шағыстыратындай сен кімсің?! Кеше келіп алып, бізге билігіңді жүргізейін дедің бе? Мақтаған сайын төбемізге шығып барам деп ойламасың ба?! Жоқ әлде менің қызымның ақылы жоқ, жақсы мен жаманды ажырата алмайтын бала деп пе едің?» деп күйеуім мен атам жоқ жерде менің жер-жебіріме жетті.

«Апа, отбасылы еркек қой, сонысы дұрыс па» дегенімді құлағына қыстырған жоқ. «Үйленген болса ажырасады, қызым сүйіп тұр, жігіт те ұнатқасын келіп жүр, сендердің бұл қызда шаруаларың болмасын» деп тыйып тастады.


Сол күннен бастап қайынсіңлім менің бетіме қарамайды. Сырын ашқаным үшін қатты өкпелеп қалған сияқты. Бәрінен де әйелі бола тұра жас қыздардың басын қатыратын анау «еркекке» нервім шықты. Жақсы адам еместігін ішім сезеді. Бірақ менің ойымды кім тыңдасын?

«Апам да біледі екен, маған ұрысты» деп күйеуіме айтуға қорқып отырмын. Оны білсе шешесін де оңдырмасы белгілі. Ажырасып, бет көріспей кететін түріміз бар. Бәрінен де енемнің қызымен қосылып мені сыбырлап жамандап отыратыны жаныма батты. Кеше ғана «менің келініме жететін келін жоқ» деп мақтап отыратын еді. Аяқ астынан шала бүлінді, біреу оқытып қойғандай...»