​«Әкемнен мұндайды күтпеп едім»: алматылық бойжеткен анасынан жасырған құпиясын бөлісті

0
3 397

«Еркектің бәрі менің әкемдей болса, онда тұрмысқа шығудың қажеті жоқ»


​«Әкемнен мұндайды күтпеп едім»: алматылық бойжеткен анасынан жасырған құпиясын бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Егер жұбайлық өмір дәл әкем мен анамның қарым-қатынасындай, өтірік мақтауға, құпия-сырға, жасырын жүріске толы болса, онда мен тұрмысқа шықпай-ақ қойдым. Өмірімдегі ең маңызды еркек – мен кіршіксіз сеніп, азаматтықтың үлгісі санап жүрген адам анамның көзіне шөп салып, бірнеше жылдан бері басқа біреумен жүреді екен. Бұдан кейін менде еркекке деген сенім өлді», - дейді Мерей (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) есімді бойжеткен.


Мерей анасына айта алмаған құпиясын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді. Алматыдағы университеттердің бірін тәмамдап, әкесі басқаратын жұмысқа кірген екен. Енді сол ісі үшін өкінетінін айтты.


«Үйдің екіншісімін, менен үлкен ағам бар. Үйленген, бір баласы бар. Ал өзім Алматыға оқуға барып, шығарамышылық саласы бойынша үздік бітіріп шықтым. Нақты қандай мамандық екенін айтпай-ақ қояйын, құпия боп қала берсін. Бұл оқуды да маған папам таңдап берген. «Болашақта осы салаға сұраныс артады, менің бизнесімді ағаң екеуің ары қарай дамытасыңдар, бізге керек мамандық» деп қоймай, өзі апарып түсірген. Бірақ одан жаман болған жоқпын, көптеген дос таптым, білімімді арттырдым, мамандығым өзіме ұнайды.


Дегенмен, әңгіме менің мамандығым жөнінде емес. Оқуды бітірген соң папам «Үйге кел, екеуміз бірге жұмыс істейміз. Менің идеяларымды бірге жүзеге асырамыз» деп өзінің жанына шақырып алды. Біз үшін папаның айтқаны баяғыдан заң болатын, ол кісінің бұйрығы екі қайталанбайды. Сол себепті қанша жерден Алматыда қалғым келсе де, папамның көңілі үшін туған қалама келдім.


Көп ұзамай папам мені біздің офиске ертіп апарып, ұжыммен таныстырып, маған жеке кабинет бергізді. Папамның қарамағында 20-30 адам бар. Жасы да, кәрісі де бар үлкен ұжымда белсене, білек сыбана жұмысты бастап кеттім.


Командамда өзім сияқты екі қыз, екі жігіт бар. Таңнан кешке дейін түсірілімде жүреміз, келген соң түсірген дүниені монтаждап, алатынын алып, қосатынын қосып дегендей, кейде түн ауғанша кеңседе отырып қаламыз. Ондайда папам «мен кете беремін, болғанда айтсаң, ағаң келіп, өзі алып кетеді» деп ескертіп, үйге қайтып кететін.


Бір күні бірден үш ролик түсіріп, командамен бірге кабинеттен шықпай жұмыс істеп қалдық. Кеңседен бізден басқа ешкім жоқ. Қасымдағы қыз-жігіттер шаршап, жұмыс алға қарай жылжымай қалған соң оларды қайтарып жібердім. Өзім ағамның келуін күтіп, кабинетте кофе ішіп отыра бердім. Бір кезде дәліздің арғы басынан есіктің сықырлай ашылып, ішке екі адамның күбір-күбір сөйлеп кіргенін естідім. Түн жарымда бұлар кімдер деп, өзімше бастықтың қызы болғасын тексеріп көрейін деп дәлізге шықтым. Қай есікке кіргенін білмей, ақырын тыңдап тұрғанда папамның кабинетінен әлдекімдер сөйлегендей болды.


Есікті ашып, кіріп бардым. Сөйтсем әкем қасында есепші апай бар, ыңғайсыз жағдайда тұр екен. Шок болып, аяғымды қозғалта алмай, қатып қалдым. Папам мені кіріп келеді деп күтпесе керек, жұмыста ешкім қалмады деп ойлаған ғой. «Сен неғып жүрсің» деп маған ентелеп келе жатыр еді, бойымды дереу жинақтап, сыртқа жүгіріп шықтым.


Тура сол сәтте ағам да келіп қалды. Ол менің дірілдеп, сұп-сұр боп кеткен түрімді көріп, шршып кетті. Жол-жөнекей көргенімді ағама айтып бердім. «Енді не істейміз, мамама обал емес пе, қалай ғана көзіне шөп салып жүр» деп ағамнан қолдау күтіп, өзімше ақылдаспақ болғам ғой. Сөйтсем ол менің көргенімді жайбарақат, сабырмен тыңдап. «Көріпсің, енді соны міндетті түрде мамамызға айтып, шу шығару керек пе? Бізге оның не керегі бар? Мерей, есіңде болсын, любой еркек жүреді. Жүрмейтіні жердің астында. Мен мұны бұрыннан білем. Гүлнұр екеуін копоративтен кейін талай рет олардың пәтеріне апарып тастағам. Қайтем енді, жас бала емеспін ғой ерегісіп, папама қарсы шығып, берекені қашыратын. Уақыты келгенде өзі-ақ қояды. Ең бастысы, ол мамамды тастап кеткен жоқ. Бар жағдайын жасап отыр...» деп маған ақыл айтып шықты.


Ертеңіне таңғы асқа отырмадым. Папамның бетіне қарағым келмеді. Әдетте жұмысқа бірге баратынбыз. «Бүгін ауырып тұрмын» деп мамамнан сәлемдеме айтып, жұмысқа да бармадым. Зауқым соқпады. Ұялмай-қызармай мамамды алдап, сыртынан жасырын жүріс жасап жүргеніне жыным келді.


Ең сорақысы, ол үйде отырғанда «Менің әйелден жолым болды, сендерге осындай ананы адаспай тапқан мен бақыттымын», «Сен болмасаң менің күнім не болар еді?» деп анама үздіге қарап, еркелетіп, алақанына салып аялап отыратын. Ол екеуінің махаббатына қарап, мен де қиялдап, «болашақта маған әкем сияқты жігіт кездессін» деп тілеуші едім...


Папам менен кешірім сұрады. «Бір сәттік қателік болды» деп ақталды. Бірақ ағам оған дейін олардың кездесіп жүргенін, білетінін айтып қойды ғой. «Неге бұлай?» деп тергемедім, сөйлескім келмеді. «Мен бұл жерде жұмыс істей алмаймын, Алматыға кетем» дедім. Папам үндемеді, бәлкім менімен бір кеңседе жұмыс істеу оған да оңай емес шығар, келісімін берді.


Қазір Алматыдамын. Бірақ мамамды ойласам жүрегім ауырады. Ата-енесін әлпештеп бағып, папамның ақшасы жоқ болып, банкротқа ұшырап, тіпті өздері тұрған екі бөлмелі пәтерден айырылып қалып, далада қаңғып қалған кезінде қолдау білдіріп, бала-шағаның тәрбиесі үшін өз мамандығын, өмірін арнаған аяулы жанға осылай қиянат жасауға бола ма? Енді оның еркектік қасиетінен не қалды? Мамама «сізді алдап жүр» деп айтқым келеді, бірақ ол менің сөзіме сенбейтін шығар. Бір сыбысын білдірмейген ғой, папам ол үшін ең адал, таза адам, әр сөзінде айтып отырады.


Егер ағам айтқандай, еркектің бәрі әйеліне білдірмей жүретін болса, онда алдамшы некенің не керегі бар? Күйеуге тимей, алданбай, өз рахатыңа өмір сүрген жақсы емес пе?..»