«Үйленуге қорқамын»: шымкенттік жігіт бірнеше рет әрекет етсе де шаңырақ көтере алмай жүр

0
3 751

«Бесінші рет тәуекел етуге батылым бармай қалды»


«Үйленуге қорқамын»: шымкенттік жігіт бірнеше рет әрекет етсе де шаңырақ көтере алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Ер жігіт өмірде үш нәрсені адаспай таңдаса, бақытты болады дейді. Біріншісі – адал дос, екіншісі – дұрыс мамандық, үшіншісі – өмірлік серігі. Бүгінде «Жақсы қыз жоқ қой» деп жүрген сүрбойдақтар көп...


Шымкенттік Алмасхан есімді жігіт те үйленетін қыз таппай жүр. Төрт мәрте үйленбек болған екен. Бірақ соңғы сәтте жоспарының күл-талқаны шыға берген. Ол ERNUR.KZ тілшісіне болған оқиғаны айтып беріп, оқырмандарынан кеңес сұрап отыр.


«Жасым биыл отызға келді. Үйдің кенже баласымын, өзімнен үлкен екі ағам да үйленіп, еншілерін алып кеткен. Бірі жұмыс бабымен Алматыға көшті, екіншісі Ақтауда тұрады. Қарашаңырақтың иесі өзіммін. Сол себепті әке-шешем осыдан сегіз жыл бұрын «үйленсейші» деген әңгімені бастаған.


Ол кезде жиырма екіден енді асқан шағым, лапылдап тұрған кезім. Студенттік шақтан бері жүретін қызым бар. Соған үйленуге ұсыныс жасаймын деп жүргем. Бір күні группалас қызының тойына барып, тойда жүрген бір бойдақ жігіт алып қашыпты. Әкесі өте қатал адам болатын. «Селтеңдеп тойға барған өзі. Енді елге қарабет қылмай, сол жігітпен бақытты болсын!» деп қуғыншыларды ескертіп жіберіпті. Сүйген қызымды сол бойы көрген жоқпын. Өзгенің түтінін түтетіп отыр.


Жазирадан ойда жоқта айырылып қалу маған оңай тимеді. Талай күн, талай түн сыра ішіп, күйігімді өзімше баспақ болдым. Бұл күйзелістен достарым құтқарды. Сосын ағаларым жұмысқа орналастырды да, ойымның бәрі соған ауды.


Сөйтіп жүргенде жұмысымыздың жанындағы дүкенде істейтін Лаураны ұнатып қалдым. Ауылдың қарапайым қызы екен, күнде темекі алып жүріп, танысып, дос болып кеттік. Бірақ оған «сені сүйемін» деп айта алмадым. Жасы небәрі он сегізде еді, «аға, сіз» деп сыпайылап тұрған соң, сезімімді айта алмай, «тормозым» ұстады. Лаура мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай қалған екен. Біз танысқан жылы өз күшімен Қарағандыдағы медициналық академияға грантқа түсті де, сол жаққа кетіп қалды. Осылайша Лаурадан да айырылып қалдым. Бірақ бірінші кездегідей аса қиналған жоқпын.


Арада жарты жыл өткенде досым бір қызбен таныстырды. Аты Зарина еді. Бір жылдай кездестік. «Осы қыздан айырылмайын» деп ойладым. Күн сайын қыдыртып, көңілін аулап, сыйлық сыйлап, жұбымыз жазылған жоқ. Сөйтіп жүргенде оның денсаулығы сыр бере бастады. Киноға барамыз, саябақта серуендейміз. Сондай кездерде талып қалатынды шығарды. Үйіндегілер дәрігерлерге тексерткен екен, қатерлі ісік ауруына шалдығыпты. Бұл жаңалық маған да, Заринаға да оңай тимеді. «Сені қандай жағдай болса да тастамаймын» дедім. Бірақ әке-шешесі біздің кездесуімізге кедергі болды. Бар жиған-тергендерін емге жұмсап, қыздарын шетелге әкетті. Ауруы асқынып кеткен екен, Зарина көп ұзамай өмірден өтті.


Енді өзіміздің ауыл жақтың бір қызымен жүремін. Өздері Өзбекстаннан көшіп келген қандастар екен. Әйгерім үйінің үлкені. Анасы жап-жас, бесінші перзентін осыдан төрт ай бұрын босаныпты. Мен Әйгеріммен көп шүйіркелесіп, сызылған жоқпын. «Маған үйленетін қыз керек. Сені ұнаттым. Егер маған деген сезімің болса, онда үйленейік. Құда түсуге де шамам келеді» дедім. Әйгерім де мені ұнатады. «Тұрмысқа шығуға қарсы емеспін. Тек менің ата-анамның ұзатуға жағдайы келмейді, анам енді босанды, баламен әбіржитін шығар. Алып қаша сал» деді.


Оны өзімнің анаммен таныстырдым. Екеуі тез тіл табысып кетті. Үйленетін күнді белгілеп, біздікілер дайындықтың қамына кірісті. Анам «Әйгерім екеуің базарға барып, беташардан соң киетін халат, сосын киімі келгенше киетін бір-екі көйлек әпер. Менің жасым болса келіп қалды, аяғым ауырады. Өзі ұнатқанын таңдап алсын» деді. «Келінімнің орамалына» деп ырымдап жинаған ақшасын да қоймай ұстатып жіберді.


Үйге жарты жылқының еті келіп, анам беташарда киетін көйлекті «прокатқа» алып, абыр-сабыр болып жатыр. Екеуміз базарды аралап, керек-жарақтың бәрін алдық. Сосын мен оны үйіне апарып тастадым. Сол күні түнде Әйгерім уатсапқа «Мені алып қаша алмайсың. Екеуміздің базардан халат, орамал алып жүргенімізді нағашы әпкем көріп қойып, мамама жеткізіпті. «Осыдан алып қашсын, сотқа беремін» деп үйде шу шығып жатыр. Ренжіме...» Жазбасын оқып қан қысымым басыма шапты. Көлігіме мініп алып басым ауған жаққа кеттім. Көкейімде бір ғана сұрақ: «Неге? Неге мен үйлене алмай жүрмін?»


Үйдегілер «Онда қыздың ата-анасына барып жолығайық, алдынан өтейік» деп бәйек болып жатыр. Ал менің одан көңілім қалып кетті. Өз сезімін қорғай алмаған, тәуекел ете алмаған адаммен тұрғым келмейді. Әрі үйленуден қорқып қалған сияқтымын.


Міне, екі апта өтті, басым мең-зең. Үйленемін деп жұмыстан демалыс алғанмын. Бір нүктеге қадалып жатқаннан басқа ештеңеге зауқым жоқ. Баяғыда «дуаланыпты, содан бағы жанбай, жолы болмай жүр екен» дегенді естуші едім. Әйгерімнің «отказынан» кейін «осы мені біреу дуалап қойған жоқ па» деп жиі ойлайтын болдым. Сіздер бұған не дейсіздер? Менің дуаланып қалуым мүмкін бе? Өмірде осындай оқиғаны естігенсіздер ме?»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Екеуі де бала сүйе алмай жүр»: тараздық азамат екі бірдей перзентін ұрпақсыз қала ма деп уайымдайды

«Бөлеме деген сезімім әлі сөнбепті»: күйеуінің зәбіріне шыдамаған алматылық келіншек шындығын жайып салды