​«Тумайсың!»: Түркістандық келіншек енесінің қатаң талап қойғанын айтты

0
3 134

Енесі келіні мен баласының сәбилі болғанын қаламай отыр...


​«Тумайсың!»: Түркістандық келіншек енесінің қатаң талап қойғанын айтты

Өз еркімен тұрмысқа шыққан. Болашақ күйеуімен екі жыл таныс болып, кездесіп жүріп босаға аттаған. Ол үшін ешкімді кінәламайды. Бірақ оның анасының, яғни, енесінің көзқарасына, талабына таң қалғанын жасырмады.

Редакцияға хабарласқан Ағия есімді келіншек отбасындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


Тұрмысқа шыққанына бір жылдан енді асқан жас келінге енесі бүгінде бала тууға асығыстық жасамау туралы жиі айтатын көрінеді. Босаға аттап, келін атанғанына жыл өтсе де енесі оның балалы болуын әзірге қаламайды екен.

- Ең алғаш маған енем босаға аттап, беташар рәсімі өткен күні-ақ ескерткен. «Қызым, қадамың құтты болсын!» деп маңдайымнан сүйген ол оңашада балалы болуға асықпай, сақтануымды өтінген болатын. Себебін айтатын шығар деп расында алғашқы түннен бастап сақтана бастадым. Әр отбасының өзіндік дәстүрі, қағидасы болады емес пе? Сондай болар деп ойлағанмын. Бірақ, әңгіме онда емес болып шықты, - дейді келіншек.


Ағияның айтуынша, оның жүктіліктен сақтанып жүргенін күйеуі білсе де, қарсы болмаған. Тіпті, өзі де алдын ала білген сыңайлы. Тек шаңырақ көтергендеріне жылға жуықтағанда бұл мәселеге анасы араласа бастаған.

- Бастапқы үш айда үндемедім. Енем де жайбарақат жүрді. Сосын, амал жоқ, өзім бастауға тура келді. Кез келген әйел затының ең бірінші қызметі күйеуіне ұрпақ сүйгізу емес пе? Мен де тұрмысқа шыққанда балалы болам деп армандадым. Қолыма сәбиімді алып құшағыма басатынымды талай рет көз алдыма елестетіп, тәтті қиылға берілгенмін. Бірақ ол арманымды енем алыстатып жібергендей, - дейді ол.

Ағия енесімен сөйлескенде «асықпа, әлі үлгересің» деп ашып ештеңе түсіндірмепті. Тек күйеуі ғана анасының сырын білген екен. Үйленгелі жатқанда «екі жыл өтпейінше балалы болуды ойлама» деп оған да ескерткен көрінеді.

- Басында мен де күйеуім сияқты «жас қой, жағдайларын жасасын, бала аяқтарына оралғы болмасын» деп ойлаған шығар деген көзқараста едім. Бірақ бұл мәселеге өзімнің анам араласқанда барып мәселенің мән-жайын ұқтым.

Біздің жақта қыз тұрмысқа шыққан соң жыл өткенше балалы болмаса, ата-анасының да абыройына нұқсан. Демек, қыздың немесе күйеу баланың денсаулығында кінәрат бар деп түсінеді. Қызды ұзатқан соң келер жылы бесік тойына баруға дайындалады ағайын-туыс. Анамнан «қызың сәбилі болды ма?» деп көп сұрайтын болса керек, бірде артынып-тартынып арнайы келді үйге. Біз жұмыстан келсек, енем екеуі шай ішіп отыр екен. Тамақтан соң дастарханнан тұрмақ болған күйеуіме анам «отыра тұр» деп әңгіме бастайтынын білдірді. Ішім сезді не дейтінін. Онсыз да телефон арқылы айтып жүрген, бірақ мен әңгімеден қашқақтап басқа жаққа бұратын едім.

Көп созған жоқ, анам әңгіменің тоқетерін «емдетеміз бе, қайтеміз?!» дегенге әкеп тіреді. Біз бір-бірімізге қарадық. Сонда ғана енемнің ойын анық білдім, - дейді Ағия.


Келіншектің айтуынша, енесінің ойы мүлде басқа екен. Күйеуінің үш бірдей ағасы асығыс үйленіп, содан соң ажырасып кетіп, енді бірі екі балаға, қалған екеуі бір-бір балаға алимент төлеп жүрген көрінеді. Алғашқы некелерінен аузы күйген балаларының енді үйленуге батпай жүргенін айтыпты енесі.

- «Қазіргі жастар баяғы біз сияқты емес. Ертең жараспай қалып кетісіп жатса, екі ортада бейкүнә бала қиналады. Келіндермен кеткен немерелеріме жаным ашиды. Ойласам, ұйқым қашады. Қанша рет татуластыруға тырыстым, бірақ бір кеткеннің келуі қиын екен. Енді ақыры осылай болды. Осы балам да үйленбей біраз жүрді. Ағаларының қатесін қайталамасын деп ескерттім. Ниетім түзу, осылардың бақытты болып кеткенінен артық бақыт жоқ маған. Тек екеуі әбден жарасып, үйренісіп кеткен соң, бір-бірінің мінезіне толық қаныққаннан кейін ғана жоспарлап балалы болса деймін. Әйтпесе, беті аулақ, небір жастарды көріп жатырмыз, мінезіміз үйлеспеді деп ажырасып кетіп жатқан...», - деді енем.

Басында енемнің ниеті бұзық боп көрінді. Бірақ соңынан түсіндім, - дейді Ағияның өзі.

Бастапқыда енесінің «әзірге бала тумайсың» деп қатаң талап қойғанына ренжіген келіншек соңыра оның ойын да, ниетін де түсінгенін айтады. Отбасын құра салысымен жүкті болып, сосын ажырасып, баланы алдыртып немесе тірідей жетім етіп жатқан таныстарының да бар екенін, қоғамда ондай жағдайдың көптеп кездесетінін де айтқан ол енесінің бұл талабына келісіп те отырған көрінеді.

- Әрине, ажырасып кетейін деген ниетіміз де, ойымыз да жоқ. Күйеуім екеуміз бір-бірімізді сүйеміз. Рас, кейде керісіп қалатын кездеріміз де болады. Енді, ондай болып тұрады емес пе? Ал енемнің «бір-біріңе әбден үйреніп, сенгенде балалы болыңдар, асықпаңдар» дегені дүрыс та шығар. Оның үстіне, жүкті болуға да дайындық жасаған дұрыс, - дейді келіншек.


Ал Ағияның енесінің талабы орынды ма, жөнсіз бе, оның бағасын беруді өздеріңіздің еншіңізге қалдырдық, қадірлі оқырман!

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден