​«Апам келгенде әдейі ұрысамыз»: тараздық жас келін енесінің көңілін қалай тапқанын айтты

0
8 932

«Екеуміз күлімдеп отырсақ «ауырып» қалады»


​«Апам келгенде әдейі ұрысамыз»: тараздық жас келін енесінің көңілін қалай тапқанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Армысыздар, ERNUR.KZ ұжымы! Сіздердің сайтқа шыққан әрбір оқиғаны қалт жібермей оқып отыратын тұрақты оқырмандарыңызбын. Атым – Асылай. Күн сайын неше түрлі жағдайды оқып, біліп жатырмыз. «Осы жазғандары шын ба, өтірік пе, тексеріп көрейін, шын болса бұл кісілер менің де оқиғамды жариялауы тиіс» деген оймен өздеріңізге хабарласып отырмын» деп бастапты әңгімесін редакциямызға жазған оқырман.


Тұрмысқа шыққанына үш жылдың жүзі болған тараздық келіншектің айтқанын айна-қатесіз жариялауды жөн көрдік.


«Жас болған соң білетінімізден білмейтініміз көп қой. Мен әлі өзімді жас келін сезінем. Ал жас келіндердің басты әңгімесі – ене. Сол кісі білмейтін бір құпияның бетін ақшым келеді. Мұны күйеуім екеуміз ғана білеміз.


Менің енем ер мінезді, тік сөйлейтін, кейде бетіңе айтам деп асыра сілтеп жіберетін бұзықтау адам. Құдай анау қара шаңырақтағы абысыныма қуат берсін. Кейде «қалай шыдап жүр» деп таңғалам. Ал біз қалада тұрамыз. Енеміз кейде апталап біздің үйге қыдырып келіп, жатып кетеді. Ондайда тынысым тарылып, аяғымның ұшымен жүріп қызмет қылам. «Анда-санда бір келеді ғой» деп өзімді жұбатып, барынша құрмет көрсетем. Сүйсініп жесін деп күнде анау-мынау пісірем деп асханадан шықпаймын. Бірақ сонда да мені мақтаған емес. Әйтеуір бірдеңеден ілік іздеп, кешке күйеуім келгенде жіпке тізіп, бәрін айтып береді.


Жасыратыны жоқ, кейде күйеуім үйге мені жесін деп тәттілер, жеміс-жидек көтере кіреді. «Мынау саған» деген сөзді естісе бітті, сол жерде давлениесі төмен түсіп кетіп, «қан қысымын көбейту үшін ащы шайыңды демдеп, әлгі балам әкелген тәттіні маған бер» деп шыға келеді. Баласын менен қызғанатынын осыдан-ақ байқауға болады.


Бір күні мен баламды алып емханаға кеттім. «Ақыры шықтым ғой, кішкене демалайыншы» деп артынан саябаққа бардым. Үйге кештетіп келсем енемнің мазасы жоқ. Аһылап, екиі иығын жұлып жеп отыр екен. Сондағысы даладағы гүлдерді арамшөптен тазартыпты. «Осыны қатының істемей неғып отыр, шөп деген тізеге жетердей өсіп кеткен» деп күйеуіме жамандап алды. «Сен қайда болдың мамама қарамай?» деп күйеуім ала көзімен бір қарап еді, енем күлімдеп сала берді.


Кешкісін жатын бөлмеге кіргенде күйеуімді әңгімеге тарттым. «Ернат, байқайсың ба, апам сен маған қатал сөйлесең қуанып, күлімдеп қалады. Үйде сенің бастық болғаныңды, менің екі аяғымды бір етікке тығып ұстағаныңды қалайды. Жаңа сен қаттырақ сөйлеп едің бір сәтте жазылып кетті. Сондықтан апам үйде жүргенде кішкене қаталдау сөйлей салшы. Үлкен кісінің көңілі жайланып жүрсін. Ол үшін саған ренжімеймін» деп түсіндіріп айттым. «Жынды болдың ба, менің мамамды кім деп тұрсың...» деп ренжігендей болған. Артынан түсініп, келісті.


Ертеңіне демалыс еді, азанда таңғы асты бірге іштік. Мен күйеуіме қарап ымдап едім, ол да бастады. «Немене мына шайың суып қалған ба?», «кашаң қоюланып кетіпті, тұр, кішкене сүт қосып қайта жылытып бер» деп «оталды». Сөзінің арасында «баяғыда мамам деген кашаны бүйтіп пісіріп беруші еді» деп анасын мәз қылып қойды. Ол кісінің жүрегі жарылардай қуанып, күлгенде даусы ерекше шықты.


Ертеңіне тағы да солай етті. Байқаймын, күйеуімнің ішінде біраз нәрсе жиналып қалған екен. Мен ымдамасам да ұрысып, жекіп, болатынға да, болмайтынға да жұмсап, артық кетіп бара жатыр. Ол ана кісіге майдай жағып, сіңлісіне телефон соғып, «Ернаттың үйіндемін. Ернатжаным нағыз еркек қой, үйін тап-тұйнақтай етіп басқарып отыр» деп мақтанып қойды. Мақсатыма жеткеніме қуандым.


Бір аптадай жолдасым екеуміз осы кейіпте жүрдік. Енеме кетерінде әдемі көйлегін әперіп, батасын алдым. «Ернаттың мінезі бар, онша-мұнша қатқылдау сөйлесе көңіліңе алма» деп маған жанашырлық танытып қоятынын қайтерсіз?.. Екі бетімнен кезек-кезек сүйіп, ауылына қайтты.


Қайтарда күйеуім екеуміз көлікпен келе жатырмыз. «Сен былай істе, бүгін әдемілеп тұрып палау пісір, өткендегідей күріші езіліп кетпесін» деп бұйырып келеді. «Тоқта!» дедім. «Апам ауылына қайтты, әртістігіңді доғар. Осы уаққа дейін қалай жүрдің, солай өміріңді сүре бер. Бүгін палау емес кеспе көже ішеміз» деп әрең тоқтаттым.


Енемнің ойы бізді шағыстыру емес, әйел үйді билеп кетпесін, күйеуіне бағынсын дейтін шығар. Онысы да дұрыс шығар бір жағы. Бірақ, өзім де ұл өсіріп отырмын ғой. Олай етпес едім. Алған жарын сыйлап, жұмыстан келгенде бетінен сүйіп, екеуі жарасып өмір сүрсе араласудың не керегі бар. Ұрыстан Құдай сақтасын!».