«Күйеуім некесіз туған баласы барын менен жасырып келіпті...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Өзім ана деген ең мейірімді адам деп түсінікпен өскенмін. Себебі өз анамның мейірімі шексіз еді, адам түгілі қорадағы малды да еркелетіп отыратын. Кісіге қылдай қиянаты жоқ жанның тәрбиесін алып, тәлімін көріп өскен соң мен де ұқсап бағуға тырыстым. Бірақ өмірде алдымнан кездескен адамдардың бәрі менің анамдай мейірімді бола бермейді екен», - дейді Дария есімді жас келін.
Тұрмысқа шыққанына жеті айдың жүзі болған келіншек дәл қазір қайда барарын, кімге мұң шағарын білмей отыр. Таяуда ішпен құлап, қатты соққы алып ауруханадан бір-ақ шығыпты. Ішіндегі екі айлық сәбиден айырылып қалған. Бұл жағдайға енесін кінәлап отыр. Оқиғаның қалай болғанын Дария ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Бойымды ашу-ыза кернеп тұр. Енемнің түрін көргім келмейді. Сонша адамның ішінен тап осындай ененің келіні болатындай не жазып едім деп өзімді жазғырып жатырмын. Енемнің қорлығы өтіп кетті. Не істесем де көңіліне жақпай-ақ қойдым.
...Ералханмен Астанадағы медициналық университетте таныстым. Екеуміз бір курста оқитынбыз. Бастапқыда қалай болар екен деп Ералханның ұсынысын қабылдамай біраз жүрдім. Екі жыл дегенде Ералханның ыңғайына көніп, қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Бес жыл жұбымыз жазылған жоқ. Бір-бірімізді жақсы танып, сезімімізге сенімді болған соң ғана үйленуге бел будық. Ералхан мені алып қашты. Әке-шешемнің қарсы боларын біліп, бұл нәрсені бәрінен жасырып қалдым. Ералхан үйленуге ұсыныс жасаған кезде уәдені үйіп-төгіп берген, «Ата-анамның алдынан өтіп, той-пойымызды өткізіп алған соң Астанаға қайтадан келеміз. Жұмысты осы жақта істейміз» деп сендірген. Сөйтсем мен оңбай алданыппын.
Ералханның отбасы бақуат тұрады екен. Ауылдың қақ ортасында екі қабатты зәулім үйлері бар екен. Бірақ анасы мен жеңгелері мені қатулы қабақпен қарсы алды. Нағыз қиындық бір айдан кейін басталды. Үйде төрт келін болсақ та (кейбірінің жасы менен кіші) мінезі қытымыр енем мені ғана таңғы алтыда тұруға мәжбүрлеп, ауланы сыпыртқызып, үйді жинатқызады. Үйдегі он бір адамға күні бойы бір өзім тамақ дайындаймын. Абысындардан қайыр жоқ, бәрі жұмыс істейді, таңертең сыланып шығып кетеді. Тамақ дайын болғанда топ етіп отыра қалады.
Енемнің күндесі де, қарсыласы да мен болдым. Күні бойы әр басқан қадамымды аңдып отырады. Сәл бос отырғанымды көрсе, бітті. «Не болды, қолың босап жетісіп қалдың ба? Ерігіп отырсаң мені жуындыр. Жасұланды ойнат, шайын бер, каша пісіріп бер» деп үйдегі бес жасар балан маған жегіп қояды.
Айтпақшы, осы Жасұлан деген баланың кімнің баласы екенін ұқпай-ақ қойдым. Жасы үште, тілі дұрыс шықпаған. «Бұл кімнің баласы?» деп Ералханнан қанша мәрте сұрасам да мардымды жауап ала алмадым. «Нең бар ол балада, тірлігіңді істеп жүре берсейші» дейді, болды. Бірақ күйеуім сол бала десе ішкен асын жерге қояды. Кей күндері сонымен ойнап, жанына қонып қалатын.
Басқа жас келіндерден еститінмін ғой, «енем екеуміз шай іштік, енем маған мынадай киім сыйлады, былай деп ақыл айтты» деп отыратын. Менің енеммен шай ішпек түгілі, жанына жақындауға қорқатынмын. Түсі суық, аузынан «айналайын» деген сөз шықпайтын адам. Мүгедек болса да, бойында күш-қайраты мол жан. Шындығында мен ол кісіден қатты қорқатынмын, бірақ білдірмедім. Тіпті «мама» деуге аузым бармай, «ене» деп атап кеттім.
Ералханның той болады, қарық боламыз деген уәдесі далада қалды. Ептеп-септеп беташар өткізді, болды. Кешірімге абысыным мен қайынағам барып, ата-анамның алдынан өтіп келді. Олар маған хабарласып, «өз таңдауың сол болса, мейлі. Әпкең мен жездең, сіңлің барып, сені көріп қайтады. Біз кейін, құдалықта барармыз» деді де, қойды. Ералханнан «тойымыз қашан болады» деп сұрап едім, оған да мардымды жауап ала алмадым. «Мен не айтамын, әке-шешем қай уақытта істеп береді, соған дейін күтеміз» деп тыйып тастады.
Шынымды айтсам, сонша алыс жерден Ералханға сеніп, танымайтын өлкеге, танымайтын адамдардың ортасына келе салғаныма қатты өкініп жүрдім. Мұңымды шағып, сырласып алатын таныс та жоқ. Абысындарымның тірлігі де, сөздері де басқаша. Өздеріне жақын тартып, қамқор болайын, үйретейін деп ойламайды да. Іштей қатты өкпелеп жүргенмін.
Бір күні әлгі Жасұлан деген бала далада ойнап жүріп, аяғын қайырып алыпты. Сыртта тұрған сатымен талға өрмелеп шықпақшы болыпты. Құлағанда аяғына зақым тиген. Соны көрген енем «Сен оңбаған балаға неге дұрыстап қарамайсың? Телефон сол баладан артық болды ма?» деп тосыннан таяғымен арқамнан ұрып қалғанда баспалдақта отырған жерімнен жерге домалап кеттім. Көзімді ашсам, ауруханада жатырмын. Құрсағымда 2 айлық бала болған екен. Аман алып қала алмапты.
Сол күні Ералхан ауруханаға кешірім сұрап, өзінің некесіз туған баласы барын, жазғы демалыста ол біздің үйге, яғни ата-әжесінің үйіне келетіндігін айтып берді. Оның осынша жылдан бері мені алдап, баласы туралы айтпақаны арқама аяздай батты. Оған деген сенімім де, сезімім де сөнгендей болды. «Баламыздың өліміне анаң кінәлі, сенің балаңның құлап қалғаны үшін мені ұрып, жерге домалап тұстім» деген сөзіме күйеуім сенген де жоқ. «Өзі арбаға таңылып отырып анам біреуді ұрады дегенге сенбеймін. Бұлай болуы мүмкін емес! Келгенімізге екі ай енді болды. Сен әлден анамнан шаршадың ба?» деп өзімді жазғыра бастады.
Бір жұмадан соң емханадан шығып, үйге оралдық. Енем мен Жасұлан жоқ, Шымкенттегі туыстарына қыдырып кетіп қалыпты. Ал мен ауруханадан енді шыққаныма қарамастан тірлікке қайта таңылдым. Араға тағы бір апта салып олар да үйге оралды. Үйге кіре салысымен маған тиісуді бастады.
«Немеремді сақтай алмадың?» деп онсыз да ашық тұрған жараның бетін тырнағандай болды. Мен де шыдамай «Оған сіз кінәлісіз! Мені ұрмағаныңызда балам түспес еді. Осы үйге келгелі мені адам құрлы көрмейсіз. Тек жұмсауды ғана білесіз! Қанша тырыссам да бір ісімді қолдамадыңыз. Тіпті Жасұлан туралы шындықты да менен жасырдыңыздар. Мен сіздермен енді бір үйде тұра алмаймын» деп шығып кеттім. Ералхан үйде жоқ еді. Ешкім «қал» деп айтпады.
Күйеуім алдады деп төркініме баруға да бетім жоқ. «Айттым саған» деп жазғырғандарын естігім келмейді. Қазір Қарағандыдағы курстас құрбымның пәтерінде тұрып жатырмын. Ералхан күнде хабарласады.
«Жасұлан көргенінің бәрін айтып берді. Анам сені шынымен ұрған екен. Сенбегенім үшін ұяттымын. Қайта қосылайық, Астанаға барып жұмыс істейік» деп қайтадан айналдырып жатыр. Бірақ оның хабарламаларына не жауап берерімді білмеймін. Оның сөздеріне сеніп, тағы бармақ тістеп қалмаймын ба? Әлде бәрін ұмытып, өз күшіммен жаңа өмір бастауым керек пе? Қазір екі оттың ортасында қалғандаймын».