​«Альфонс боп тапқан ақшасымен асырапты»: алматылық келіншек күйеуінен көңілі қалғанын айтады

0
3 842

«Бастығымның әпкесі мені бопсалап көндірді» деп ақталды»


​«Альфонс боп тапқан ақшасымен асырапты»: алматылық келіншек күйеуінен көңілі қалғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күйеуімнің айлығы жақсы, табыскер деп жүрсем... Ол бізді, баламыз екеумізді арам ақшамен асырап отыр екен. Естігенде, артынан аңдып жүріп арамдығын әшкерелегенде жек көріп кеттім. Бірақ ажырасып кетуге батылым жетпей жүр», - дейді Гүлмира есімді келіншек.

Оқырманымыз осы уаққа дейін күйеуінің альфонс екенін білмепті. Отбасындағы оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Жолдасым менен алты жасқа үлкен. Отау құрып, бір шаңырақтың түтінін түтетіп келе жатқанымызға он жылдай боп қалды. Бірақ осы он жылда не көрмедім мен. Бұдан гөрі ішкені, ұрып-соққаны дұрыс еді. Бетіңе күліп, сыртыңнан тіліп жүргені жанымды жеп барады.


Күйеуіммен Алматыдан Шымкентке қарай жүретін автобустың ішінде таныстық. Қатар отырып қалған екенбіз, жол қысқарсын деп әңгімелестік. Жолда бірге тамақтандық. Сыпайы, оқыған, білімді жігіт екені бірден байқалды. Маған көрсеткен құрметі де ерекше болды. Барғанша қамқорлығын көрсетіп, қоштасарда нөмірімді алып, таныстығымызды ары қарай жалғастырғысы келетінін айтты.


Екі аптадан кейін Алматыда қайта кездестік. Мен ол кезде төртінші курстың студентімін, ал ол бір мекемеде қызметкер екен. Жарты жылдай дос боп араластық. Арамызда сыр жоқтай сезілетін, себебі ол бұрын қандай қыздармен жүргенін, отбасылық жағдайын, бәрін айтып отыра беретін. «Маған мамам үйлен деп қоймай жатыр» деп әр кездескенде айтып отыратын.


Бір күні киноға барып, қайтарда оның үйіне бардық. Сол түнді бірге өткізіп, ақыр соңында үйленуге мәжбүр болдық. Менің аяғымның ауырлап қалғанын білгенде қызарақтап, айтарға сөз таппай біраз тосылып қалды да, «болды, үйленеміз» деп шешім қабылдады. Екі айдан кейін Шымкентте некемізді қидырып, беташарымызды өткізіп, Алматыға келдік.


Күйеуімнің көзіме шөп салып жүргенін балам екі жасқа толғанда бір-ақ білдім. Күндіз-түні қолынан телефонын тастамайтын, бір күні Құдай жарылқап үйде қалдырып кетіпті. Баланы бақшаға апаруға асығып шығып кеткен. Ол келем дегенше ішін ақтарып, бір әйелдің хатын оқып үлгердім. «Дорогой, в 13-00, на том же месте» деп жазған екен. Оқығанымды білдірмей, түске дейін жұмысының алдында қарауылдап тосып тұрдым. Шырттай боп шыққан күйеуім жұмысының жанындағы қонақүйге зып беріп кіріп кетті. Артынан ілесіп, іздеп барсам... Жасы елуге таяп қалған бір әйелмен... «Дура, зачем пришла» деп әлгі әйел маған ыржалақтап күлсін. Ызаға булығып бөлмеден шығып кеттім. Күйеуім кешірім сұрап артымнан жүгіріп келетін шығар деп күткем. Ол дым болмағандай жұмысын бітіріп, кешке бір-ақ келді.


Үйге келіп алғаннан кейін көрген көрінісім көз алдымнан кетпей, әбден жыладым, ажырасамын деп шештім. Бірақ кешке жұмыстан келген күйеуім «Гүлмира, ол әйелді мен саған дейін танығанмын. Бастығымның әпкесі, негізі фирма осы кісінікі. «Анда-санда менің қалауымды орындап тұрсаң ештеңеден таршылық көрмейсің» деп уысына түсірген. «Үйлендім, енді болмайды» деп айтсам да мені бопсалап, еркімнен тыс кездесіп жүрмін. Бүгін бәрі бітті, енді онымен кездеспеймін. Бір жолға кешір» деп райымнан қайтарды.


Сол күннен бастап баламыз екеуміз үшін ештеңеден аянбайтын болған. Уақытының көбін бізбен өткізеді, кешке үйге уақтылы келеді. Артық қылығын байқамадым. «Ақылы кірген шығар» деп баяғы өкпем ұмытылып, мамыражай қалыпқа түскем. Сөйтсем бұл оңбаған бәрін маған білдірмей тындырып жүреді екен.


Күйеуіммен бірге істейтін жігітті бір күні базарда кездестіріп қалдым. «Сенің күйеуің альфонс қой, бай әйелдердің ермегі боп ақша табады. Сені оған қимаймын, жап-жассың, періштесің» деп айтып қалды. Кірерге тесік таппай, жауап беретін сөз таппай үйге әрең жеттім. Түнде, ол ұйықтап қалғанда телефонын ақтарып көрсем, расында да бір емес, бірнеше әйелмен сөйлесіп, ара-тұра кездесіп жүргенін білдім.

Осы жағдайдан кейін оған деген сыйластық, құрмет деген жоқ болды. «Қойдым, бітті» деп екі мәрте ант-су ішкен. Біраз уақыттан кейін қайта бастайды. «Саған не жетпейді?» деп сұрасам, «сендерді асырауға ақшам жетпейді, маған ақша керек» деп лағып кетеді. Қанша рет ұрсысып, бет жыртысып бір-бірімізден 6 айдай бөлек тұрған кезіміз де болды. Бірақ менің осы уақытқа дейін онымен ат құйрығын кесісіп ажырасып кетуге батылым жетпей ме, білмеймін. «Еркек дегенде ес жоқ, итті көрсе иеді» деп бекер айтпаған. Сабырлы бол, ошағыңның отын сөндірме» деп мамам басу айтып, жұбатып, кер қайтарады.


Не істерімді білмей отырмын. Күйеуім баласы десе жанын беруге әзір. Ол да әкесі болмса мазасызданып, ұйықтай алмай қалады. Ажырассам балам қиналып қала ма деп қорқам. Ал көніп жүре беруге намысым жіберер емес. Бұндайда не істеген дұрыс, ақыл-кеңестеріңіз керек...»