«Әйелім қуып жібереді»: ақтаулық азамат отбасындағы жағдайды жайып салды

0
2 513

«Ажырасайын десем, қызымды қимаймын»


«Әйелім қуып жібереді»: ақтаулық азамат отбасындағы жағдайды жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Баяғыда әпкем Орал жаққа күйеуге тигенде бір жеңгем «Қыз-ау, мынадай қара жігіт өзіміздің ауыл жақтан табылмады ма?» деп әзілдеп еді. Мен де жақын жерден қыз құрып қалғандай сонау Астананың қызын Ақтауға келін етіп түсірдім. Бірақ соным бекер болыпты, бөтен өлкенің адамы бәрібір өз жеріне тартып тұрады екен», - дейді Ерзат есімді ақтаулық азамат.


Әйелінің түсініксіз қылықтарына «тойған» азамат ERNUR.KZ тілшісіне отбасылық өмірінен сыр шертті.


«Алма екеуміз Ақтаудағы жағажайда таныстық. Ол құрбыларымен демалуға келген екен. Көңілді, әңгімешіл қызды бір көргеннен ұнатып қалдым. Кейіннен телефон нөмірін алып қалып, күні-түні сөйлесетін болдық. Жаңа жыл мерекесінде, сосын оның туған күнінде Астанаға арнайы іздеп барып, құттықтадым. Наурызда үйленуге ұсыныс білдірдім. Ол бірден келісті. Осылайша біздер құда түсіп барып, Алманы Ақтауға алып келдік. Дүркіретіп тойымызды өткізіп алдық.


Алма бір-екі ай жап-жақсы жүрді. Содан кейін «Астанаға кетейік» дегенді шығарды. Төсектегі тірлігін тындырып бола салысымен Астананың жақсы жақтарын айтып, жаймен санамды улай бастады. «Астанада мүмкіндік көп, тез көтерілеміз. Балаларымыздың болашағы үшін сол жаққа барайық» деп күнде қылқылдай берген соң қалай көніп қалғанымды білмей қалдым. Ұнатқан адамыңмен бірге жүру, оның қалауын орындау мен үшін нағыз жігіттің ісі сияқты көрінетін.


Сонымен ата-анам мен бауырларымды көндіріп, әрең дегенде рұқсатын алып, Астанаға көшетін болдық. «Баланы бір рет уыстан шығардың ба, бітті, енді келмейді» деп ағайындар әке-шешемді қайрап жатты. Бірақ анам ешбірін тыңдамады. «Жастар ғой, ел көрсін, өз беттерінше өмір сүрсін» деп ақ батасын берді.


Астанаға келген соң екі ай жап-жақсы жүрдік. Кейін келіншегім мамандығы бойынша жұмысқа кіріп алды да, қыдыратынды шығарды. «Жаным, мен бүгін кеш келемін, дос қыздың туаған күні», «коллективтің отырысы боп жатыр» деп әртүрлі сылтауды айтып, түннің бір уағына дейін қыдырады. Сенбі-жексенбі күндері де сол, қолы қалт етсе базар аралап кетеді. «Мен сенің күйеуің емеспін бе, байы жоқ әйел сияқты жалғыз жүрмей, мені де ертіп ал» деп талай айттым. «Ол жерде тек қыздар болады» деп бет бақтырмайды.


Бір емес, екі емес, мен де еркек емеспін бе, айтқанымды істеткім келеді. Сосын ондай отырыстарға жібермеуге тырыстым. Ондай кезде үйде ұрыс басталады, тіпті ол мені «қызғаншақсың» деп сөгетінді шығарды. Бастапқыда үйге келіп, сұранып кететін. Кейін менің жібермейтінімді біліген соң, жұмыстан келмей, қыдыруын жалғастыра беретін болды. Көңілі келсе звондап ескертеді, кейде ол да жоқ. Түн жарымына дейін есікке телміріп қарап отырамын.


Шынымды айтсам оның осындай жүрістеріне қарап бөтен жақтың қызына үйленгеніме қатты өкіндім. «Ер – туған жеріне» деген рас екен, ауылдағы ағайын-туысты, ата-анамды сағындым. «Ауылдың бір қызына үйленгенде ел-жұртыммен бірге отырар едім-ау» деп талай өкінетін едім. Жасырып қайтейін.


Осылай ырың-жырыңмен өткен бір жылдың ішінде қызды болдық. Шыны керек, әйелімнің балалы болғанына жүрегім жарыла қуандым. «Енді сабасына түсіп, бар уақытын баласына арнайтын шығар» деп іштей қуанғам. Сөйткен Алманың шыдамы сегіз айға әрең жетті. «Жұмысқа шақырып жатыр» деген сылтаумен бала күтуші жалдап, баяғы әдетіне қайта басты.


Бір күні «бүгін Самалдың туған күні, мені күтпе» деп хабарласты. Дәл сол күні Ақтаудан үлкен апам келе жатқан. Астанаға емделмекші болған екен. «Алма, ешқайда бармайсың! Бір күн отырыстан қалсаң ештеңе етпес, апамды күтіп алайық» дегем. Кешке жұмыстан келсем туған күні болып жатқан құрбысын ертіп келіпті. «Ерзат, сен таза мамбет екенсің. Тек қыздармен болатын отырысқа әйеліңді жібермей не көрінді? Кішкене қазіргі заманға икемделсейші» деп ақыл айтып отыр. Ашуға булыққан күйі құрбысын үйден қуып шықтым.


Содан ұрыстың «көкесі» басталды. Әттең әйелім ғой, еркек болғанда бар ашуымды жұдырықпен алар едім. Бірақ анамның «әйел дегенді ұрмаңдар, бір рет қол көтерген адам әдеттеніп кетеді» деп айтқан сөзі санамда қалып қойыпты. Сыртта жүріп, шамалы сабырға келейін деп шығып кеткем. Қайтып келсем әйелім менің бүкіл киімімді жинап қойыпты. «Мен сендей адаммен бір күн де тұра алмаймын, Ақтауыңа кете бер» деп тұр. Намыстан өртеніп кете жаздадым. Баяғыда «әйелін төркініне апарып тастапты, әйелін қуып жіберіпті» дегенді естуші едім, бірақ күйеуін үйден қуу деген не деген сұмдық?! Еркек бола тұрып, оны да басымнан өткердім.


Содан ешқандай жүктерімді алмастан, бәрін тастап, ауылға кеттім. Үйдегілерге не бетімді айтамын, қатыным үйден қуып жіберді дейім бе? Амал жоқ, «сіздерді сағындым, жұмысым уақытша тоқтап қалды» деген сылтаумен бір ай жатып алдым. Сол аралықта Алма қайта-қайта қоңырау шалып, «сені сағындым, бұдан былай айтқаныңды екі етпеймін. Қыдыруымды да тоқтатамын, қайта келші» деп жалына бастады. Шынымды айтса өзім де қызымды қатты сағынып жүрген едім, амал жоқ Астанаға қайта бардым.


Өтірік болмасын, екі ай жақсы өмір сүрдік. Одан кейін баяғы әуеніне қайта басты. Керек кезінде жылап шақырып алады, керек емес кезінде үйден қуады. Қазір әйеліммен ұрысқан кезде ауылға баруға ұялып, сол ауданнан уақытша пәтер жалдап алатын болдым. Елге не бетіммен бармақпын?


Қыдырымпаз әйелімнің қылықтары қажытып жіберді. Кейде бәріне қолды бір сілтеп, ажырасып кеткім келеді. Бірақ өзімнен аумайтын қызымды қимаймын. Менсіз тамақ ішпей отырып алады, бірге ойнаймыз, бірге ұйықтаймыз. Күн өткен сайын қылығы шығып, өзіне магнитше тартып барады. Көзін жәутеңдетіп тастап кете алмай жүрмін. Не істесем болады?»