«Алқамды ұрладың деп жала жапты»: тараздық бойжеткен жеңгемен ара қатынас қалай бұзылатынын айтып берді

0
753

«Онысын туған қайнысы картаға тігіп жіберген екен»


«Алқамды ұрладың деп жала жапты»: тараздық бойжеткен жеңгемен ара қатынас қалай бұзылатынын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қалған көңіл- шыққан жанмен тең». Сынған ыдысты қайта қалпына келтіре алмайтының сияқты, адамдар арасындағы өкпе-реніш, ауыз сөздер қарым-қатынасты бұрынғыдай ете алмайды екен. Олай дейтінім, жақында жеңгем тамаққа шақырып, арамызда болған бір іс үшін кешірім сұрады. Кешірдім дегеннің өзінде өткен күннің бір сызаты жүректе қалады екен», - дейді Мадина есімді бойжеткен.


Университеттің екінші курсына өткен қыз көрші жеңгесімен болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жас болсам да өз қатарластырымнан әлдеқайда ересекпін. Себебі үйдің үлкенімін, өзімнен кейін төрт сіңлім бар. Анама, бауырларыма қамқор болу үшін ерте есейдім. Сегізіншіні бітірген жылы ауылдағы тойхананың біріне даяшы боп орналасып, ақша табатынмын. Себебі біздің тұрмысымыз басқаларға қарағанда төмендеу. Әкем ішімдікке құмар. Тастап кететін ен байлығы бар сияқты, «маған мұрагер туып бермедің» деп мамамыздың миын жей береді. Онысымен қоймай көшедегі арақ сататын дүкендердің бәрінен қарызға ішіп, әбден жексұрын боп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, ауылда біздің авторитетіміз жоқ.


Кішкентай кезімде ондайларды елемеуші едім, жоғары сыныпқа өткелі басқалардың маған мүсіркей, кейбірінің тіпті менсінбей қарайтынын байқадым. Менімен қыздардың бәрі дерлік араласпайтын. Бірақ мен бар ынтамды білімге салып, сабақты жақсы оқыдым. Қайтсем де білім алып, жақсы қызметке тұрып, анамды, бауырларымды мына жоқшылықтан құтқарам деген мақсат болды.


Мектеп бітіру кешіне сыныптастардың бәрі жыл бойы дайындалды. «Шашымды бүйтем, көйлекті сөйтем...» деп сөйлегенде басым төмен салбырап кететін. Себебі менің ондай думанға жарататын ақшам жоқ. Әкемнің түрі анау, жалғыз мамамды шырылдатып қоюға намысым жібермейді. Сол себепті «ақша жинаймыз» деген әңгіме қозғалғанда «мен қатыспаймын, мектепті бітіре сала қалаға кетем» деп өтірік айттым.


Елдің бәрі наурыз мерекесін тойлап жатқан тұста көрші үйдегі ағайын ағамыз Астанадан келіншек әкелді. Үріп ауызға салғандай, сүйкімді жеңгемен әңгімеміз жарасып кетті. Сырласатын адамым жоқ еді, енді қолым қалт еткенде көрші жеңгеге барып тұратын болдым. Құрбы тапқандай қуанғаным әлі есімде. Ол да менен мектебім, болашақ мамандығым, мектеп бітіру кеші жайлы сұрақтар қойып, көп сырласатынбыз. Ашықауыз басым «Мектеп бітіру кешіне баратын жағдайым жоқ, қатыспаймын» деп екі-үш ай бұрын айтып қойғам.


Бірақ бітіру кеші жақындаған тұста мамам сіңлісінің қызының көйлегі мен туфлиін сұрап әкеп берді. Менен бір жыл бұрын мектеп бітірген бөлемнің көйлегі маған құйыла кетті. «Өміріңде бір-ақ рет болатын бешіріңе неге қатыспайды екенсің?! Барасың, міне, отырыстың ақшасы...» деп мамам қолыма он мың теңгені ұстатты. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз, жүзім бал-бұл жайнап, бөлемнің көйлегін қайта-қайта киіп көріп, күн санап кеттім.


Ертеңіне шыдай алмай көрші жеңгеме бардым. «Мен мектеп бітіру кешіне қатысатын болдым, ақша да, көйлек те табылды. Құдай бұйыртам десе бір-ақ сәтте екен ғой» деп қуанышымды бөлісіп отырғам. Бірақ жеңгемнің жүзі сынық, қабағы қатулы. Әңгімемді тыңдап болған соң «Соның бәріне ақшаны қайдан алдың?!» деп сұрады. Сөйтсем, жеңгемнің тойына түскен алқасы жоғалыпты. Шешіп, бөлмесіне қойып, моншаға кіріп кеткен екен. Қайтып шықса жоқ болған. Үйіне жиі баратын бөтен адам мен болғасын күмәнданып тұрған түрі ғой.


«Алқаны сатып, бітіру кешіне көйлек алмадың ба? Әйтпесе аяқ астынан көйлек те, ақша да қайдан табыла кетті?» деп жеңгем мені тергеуге алды. Одан бұндайды күтпегем, ызам келіп, тамағыма ащы өксік тығылып, үйінен шығып кеттім. Есіктен аттарда «жақсылап іздеп көріңіз, мен алған жоқпын» деп көзіне тіке қарадым да, кетіп қалдым.


Бітіру кешін ойдағыдай өткіздім де, қалаға, нағашы әпкемнің қолына кетіп қалдым. Өзім қалаған оқуға құжат тапсырып, жоғалы балл жинап, студент атандым. Ауылға айына бір барам, қалған уақытта қаладағы дәмханалардың бірінде даяшы боп жұмыс істеймін. Айтпақшы, астаналық жеңгеміз бен ағамыз да мен кете сала еншілерін алып, қалаға көшіп кеткен. Сол бойы кездеспедік.


Өткенде жұмыста отырсам кафеге сол ағамыз бен жеңгеміз тағы бір-екі досымен тамақтануға келіпті. Басқа ешкім бос емес, амалсыз заказ қабылдауға алдарына бардым. Ағам мен жеңгем мені көріп, елпілдеп қалды. Жағдайымды сұрап, сабағымды сұрап, қас-қабағымды бағып қояды. Артық-ауыс әңгіме айтпай, сұрағандарын жеткізіп бердім де, үндемей кетіп қалдым.


Арада екі сағаттай уақыт өтті-ау, жеңгем жаныма келіп, телефон нөмірімді сұрап алды. «Саған ертең хабарлассам бола ма» деп. Ертеңіне телефон соғып, үйіне шақырды. Не айтар екен деп барсам, менен кешірім сұрамақшы екен.

«Алтын алқамды қайным алып, картаға тігіп жіберіпті. Білген кезде үйде үлкен дау туды. Енем «көршілерге қайныңның бұл тірлігін айтпа, масқара боламыз» дегесін үндемей қоя салдым. Оның үстіне сенің мамаң білсе, маған ренжіп қалар еді. Өзіңді тауып, кешірім сұрағым келіп жүр еді, Құдайдың кездестіргенін қарамайсың ба? Менен бір қателік кетті, кешірші» деді.


«Иә, біз кедейміз, бірақ намысымыз дүние мен байлықтан жоғары. Ұрлық жасау деген қанымызда жоқ қасиет. Тіпті алқаш әкемнің өзі арақты өз ақшасына алып ішеді, жоқ болса, қарызға жаздырып ішеді. Ал сіздің сол кездегі жапқан жалаңыз сізге деген менің аппақ, тап-таза ниетімді лайлап тастады. Кешірмегенде қайта барам, кешірдім. Бірақ енді бұрынғыдай жеңге мен қайынсіңлі боп сырласа алар ма екенбіз...» деп қоштастым».