​«Анам мені емес, нәпсісін таңдады»: қызылордалық әйел өгей әкесінен зорлық көргенін айтты

0
2 361

«Балалы әйелдер екінші рет тұрмыс құрарда абайласа екен»


​«Анам мені емес, нәпсісін таңдады»: қызылордалық әйел өгей әкесінен зорлық көргенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Соңғы кездері «Пәлен жерде мектеп оқушысын зорлап кетіпті», «Өгей әкесі қорлапты» деген нәрсені жиі еститін болдық. Бұл ең алдымен екінші рет күйеуге тиген ананың кешірілмес күнәсі! Балаларының болашағын ойламай, өз нәпсісіне еріп, көрінгеннің етегінен ұстаған аналарды қатаң жазаға тарту керек!» - дейді Гүлсім есімді оқырманымыз.


Гүлсім ERNUR.KZ оқырмандарына өз басынан өткен оқиғаны баяндап, әйелдерге өз ақылын айтты.


«Биыл 39-ға толдым. Бір азаматтың сүйікті жарымын, төрт баланың аяулы анасымын. Бір қарағанда көңілі тоқ, уайымы жоқ адамға ұқсаймын. Бірақ іште бір травма бар. Бала күннен қалған белгі. Оны маған өгей әкем салған.


Өгей деген сөздің өзі жаны ашымайтын, тасжүрек, өзінен әлсіздерге күш көрсететін мағынаны білдіретін сияқты. Олар бәрібір өз әке-шешеңдей бола алмайды. Бұл ең әуелі күйеуінен немесе әйелінен айырылған ананың немесе әкенің қателігі. Мен сол үшін өз анамды кешіре алмай келемін. Туған анаға деген өкпе-ренішті жылдар бойы арқалап жүру маған өте ауыр. Тіліммен «кешірдім» десем де, жүректегі ыза жазылар емес.


Анамның қателігінің зардабын мен тарттым. Ол өзіне дені дұрыс күйеу таңдай алмады. Менің әкем қаза тапқасын, жылдық асын да күтпей өгей әкенің үйіне кіріп алыпты. Әкемнің туыстарының айтуынша, олар баяғыдан таныс-біліс боп, араласып жүрген екен.


Өгей әкем мені адам ғұрлы көрмейтін, бес жасымнан шелектеп су тасытып, малдың астын тазалатып, үйдің бар шаруасына жегіп қоятын. Неге екенін білмеймін, анам екеуміздің арамызға түскен емес. «Әкеңнің айтқаны дұрыс, тірліктен өлмейсің» деп тапсырманың үстіне тағы қосып беретін. Өзі үсті-үстіне бала тауып, солармен миы ашып, ебіл-дебілі шығып жүретін еді.


Сегізге толған кезім еді, мектептен қарным ашып, үйге әрең жетіп ем, есіктен кірген бетте әкем фляг тиелген арбаны қолыма ұстатты да, көшенің басындағы краннан су әкелуге жұмсады. Қарным ашып, ішегім шұрылдап тұрған. «Үйге кіріп нан алып шығайыншы» деп жылап жібердім. «Алмайсың, су әкелгесін жейсің жұтамаңды» деп шығарып жіберді.


Кеш түсіп қалған, ондай кезде көшенің басындағы колонкада кезек көп болады. Мен де бөшкені сүйретіп, кезекке тұрдым. Ұзақ күттім, бір уақта флягты суға толтырып, сол жердегі ағалардың көмегімен арбама салып, үйге қарай тарттым. Колонка мен үйдің арасы әжептеуір жер. Ауыр арбаны бар күшіммен басып, аударып алмайын деп ақырын жүріп келе жатыр ем, бір тасқа аяғым сүрініп, жалпамнан түстім. Арба қолымнан сырғып түсіп, фляг домалап кетті. Сондағы ыза болғаным-ай... Жылай-жылай бір талдың арасына барып отыра кеттім. Ұйықтап кеткен екем, бір кезде біреу үстімнен төніп, киімдерімді шешіп жатыр. Түсінбеймін, «кетіңіз, кімсіз» деп шыңғыра бастам ем, аузымды жапты да, зорлады...


Өгей әкем екен. Мені іздеуге шыққан да, жолда қалған арба мен флягты көріп, мені тауып алған. Есімнен танып біраз жатқам-ау, өгей әкем бетіме су бүркіп, оятып алды. «Енді екеуміз осындай ойын ойнайтын боламыз, бірақ оны мамаңа айтсаң, онда сені күніне 10 рет суға жіберемін. Айтпасаң суды өзім тасимын» деді. Баламын ғой, су тасудан құтылу үшін болған жағдайды анама айтпадым.


Осылайша ол мені алты жыл пайдаланды. Ес біліп қалған кезде су тасумен емес, өлтіретінін айтып қорқытатын. Өмір сүргім келмей, бір жолы үйден қашып кеттім. Марқұм әкемнің Сәдуақас деген досы болатын, трассаға шыққанда сол кісі кездесіп қалып, мені нағашыларыма жеткізіп тастады.


Марқұм нағашы атам жақсы кісі еді, болған жағдайдың бәрін жасырмай айтып бердім. Көзінің жасын сығып, бауырына қысып өксіп-өксіп жылағаны есімде. Кейін мені Алматыдағы үлкен әпкемнің қолына жіберіп, оқуымды сол жақта бітірдім.

Атам марқұм өгей әкемді әбден сабап, шешемді әкетпекші болған екен. Бірақ шешем «мен бұл үйден ешқайда кетпеймін, балаларымды жетім етпеймін» деп отырып алыпты. «Онда менің сендей қызым жоқ, шіріген жұмыртқасың!» деп атам бетіне түкіріп, екеуі сол күйі араласпай кетті.


Шынымды айтсам, өгей әкемнің зорлығынан кейін қалыпты өмірге бейімделіп кету өте қиын болды. Бойжеткен шағымда сөз салған жігіттердің бәріне үрке қарап, аулақ жүруге тырысатынмын. Бірақ қазіргі күйеуім мені бар болмысыммен қабылдады. Оған басымнан өткен жағдайды жасырмай айттым. Таныс психологына апарып, емдетіп, неше түрлі терапияларды қабылдап, бойым жеңілдегендей болды.


Өгей әкем қайтыс боп кетті. Ал анам тірі, мені іздеп, қайта араласуға ниет білдірген. Бірақ баяғыда үзілген жіпті қайта жалғауды жөн көрмедім. Өйткені ол о баста мені емес, өзінің нәпсісін таңдаған. Зорлық көргенімді білгенде де жүрегі жібімеген. Енді ондай адамның маған керегі бар ма?..


Тағдырдың жазуымен жесір қалған, ажырасқан әйледерге айтарым, балалы болсаң, екінші рет тұрмыс құруда жақсылап ойлану керек. Баланың тағдырын бүлдіріп алудан абайлаңдар!»