«Анам әкемнің, әпкем баласының өліміне мені кінәлайды» - шымкенттік жігіт өкінішін айтты

0
1 959

Ол жақсылық жасағысы келген екен. Бірақ жақсылықтың бәрі жақсылық боп қайта бермейтіні өкінішті.


«Анам әкемнің, әпкем баласының өліміне мені кінәлайды» - шымкенттік жігіт өкінішін айтты

Ең жаман нәрсе не? Қанат «Жасаған жақсылығың үшін кінәлі болудан артық жаман нәрсе жоқ» дейді. Оны анасы қайтпас сапарға аттанғанша әкесінің өліміне кінәлап өтсе, енді анасындай болған әпкесі «Ұлымды сен өлтірдің» деп айыптап жүр екен.

Бұл туралы Қанат «ERNUR.KZ» тілшісіне кеңінен тарқатып айтып берді.


Ол былай дейді:

«Менің үш әпкем бар. Отбасында жалғыз ұлмын. Әкем 40-тан асқанда жүрек дертінен қайтыс болды. Оған дейін 15 жылдай арақ ішті. Әкем ішіп келген сайын анама қол көтеретін. Анама жаным ашып, көмектескім келетін. Бірақ ол кезде жас болдым. Кейін жоғары сыныпта оқып жүргенімде әкемді емдетудің жолдарын іздей бастадым.

Көпшіліктен Шымкентте арақ қойдыратын бір тәуіп апа туралы естіп, әкеме айтқанымда бармай қойды. Сондықтан да мен әкемнің суретін апарып, 40 күндей сырттай дем салдырдым. Бірақ адамның өзінде арақты қоюға деген ниет болмаса бәрі бекер екен. Әкем бәрібір арағын қоймады.

Бірде қатты ауырып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер бауыр циррозына шалдыққанын айтып, алкогольді ішуге тыйым салды. Бауырдың жұмысын жақсартатын дәрі-дәрмекпен қоса, емдік диета да жазып берді.

Дәрігер сол күні анама әкемнің жүрегінде де дерт бар екенін, уақытты созбай емделу қажеттігін ескертіп еді. Алайда әкем екі аптадай дәрігердің кеңесін орындап жүрді де, кейін қайтадан бөтелкеге жармасты.

Күн құрғатпай ішкен әкем бір айдан соң жүрек тұсының шаншып ауырып жатқанын айтып шағымданып жатып қалды. Тамақ ішпей қойды. Сандырақтап, өзімен өзі сөйлесетінді шығарды. Көзіне о дүниелік боп кеткен достарының көрінгенін айтып қорқытатын болды. Бірер аптадан кейін таңертең оянбай қалды.

Әншейінде күнде өлім тілеп отыратын анам шашын жұлып жылады. «Әр молдаға суретін апарып оқытып, ақыры өлтірдің» деп, мені кінәлады. «Жаман болсаң да аман боп ортамызда тағы біраз жүрсең болмас па еді...» деп жоқтаған анамның зарлы дауысы сай-сүйегімді сырқыратты. Небәрі 17 жастағы жігіт емеспін бе, анамның айыптауынан соң мен шынымен де өзімді кінәлі санап, әкем есіме түскен сайын жылап алатынмын», - деген Қанаттың көзі жасаурап кетті.


Анасы әкесінің өліміне кінәлай берген соң Қанат әскерге кетіп қалыпты. Бұл уақытта Қанаттың әпкелері тұрмысқа шыққан. Балалары бірінен соң бірі өмірге келіп жатты.

Әскери борышын аяқтауға жақын қалғанда анасының қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетеді.


«Алдағы күнді Алла ғана біледі» деген сөз рас екен. Әйтпесе мен әскерден барған соң үйленіп, анамның қолын ұзартамын деп армандайтынмын. Анамның немерелер ортасында отырғанын көз алдыма елестетінмін. Анамды Меккеге алып барамын деп те өмірлік жоспарыма жазып қойған болатынмын. Алайда өкінішке орай, бұл арманым орындалмады.

Әскери борышымды өтеп, ауылға қайттым. Жол бойы қара шаңырақ қаңырап бос тұрған болар, қараусыз тозып кеткен шығар деп ойлап келем. Бірақ қақпадан кіргенде үйде тіршілік бар екенін байқадым. Аулада кішкентай екі қыз ойнап жүр, гүлдер жайқалып өсіп тұр.

Анам қайтыс болған соң үлкен әпкем күйеуімен ажырасып, екі қызы мен ұлын ертіп келіп, осында тұрып жатыр екен. Ұлы үлкен жігіт боп қалған. Бойы менен ұзын.

Жарты жылдай жұмыссыз жүрдім. Әпкемнің ұлы – Мейіржан да жұмыс істемейді. Ол күні бойы кино көріп төсекте аунап жатады. Түске дейін ұйықтайды. Адам осыншалықты жалқау болады екен-ау. Ал мен әбден әскерде қатаң тәртіпке үйреніп қалғанмын ба, таңертең ерте тұрып аламын. Қолым бос болса да жиенім сияқты алаңсыз ұйықтап жата алмаймын. Шарбақ жөндеп, есік-терезелерді бүтіндеп, шөп шауып, сиырларды өріске айдап, қора тазалап әйтеуір тынбаймын.

Әпкем маған қарап отырып «Ұл әкеге тартпай қоймайды екен ғой. Әкеміз араққа салынбай тұрғанда өте еңбекқор болатын. Ал менің балам әкесінен аумай қалған, жалқау. Жұмыссыз достарына қосылып алып карта ойнайды, сыра ішеді. Дүкендерден қарыз алады да, ал оны мен төлейтінмін. Ақыры адам болмайтынына көзім жетті де кетіп қалдым» дейді.

Әпкем мектепте мұғалім. Ертең екі қызы бойжетіп, ұядан ұшады да, әпкем ұлының қолында қалады. Ойша әпкемнің қарттық өмірін көз алдыма елестетіп көрем де аяймын.

Жиенімді өзім тәрбиелеуге кірістім. Құрылыс жүргізіп жатқандармен сөйлесіп жүріп жиеніме жұмыс тауып бердім. Бірақ жиенім бір аптаға жетпей жұмысын тастап кетті. Сосын біз де жұрт қатарлы тіршілік етейік деп, көршіміздің бос жатқан жерін бір жылға сұрап алып картоп ектім. Суғару, арамшөптерін жұлу, гүлдегенде пайда болатын қоңыздарды тазалау, шабу сияқты жұмысы көп. Жалқау жиенімді қасыма көмекші етіп алдым. Бірақ ол әрнәрсені сылтауратып көлеңкеде отырады. Ұрып жұмысқа жеге алмаймын ғой, амал жоқ жалғыз өзім жүрем жұмыс басында.

Сол жылы өнім жақсы болды. Осылай уақыт өте берді. Кейін мен аудандағы әскери бөлімге жұмысқа орналастым. Бірде ойланып отырып, әпкеме «Келешекте мен жұмысымды қалаға ауыстырамын. Жездемнен қайран жоқ, ұлыңызды осы бастан тәрибелемесеңіз, ертең бұл бала күйік болады. Жиенді әскерге жіберу керек» дедім. Әпкем «Балам әскерде қиналады ғой. Түзелер, болмаса кейін өмір өзі тәрбиелер» деді де қойды.

Мен ақыры жиенді әскер қатарына іліктіріп жібердім. Ол әскерге кетті. Әскери тәртіп жиенді өзгертеді деп ойлағанмын, бірақ алты айдан соң қаралы хабар жетті. Жиенім әскери бөлімшеде токқа түсіп қайтыс болыпты. «Жазмыш» деді әскери бөлімшедегілер.

Әпкем ұлының өлімін естіп есінен танып қалды. Шашын жұлып жылады. «Сен кінәлісің» деп, маған алара қарағанда тура анамды көргендей жүрегім зу ете қалды. Әкем қайтыс болғанда анам да дәл осы сөзді айтып, осылай қарап еді...

Жездем де «Біреудің баласында не шаруаң бар? Неге оны әскерге жібердің? Қажет болса өзім тәрбиелер едім ғой» деп мені айыптады. Тәрбиелесе осы уақытқа дейін қайда жүрді? Егер жездем бала-шағасына ие болғанда, отбасын асырап отырғанда, мен әпкемнің өміріне араласпас та едім ғой.

Басқа әпкелерім мен жезделерім «Жазмыштан озмыш жоқ. Ажалы солай жазылып қойылса, үйде де сол күні токқа түсіп қайтыс болар еді. Ажалы жетпей ешкім қайтыс болмайды. Алланың ісі бұл. Өзі береді, қалаған уақытында өзі алады» деп, басу айтты, жұбатты. Алайда әпкем мен жездем мені айыптауын қоймады.

Жиеннің қырық күндігінде әпкем мені көргісі келмейтінін айтып, үйден қуып шықты. Содан кейін көпке дейін араласпай кеттік. Мен үйленгенде де сол әпкем келмеді.

Арада біраз уақыт өтті. Әпкемнің үлкен қызы ұзатыларда тойға шақырмаса да бардым. Бұл уақытта әйелім екінші перзентімізді туып, перзентхана жатқан. Тұңғышымыз қыз бала еді, ал екіншіміз ұл бала.

Көптен бері көрмеген ағайын-туысқандардың басын тек той қосады ғой. «Ұлыңның бауы берік болсын. Ғұмырлы болсын» деп құттықтап жатқандар көп. Сонда үлкен әпкем жақындап кеп «Ал мен сенің ұлыңа өмір емес, өлім тілеймін» деді. «Әпке, ұлыңызды мен токқа түсірген жоқпын ғой. Адам болып оралсын деген ой ғана болған» дедім де тойға қатыспай кетіп қалдым.

Содан бері арада 15 шақты жыл өтті. Әпкем мен жездем қайта татуласқан, олар ата-анамнан қалған қара шаңырақта тұрып жатыр. Мен қалаға жұмысымды ауыстырғанмын. Әскери қызметімнің арқасында баспаналы болдым. Отбасылымын, екі балам бар.

Өмір-өзен өз ырғағымен ағып жатыр. Тек әпкемнің арада қанша жыл өтсе де мені кешіре алмай жүргені жаныма батады. Оның соңғы айтқан сөзі есіме түскен сайын «Түу, біреудің баласын тәрбиелеймін деп нем бар еді?» деп өзімді жазғырамын.

Мен әпкеме жақсылық жасамақ болған едім. Бірақ жақсылығым өзіме жамандық боп тиіп, өмір бойы қыр соңымнан қалмай келеді. Ой азабы ауыр екен.

...Анама жаным ашып әкемді емдетпек болғанымнан да тек кінәланған едім. Өмірден түйген сабағым – туған-туысқанның баласының тәрбиесіне араласпаған жөн екен. Мейлі, ол жалқау болсын, араққұмар болсын, карта ойнасын, бірақ, мен енді ешкімді тәрбиелеуге тырыспаймын», - деп әңгімесін сабақтады.


Қанаттың өмірден түйгені өзгеге сабақ боларлық. Ал оқырман, сіздің өмірден алған сабағыңыз қайсы?

(Иллюстрациялық суреттер ашық дерекөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Тумайсың!»: Түркістандық келіншек енесінің қатаң талап қойғанын айтты


Енесі келіні мен баласының сәбилі болғанын қаламай отыр...«Еркекті жылаттым»: Шымкенттік әйел өткен ісіне өкінетінін айтты