«Анам» деуге ұяламын»: түркістандық бойжеткен жанын жегідей жеген сырымен бөлісті

0
1 743

«Құдай оны қинамай ала салса екен»


«Анам» деуге ұяламын»: түркістандық бойжеткен жанын жегідей жеген сырымен бөлісті
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


«Өзіммен қатар қыздар «Анамды Меккеге апарғым келеді», «мерекеде қыдырттым» деп аналарын аузынан тастамай, айтып отырады. Ал мен өз анам үшін намыстанамын. Кейде жаным ашып, түсінгім келеді. Бірақ бәрібір ішімдегі өкпе-реніштен арыла алмай-ақ қойдым», - дейді Жанна деген бойжеткен.


Айтуынша, анасы қазір айықпас дертке шалдығыпты. Оқиғаның жай-жапсарын Жанна ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Менің балалық шағым өзгелердікінен ерекшелеу болды. Анам мен әкем үйленіп, Тараз жақта тұрған. Әкем көпбалалы отбасыдан шыққан адам еді. Атам мен апам он екі баланың жағдайын қайдан жасасын, бәріне жоғары білім әперу мүмкін емес. Әкем мектеп бітірген соң әртүрлі майда-шүйде жұмыстарды істеп жүріп, менің анаммен танысқан ғой. Алып қашып, үйіне келін етіп түсірген. Үлкендер жағы құдалығын өткізіп болған соң, «өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп қалаға жіберген. Сөйтіп жүргенде мен дүниеге келіппін. Анам артынша сіңлімді босанған. Екі баламен үйсіз-күйсіз жүру оңай ма, қу жетіспеушіліктің кесірінен екеуінің арасы суи бастаған. Әкем ішімдікке салына бастайды. Соңында өзімен бірге жүк таситын жігіттермен мас болып, соңы төбелеске ұласып, кісі қолынан қаза тапқан.


Ол кезде мен алты жаста едім. Әлі есімде, нағашы атам мен апам келіп, «Енді сендер біздің үйде тұрасыңдар, ештеңеден таршылық көрмейсіңдер» деп маңдайымыздан сүйіп, бар дүние-мүлкімізді көлікке тиеп, бізді алып кеткен. Содан біз нағашылардың ауылында өстік. Обалы не керек, нағашылар бізді ешқашан шеттеткен емес. Әсіресе атам мен апам сіңлім екеумізді ерекше жақсы көрді. Бар жақсыны, тәттіні алдымен бізге беретін. Арада үш жыл өткенде атам бізге ауыл шетінен үй сатып әперді. Анам, сіңлім, үшеуіміз сонда тұрып жаттық.


Сол кезден бастап анамның өмір салты мүлдем өзгеріп шыға келді. Үйге бөтен көкелер келе бастады. Алғашқыда бізді «аталарыңның үйіне барып келіңдер» деп жұмсап жіберетін. Кейін еш қысылмайтын болды. Алдымен Асан көке, сосын Сәкен көке, Ыдырыс көке, Қалдыбай көке... бізде көкелер көп болды. Ол кезде баламыз, тәтті шоколадтар әкеп береді, бәрінің машинасы бар, бізді қалаға жиі қыдыртып тұрады, соған мәз болыппыз ғой.


Кейін олардың бәрі жоқ болды. Соңғы Марат көкемен айырылысқанда анам қатты күйзелді. Ол кезде менің есім кіріп қалған, бәрін білемін. Апам екеуі әңгімелесіп отыр. «Жасың болса келіп қалды, мына екі қызыңды оқытып, тұрмысқа беру керек. Сопайып жалғыз өзің қаласың ба? Пайдасы жоқ, қызық қуып жүрген еркектеріңді құрт та, дені дұрыс біреуге тиіп ал. Осы уақытқа дейін сенің бар тірлігіңе көзімізді жұмып келдік. Елдің өсегін де тыңдамадық. Бірақ енді қыздарыңның абыройын ойла, саған айтар ақылым – осы» деді апам. Бірақ оны анамыз құлағына қыстырған жоқ. Қалаға екі-үш күндеп кетіп қалатын болды. Өзі сияқты күйеуі жоқ үш әйелмен достасып алған, солармен қыдырып келеді.


Сөйтіп жүргенде айықпас дертке шалдығыпты. ВИЧ инфекциясын жұқтырған. Кімнен екенін өзі білмейді. Анамның бір апта қараңғы бөлмеге қамалып алғаны әлі есімде. Нәр татпай жатып алды. Атам мен апам күнде келіп, анамды бұл күйзелістен алып шықты. «Емдетеміз, жазылып кетесің» деп жұбатты. Солай етті де, Алматыға дейін апарып, тексертіп, ем-дом жасатты. Бірақ ол түбегейлі жойылып кетпейтін ауру ғой. Амал жоқ, көндігуге тура келеді...


Анам қазір ауылдағы сол баяғы үйде тұрады. Сіңлім екеуміз қалада, университетте оқимыз. Жатақханадан орын берген. Бөлек тұрамыз. Маған қарағанда сіңлім мейірімділеу, апта сайын ауылға барып, үйді жинап, анама әртүрлі тәттілер пісіріп береді. Ал менің ауылға қарай аяғым тартпайды. Анамды көргім келмейді. Әбден жүріске түсіп кеткен әйелдердің түрі басқаша болады ғой, түтігіп, қап-қара болып кеткен, қорқынышты. Бұрын сұлу еді, қазір азып, әбіржіп кеткен. Оның бұл халін көріп, «Мынау менің анам» деп айтуға да намыстанамын.


Бәлкім менікі дұрыс емес те шығар, бірақс кезінде анамның өзінің, біздің абыройымызды ойламай, көрінген еркекпен әмпей-жәмпей болғанын әлі күнге кешіре алмаймын. Еркектердің түгі де кеткен жоқ, өзі сорлап қалды ғой.


Осы жағдайларды ойлай келе тұрмысқа шығуды да тоқтатып қойдым. Бір елге келін болып отырсам, ол үйге анам құдағи болып барып тұрса, ұяттан өртеніп өлетін шығармын. Одан да жалғыз жүре бергенім дұрыс. Басымдағы жағдайды тіпті жан құрбыма да айтпағанмын. Жұртқа мазақ болудан қорқамын.


Атам осыдан үш жыл бұрын өмірден өтті. Нағашы апам бар, ауылға барған күнде де тек сол кісі үшін барамын. Оған да оңай емес, қызының жағдайы жанына батып жүр. Бірақ кезінде олар да қызының жүрісін қолдаған жоқ қой. Бәріне анамның өзі кінәлі.


Құдай өзі кешірсін, кейде «анам бұлай дәріні уыстап ішіп, өлме-талма күн кешкенше, өле салғаны жақсы еді» деген ой да келеді. Бізге дұрыстап тәрбие де берген жоқ, ана болып сабағымызды да қадағаламаған. Атам мен апам болмағанда күніміздің не боларын ойлаудың өзі қорқынышты...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Сұрамай ала береді»: шымкенттік келіншек бауырларының ақша сұрай беретініне ренжиді


«Үйленуге қорқамын»: шымкенттік жігіт бірнеше рет әрекет етсе де шаңырақ көтере алмай жүр