​«Айфон үшін абақтыға қамалды»: алматылық ана баласының жазықсыз екенін айтады

0
1 281

«Қиын күнде баламның достары ат-тондарын ала қашты»


​«Айфон үшін абақтыға қамалды»: алматылық ана баласының жазықсыз екенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ешкімнің ала жібін аттамай, мейлінше жұртқа пайдаңды тигізіп жүрсең де өмірде қиындықтан көз ашпай өтетін жандар болады. Мен солардың бірімін-ау. Себебі жиі сыналам. Енді еңсемді көтеріп, етек-жеңімді жиып, қиын күндер артта қалды ма деп отырғанда басыма тағы бір бұлт үйірілді», дейді Нәзима есімді оқырман.


Екі ұл, бір қызын жалғыз жетілдірген ана басынан өткен тағдырын ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай жайып салды.


«Өмір бойы ұстаздық қызметте болдым. Екі жылдан бері зейнеткерлікке шығып, үйде немере бағып отырмын. Өткен өміріме көз жүгіртсем, біреуді ренжітетіндей, көңілін қалдырып, наласына ұрынарлықтай іс қылмаппын. Тек анда-санда «күйеуімді тастап обал жасамадым ба осы» деп ойланып қоям. Бірақ тастап кетуімнің де өз себебі бар ғой, жақсы еркектен әйел кетуші ме еді...


Үш баламды алып, ауылдан қалаға келгенімде отыздан енді ғана асқан келіншек едім. Күн құрғатпай арақ ішіп, бәрімізді тым-тырақай қуатын күйеуімнен дұрыс тәрбие берілмейтінін біліп, балаларымды одан аулақ ұстағаным жөн деп шештім. Бірақ бұл шешімге келгенше 8 жыл арпалыстым. Ішеді, ұрады, өкпелеп төркініме кетем. Бірақ артымнан кешірім сұрап, өлердегі сөзін айтып әкеп алады. Сөйтіп жүргенде бір баланың саны үшеуге жетті. Ақырында күйеуім түзелмейтінін мойындады. «Арақ ішпесем тұра алмаймын, қойып, адам болар ниетім жоқ» деп ашық айтты. Содан біз қалаға көшіп кеттік.


Балаларымды қайтсем аяққа тұрғызам деп жан аямай еңбек еттім. Демалыс күндері байлардың үйін жинауға барушы едім, есік алдындағы дүкенге бәліш пісіріп өткіздім. Еңбек демалысына шыққанда базарда сауда істедім. Әйтеуір тамақ пен киімнен таршылық көрмеудің амалын жасап бақтым. Басында пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрдік. Кейін төркінім көптеп-көмектеп өзімнің жинағанымды қосып, қаланың орталық көшелерінен ескі, құлауға шақ қалған орыс шалдың жер үйін сатып алдық.


Менің бар уайымым екі баламның тәрбиесі болды. Қан деген жібермейді ғой, әкелеріне тартып, ішімдікке, жаман әдеттерге үйір боп кетпес пе екен, ел-жұртқа күлкі боп қалмайын деп қатты уайымдадым. Бірақ олар мықты екен, екеуі екі жағымнан шығысып, ауырымды жеңілдетіп, өз күштерімен оқуға түсті. Жақсы азамат боп өсті.


Қызды ұзаттым. Екі ұлды үйлендірдім. Аллаға шүкір, тәп-тәтті бес немеренің әжесімін. Үлкен ұлым кәсіпке кетті, өзіне қолайлысы сол болды. Ал екінші ұл мемлекеттік қызметті таңдады. Өзі пысық, қарап жүрмей бірдеңеден бірдеңе ойластырып, ұйымдастырып, жоқтан бар жасауға тырысып жүретін елгезек. Сонысы басшыларына ұнаған болу керек, айналдырған 4-5 жылда қызметі көтеріліп, бір мекемеге бастық болды.


Тапқан табысына ескі үйді бұзып, жаңасын тұрғызды. Мені Меккеге апарып келді. Балаларын жақсы мектепке оқуға берді, әйеліне көлік мінгізді. Ондайда таныс та, туыс та көбейіп кетеді екен. Баламды іздеп келетіндер жиіледі. Күнара қонаққа баратын болдық. «Жасұланның анасы» деп әспеттеп төрге шығарып, жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Менің орнымда басқа біреу болса алдамшы қошеметке мастанып, асып-тасып кетер ме еді. Бірақ мен жоқшылықты көріп өскен адаммын, жалғыздықтың азабын бір кісідей таттым. Сондықтан мейлінше сабырлы болуға, сыр алдырмауға тырстым.


Бірақ ұлдың мінезі өзгеріп кетті. Кімнің дос, кімнің қас екенін айыра алмай, өзін мақтаған жігіттердің лепірме сөзіне еріп, ұшқалақ боп кетті. Үй бетін көрмейді, күнде қыдыру, күнде жиын. Әйел, бала-шағасына уақыты жоқ. Талай рет оңаша шақырып алып, «Балам, ақырын жүріп, анық бас. Мына жүргендердің бәрі бас пайдасы үшін дос боп жүр. Сенгішсің ғой, сыр алдырып қойма. Ашықауызданып орындай алмайтын уәде беріп қойма. Шамаңа қарап тірлік қыл» деп айттым.


Ақыры бір күні төбемізден жай түскендей жағдай орын алды. «Қызмет бабын асыра пайдаланды» деген баппен үстінен іс қозғалып, қолына кісен салынды. Оны жанында жүрген әріптес-досы ұстап беріпті. "Туған күніңе сыйлығым деп "айфон" әкеп берген екен. Кейін сонысы пара ретінде есепке алынып, іске тіркелді. Сол жағдайда кезінде баламның қолтығына су бүркіген жағдайы жақсы достарының бірін де таппай қалдық. Алдын бізді қонаққа шақырып, мақтауымызды асырған достарының алдына өзім бардым. «Баламның жазығы жоқ қой, болған істе өздерің айтып беріңдерші» деп жалындым. «Қолымыздан ештеңе келмейді, аралассақ бәлеге қаламыз» деп ат-тондарын ала қашты.


Жиған-терген дүние-мүліктен түгел айырылдық. Сотталды. Сот үкімін оқығанда баламның пора-порасы шығып жылады, өкінгені түрінен көрініп тұрды. Бәлкім сатып кеткен «достарына» ренжіген де шығар. Оны көріп менің де көкірегім қарс айырылды. Ұлымнан айырған мұндай қызметі де, дүниесі де құрысын деп сот залында айқай салдым.


Осындай кезде маған баяғы, жоқшылық заманда әріптес болған, көрші тұрған, жақсы сыйласқан жандар демеу болды. Адамға «қалайсың, бізден не көмек керек, бәрі жақсы болады» деген бір ауыз сөздің өзі қолдау, күш беретінін осы кезде сезіндім.


Қазір балам босап шыққан. Қиын күндер артта қалды. Бірақ оның ашық-жарқын мінезі абақтыда қалып кеткендей. Тұйық, ашылып сөйлеспейді, баяғы елпілдеген Жасұланнан жұрнақ та қалмаған. Қазір ағасының жанында кәсіппен айналысып жүр. Адамдармен таңдап араласатын болды. Ең бастысы жанымызға оралғаны, дүниесі табылар...»