«Анам короновируспен ауырып жатқанда тұрмысқа шықтым»: жамбылдық келіншек оқиғасымен бөлісті

0
6 406

​«О дүниеде мені тыныш жатсын десең, осы жақын арада тұрмысқа шық» деді анам....


«Анам короновируспен ауырып жатқанда тұрмысқа шықтым»: жамбылдық келіншек оқиғасымен бөлісті

Фото: weddyson.com

Оң жақта отырып қалған қыздар мен сүрбойдақ жігіттердің тағдыры кімді болса да ойландырмай қоймайды. Оларды отбасы құруға қалай асықтыруға болады?

«Қорқытып» дейді жамбылдық келіншек. Алайда «Бала туу жасынан кеш қаласың», «Жалғыздықтан асқан азап жоқ» деген сөздерден қорықпайтындар да бар. Індет ше? Бұл зор мүмкіндік!

Ақнұрды айналасындағы қарт адамдардың коронавирусты жұқтырып, о дүниелік боп кетіп жатқаны қорқытыпты. Анасы хал үстінде жатқанда ғана ақыл кіріпті оған.



Бойдақтарды ойландыратын оқиғасын ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Жеңгелерім, әпкелерім бар, айналамдағы құрбыларымнан да естимін, отбасылық өмір қиын деп. Мен сол отбасылық өмірдегі қиындықтарды кейінге ысырып жүре бердім. Қиындыққа асықпайыншы, 38 жасқа дейін өзім үшін өмір сүрем деп шештім. Ар жағында қалған 30-40 жылымды күйеуім мен бала-шағама арнасам жетеді дегенмін.

Әке-шешемнің менен басқа ұл-қыздары болған соң, олар да онша асықтыра қоймады. Бірін енді үйлендірсе, екіншісінің бесік тойын жасады. Тағы бірі аттестат алып жатса, төртінші ұлы диплом алып жатты. Осындай қарбалас, қат-қабат қуанышты сәттер де адамның мойын бұруға жар бермей, ешнәрсеге шамасын келтірмей тастайды.

Анам мен әкем жеті перзентін оқытып, әрбірін құтты орнына қондырам деп жүргенде қартайды. Олардың мал, дүние жинауға табысы артылмады да. Осылай шаршап-шалдығып жүргенде анам менің ерте тұрмысқа шыққанымды қаламады. Ол үнемі «30 жастан асқан соң тұрмысқа шықсаң да бәріне үлгересің. Бір-екі бала жетеді» дейтін.

Жоғары білім алдым. Жұмыс істедім. Үйленуге ұсыныс жасаған жігіттер болды. Бірақ маған ылғи үйінің кенже ұлы немесе ауылда тұратын жігіт жолығатын. Анама айтсам, ол «Ата-енемен тұрмай-ақ қойшы, сен шыдай алмайсың. Әке-шешесінен бөлек тұратын жігіт жолығар күт. Ауылдың тірлігі сілеңді қатырады. Қалада тұратын біреу кездесер» дейтін.

Алайда уақытта тоқтау жоқ, жасымның 36-ға келгенін аңғармай қалдым. Мүмкін егер анам ауырмағанда мен әлі де қамсыз, ойланбай жүре берер ме едім, кім білсін?!

Бір жыл бұрын анам қатты ауырды. Бір құдасының ұлы үйленіп, құдалық тойға барған еді. Ертеңіне ентігіп жатқанын айтып, қоңырау шалған. Кейін ағамнан анамның ауруханада жатқанын естідім. Екі аптадай өлім аузында жатып, тәуір боп үйге шықты. Бірақ содан кейін жиі ауыра берді.

Денсаулығын сұрап ауылға бардым. Анам «Вирус бар дегенге сенбеуші едім. Көз алдымда демала алмай, көз жұмған ауру адамды көрдім. Бұл пәлені қарттардың көбісі көтере алмайды дейді. Ажалым жетсе кетем ғой, бірақ өлім аузында жатып ең бірінші сені ойладым. Басқа ұл-қыздарымның жаманды-жақсылы өз отбасылары бар, әйтеуір жалғыз емес. Ал сенде не күйеу жоқ, не бала жоқ. Жаным-ау, көзімнің тірісінде теңіңді тапшы» деді.

Анамның сөзі бір құлағымнан кіріп, екінші құлағымнан сол мезетте-ақ шығып кетті. Арада бір ай өткен соң анам тағы да шақырып алып, «Қатарымның көбісі кетіп жатыр аурудан. О дүниеде мені тыныш жатсын десең, осы жақынарада тұрмысқа шық. Мен кетіп қалсам, кім сені ұзатады? Аға-жеңгелерің ме? Есіңде ұста, алты ағаң бірігіп әкеңдей бола алмайды, жеті жеңгең біріксе де анаңдай болмайды. Мен оларды жаман деп отырғаным жоқ, тек ешкім дәл анаңдай жаны ашымайды» деп күрсінді.

Анам бір ай уақыт берді. Жігіт таппадым. Әрине араласып, кездесіп жүргендер бар ғой, бірақ олар қазір үйленбейтінін айтты. Сонымен анам күйеуді өзі іздестіруге кірісті. Ауылдың қарапайым бір қара жігітін тапты. Сыныптасының ұлы, көрші ауылда тұрады. Қалада құрылыста жұмыс істейді, жоғары білімі жоқ.

Анам «Жап-жақсы жігіт. Егер ол сені ұнатса, тұрмысқа шығасың» деді. Жігітпен кездестім. Үй-күйі жоқ, ұзын бойлы қара торы жігіт. Әке-шешесі тірі, бауырлары бар. Жігіттің түр-басы ұнамады, бірақ мінезі жайлы. Анама осылай дедім. Бір аптадан соң жігіт тағы кездесуге шақырды. Ұнай қоймаса да қызық үшін кездестім. Сол күні алып-қашты. Байбалам салып, басыма жабылған орамалды лақтырайын десем, жасым 37-де, ұят. Амалсыз көндім.

Содан бері бір жылдан аса уақыт өтті. Күйеуім екеуміз қалада пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Тіл табысып, әдемі өмір сүріп жатырмыз. Шүкір анам аман-есен, денсаулығы жақсы.

Қазір аяғым ауыр. Ана болу ғана емес, жүкті болудың өзі де үлкен бақыт екен ғой. Ал қасыңда күйеуіңнің болғаны шын бақыт. Оның білімі, материалдық жағдайы, көркі маңызды емес екен, бастысы бір-біріңмен сөзің жарасып, түсінісіп бірге өмір сүре білу. Ол менің жанымды түсінеді, ауыра қалсам жанашырым.

Менің бақытты жүзімді көріп анам қуанады. Ал мен оның ауруына ауру қоспайын, уайымын жеңілдетейін деп, көзімді жұмып тұрмысқа шығып кеткеніме қуанам.

Бір қызығы, анам ауруханадан шыққаннан соң ауырмаған, ол мені асықтыру үшін «қатты ауырып жүрмін» деп қорқытыпты. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ, бүгінде елді жайлаған аурудан қаншама әкелер, аналар кетіп қалып жатыр. Арманда қалмас үшін және өмір бойы ата-анам о дүниеде де уайымдап жатқан шығар деп өзіңді жазғырмау үшін ертерек отбасы құру керек...»



Ұқсас оқиғалар:


«Әйелім 10 жылдан бері қасыма жатпайды»: елу жастағы азамат не үшін ажыраспай жүргенін айтып берді


«Атам үйде ішкиіммен жүреді»: Жас келін қандай ыңғайсыз жағдайда қалғанын айтты