​«Әйеліңнен қызғанамын»: жеңгесінің құрығына түскен жігіт қалай құтыларын білмей жүр

0
4 611

«Суреттерімізді көрсетіп бопсалайды»


​«Әйеліңнен қызғанамын»: жеңгесінің құрығына түскен жігіт қалай құтыларын білмей жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жігіттің басынан өткен жағдайды жарияға жар салғаны жөн емес екенін білемін. Ол біздің еркек атымызға сын. Бірақ, жанымды тырнап бара жатқан мына бір жайды айтып, көпшіліктің ақыл-таразысына салғым келіп отыр», - дейді Бейбіт (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді) есімді азамат.


ERNUR.KZ редакциясының "уатсап" нөміріне хабарласқан оқырман «тығырыққа тірелдім» деп, одан шығар жол іздеп жүргенін айтты.


«Мен бес жылдан бері жеңгеммен қойындас боп жүрмін. Бәрі де ойламаған жерден басталды. Көрші тұратын әрі рулас ағам осыдан бес жыл бұрын әйелімен ажырасып, жеңгеміз екі баласын өзімен әкетіп, біреуін ағамызға тастап, кетіп қалған. Көп ұзамай ағамыз менімен түйдей құрдас бір қызға үйленіп алды.


Сол жеңгем бір күні маған «светім өшіп қалды, ағаңа хабарласып едім, «Бейбітті шақыр, жөндеп береді» деп айтты. Көріп бере аласың ба?» деп өтініш айтты. Ағамыз вахталық әдіспен Атырауда жұмыс істейтін. «Он күннен кейін келеді, оған дейін жарықсыз қалай отырамын» деп қиылғасын жөндеп жатқан көлігімді тастай салып бардым.


Жеңге мен қайнының қалжыңын білесіздер, көмектесе жүріп мен де сол қазақы қалжыңға бастым. «Жап-жас, әп-әдемі болып «братанға» қалай қарадың и?» деп сұрадым әзіл-шыны аралас. Сөйткенше болған жоқ, құрдас-жеңгемнің жүзін мұң шалды. «Қалай, қайдан бұған тап болғанымды өзім де білмеймін, сыздап тұрған жарама тұз сеппеші» деп көзіне жас алды.


Расында да ағамыздың мінезі баршылық еді. Алдыңғы әйелі де сол мінезінен қашып құтылғанына қуанған шығар. Байғұстың әр тірлігінен мін іздеп, қит етсе жұдырық ала жүгіретін. Сол мінезін қазіргі жеңгемізге де тигізген екен. Екеуміз шай ішіп отырып әбден сырластық. Жылап қалған жеңгемді жұбатамын деп білегінен ұстап, оның соңы «басқа нәрсемен» тынды.


Содан бері ағам вахтаға кеткенде жеңгемнің үйіндегі судың краны бұзылып, шкафтың есігі жабылмай қалатын әдеп пайда болды. «Әмбебап шебер» деп ат қойып қойған өзі. Екі үйді бөліп тұрған жазғы асхананың жанына келіп, көзімен ымдап кетеді. Майысып тұрған құрдас—жеңгені айтқызбай түсініп, ебін тауып тірлікті тындырып жүрдім.


Менің көрші үйге қарай елеңдеп тұратынымды ата-анам сезді ме, «үйленесің» деп жағамнан жармасып, өздерінің араласатын достарының қызына қосып қойды. «Бәрі бітті, енді маған көзіңді сүзбе» деп жеңгеммен қоштасып, өзімнен әлдеқайда жас, кіші қызбен бас қостым. Сөйтіп арамыз алты айдай үзіліп қалды. Істеп жүрген тірлігімнің дұрыс еместігін түсініп, үйленгеніме бір қуанып, жеңгемнен абырой барда құтылғаныма екі қуанып жүргенде тағы да «тұзағына» түсіп қалдым.


Ағам вхтадан қайтып келе жатып қан қысымы көтеріліп, қаладағы ауруханалардың біріне түскен екен. Екі кеште құрдас-жеңге үйге келіп, ата-анамнан «Бейбіт мені қалаға апарып келсінші, осындай жағдай бопты» деп сұрап алды. Барғанша жап-жақсы отырдық, көп сөйлеспедік. Бірақ жеңгем ағамның алдында ұзақтау отырып, ауылға оннан өте шықтық. Жолда жеңгем «сені сағынып жүрмін» деді. Сөйтіп саныма қолын қойып еді, баяғы тәтті күндер, жеңгеге деген сағыныш ерітіп әкетті. «Бітті» дегеніміз бекер екен, бәрі қайтадан басталды.


«Кетейікші, басқа жаққа қашайықшы» деп жылады жеңгем. Бақытсыз екенін, ағамды сүймейтінін, араларында жұбайлық жылылық жоқ екенін айтты.

«Сенің әйеліңнің бағы бар екен.Екеуіңді шолакаблоктың тесігінен қарап отырам, ауыр көтертпейсің, су шашысып ойнайсыңдар» деп қызығатынын, кейде қызғанатынын айтып қалды. Содан бері арамыз ажыраған жоқ. Бір-бірімізді көрмесек көңіліміз аласұратын күйге жеттік.


Оның екі қызы, ал менің бір ұлым бар. «Сенің балаңның анасы мен болуым керек еді. Әйеліңнен сені өлердей қызғанамын. Сүймеген адамыңнан бала тауып, сүйген адамың әлдебіреумен көрші үйде бақытты өмір сүріп жатқанын ойлағанда махаббатсыз туған екі қызымды ұрып тастаймын» дегенде одан шындап қорқайын дедім. Сөйтіп ара-қатынасымызды тоқтату керек деген шешімге келдім. Бірақ оған құрдас-жеңге көнер емес. Екеуміздің қалада қыдырған, кафеде құшақтасып түскен суреттерімізді өзіне сақтап, жинақтап жүріпті. «Менен бас тартсаң осының бәрін әке-шешеңе, әйеліңе көрсетем. Менің жоғалтар түгім жоқ, онсыз да тірі өлікпін» деп қорқытып-үркітіп отыр.


Екі күннің бірінде бірдеңені сылтауратып шақырады да тұрады. Бармай қалсам көзімен суретті көрсететінін айтып ымдайды. Бұрын ынтығып, қуанып барушы едім, енді басыма мылтық тақап апарғандай, жеңгемнің үйіне әрең барам. Баяғы сезім, жеңгемнің от құшағы, ештеңе қызық емес. Енді бұдан қайтіп құтылсам болады? Жай сөзге көнбейді, айтқанды түсінбей отыр, ештеңеден тайынбайиын сияқты...»