«Ата-ананың жайын неге ҚЫЗ көп ойлайды?»: қызылордалық келіншек ағаларына ренжулі

0
4 230

Дариғаның айтқанымен келесуге бола ма? Ал оқырман, сіздің отбасыңызда қарт ата-ананың жайын кім көп ойлап жүр?


«Ата-ананың жайын неге ҚЫЗ көп ойлайды?»: қызылордалық келіншек ағаларына ренжулі

Адам ешнәрсені ақысыз істемейді. Бірақ жер бетіндегі барлық адам бір ғана жұмысты ақы төленбесе де бар ынты-шынтысымен, шаршаса да ешкімге міндет етпей орындайды. Ол қандай жұмыс?


Иә, ол – дүниеге келген баласының күтімі, тамағы мен киімін тауып беріп, өсіруге арнайтын еңбегі. Дәл осы секілді әр перзент қартайған ата-анасын күтіп-баққанын міндет етпеуі керек. Алайда ұядан ұшып кетсе де ұлға қарағанда қыздар ата-анасын көбірек ойлайды.

Дариға есімді қызылордалық келіншек осылай дейді. Ол үйіндегі жалғыз қыз бала. Бес ағасы бар. Бүгінде бәрі отбасылы, бала-шағалы. Бірақ әлі күнге дейін ата-анасы ауыра қалса Дариға жалғыз өзі шапқылап, уайымдап жүреді екен.


Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне кеңірек баяндап берді:

«Біз бір әке-шешеден алты перзентпіз, бес ұл, бір қыз. Әкем ешқайсысымызды қатарымыздан қалдырмады, оқу-білімге құштарлығымыз жоқ болса да, сүйрелеп жүріп ақылы бөлімдерде оқытты. Біздің келешегіміз үшін алаңдады.

Әкеміздің арқасында қалаған затымызға оңай қол жеткізуші едік. Әкем дүркіреп тұрған кезінде біз не қаласақ та қолымызды қақпай, тек балалары үшін өмір сүрді. Аз болса да, көп тапса да тек балаларына тасыды. Өзім тауып жатырмын, өзіме де жұмсайын деп демалыс орындарына, сауықтыру орталықтарына барған жоқ. Өйткені әкем «Бойымда күш-қуатым бар кезде бейнеттенейін, ұл-қыздарымның қанаты қатайғанша оларға еңбек етейін. Ал кәрілік жеткенде балаларым да маған дәл осылай қызмет етіп, әлі-ақ осы төккен маңдай терімнің зейнетін көремін» деп отыратын. Әттең-ай, әкеміздің сол үмітін ақтай алмағанымызға ішім удай ашиды. Жалғыз әкемізді алты перзенті шипажайға апара алмай отырмыз.

Қыз баланың жолы ғана жіңішке емес, қолы да, тілі де қысқа ғой. Оның ата-енесі, күйеуі бар, басқа отбасының мүшесі. Әрине қалағанын жасап, төркініне қараса алатын қыздар бар, бірақ көп емес. Мен сол «көп еместің» қатарында болғаныма қынжыламын.

Өзге үйдің шырағын жағып отырған соң, ата-енемнің, күйеуімнің қалауымен санасуға тура келеді. Өз билігім өзімде болмаған соң шалғайдағы әке-шешеме көмектесуге келгенде дәрменсізбін. Ал ұлдар өз отбасына өздері қожа емес пе? Жалпы «Қыз – қонақ, қонақ боп келіп, үндемей кет» деуге ұста ағаларым енді қартайған ата-анама қарауды маған жүктеп қойғысы келеді.

Әкем осыдан екі жыл бұрын инсульт алған болатын. Соның әсерінен денесінің бір жағы жансызданып қалды. Дертті дер кезінде емдеп, ауру адамға дұрыс күтім жасалып бақылауда болғанда ғана кеселден біржолата айығуға болады. Ал асқынған аурудан арылу қиын-ақ.

Фото: i1.wp.com/organserdce.com

Әкемнің аяқ астында ауруға душар болғанын естіген сәтте құстай ұшып жеттім. Қара шаңырақтағы ағам ауылда жұмыс көзінің тапшы екенін, ол отбасын ата-анамыздың зейнетақысымен асырап күнелтіп отырғанын айтып күмілжіді. Басқа ағаларым жұмысы да, жағдайы да жақсы. Бәрін шақырдым. Әкемізді емдетейік дедім.

Ағаларым «Біздің де бала-шағамыз, отбасымыз бар. Оларды да асырау керек, оқу ақысын төлеу қажет», «Барып тексерілсек, әрбірімізден ауру табылады, ақша артылып жатса өз дертімізді емдетер едік қой», «Мәселеміздің бәрін айтып қайтеміз?! Өз мәселем өзіме жетеді» деп, мұңын, шағымын айтып шыға келді. «Көмек керек болып жатса айтарсыңдар. Қарасамыз ғой» деп, дәрі-дәрмекке азын-аулақ ақшаларын беріп, бірі маңызды кездесуі бар екенін, тағы бірі жұмысын сылтауратып қайтып кетті. Қара шаңырақтағы ағам «Иә-иә, дәрігерге апарамын» деп, міндетті өз мойнына алды.

Негізі ағаларымның бәрі бір облыста тұрады. Мен ғана басқа облыстамын. Тұрмысқа шыққан жерім шалғайда болғандықтан, оның үстіне кішкентай балаларымды ата-енеме тастап келгендіктен, бір аптадан кейін қайтуға жиналдым. Бірақ күнде телефон соғып, әкемнің жағдайын біліп отырдым.

Төрт айда әкемнің беті сәл де болса бері қарап, жақсарып қалған еді. Кейін қайтадан нашарлап, төсекке таңылып қалды. Тағы бір қоңырау шалғанымда кенже ағамның вахталық жұмысқа кетіп қалғанын естідім. Әке-шешемнің зейнетақысы дәрі-дәрмекке жұмсалып жатқан соң бала-шағасын асырау үшін жұмыс істеуге кірісіпті. Жөн-ақ, бірақ басқа ағаларымның тұрмыс жағдайы да, қызметтері де жап-жақсы ғой. Олар неге әкемнің денсаулығына алаңдамайды?

Қазір ауру әкеме анам қарап жатыр. Негізі анамның өзіне де бір күтуші қажет, бір ауру, бір күн сау. Жер шалғайлығына қарамастан, әкемнің жағдайын көзбен көріп қайту үшін жиі барып тұрдым. Әкем бұрынғыдай өздігінен қозғала алмай қалғандықтан, оған біреудің көмегінсіз ас ішуі, түзге шығуының өзі бір мұң. Анам қан қысымының көтеріліп кете беретінін айтып отыр. Амалын тауып бір апта қарайласамын да қайтамын. Тапқан-таянғанымды әкемнің дәрі-дәрмегіне деп әкеп беремін. Бірақ әкемді жақсылап емдету үшін оған көп уақыт, күтім және көп қаражат қажет.

Фото: avatars.mds.yandex.net

Бір барғанымда ағаларымның басын қосып, бір құрбымның басындағы жағдайды айтып бердім. Құрбымның бес жасар ұлы «ақ қан» ауруына шалдыққан. Оны шетелде емдетуге қаражат қажеттілігі үшін құрбым мен күйеуі баспанасын да, көлігін де сатқалы жүр. Егер біз де кішкентайымызда сондай бір ауруға шалдықсақ, біздің де ата-анамыз баспанасын сатып емдетер еді. Барлық ата-ана бауыр еті – баласынан ешнәрсені аямайды. Оның амандығы үшін өз жандарын да құрбан етуге даяр. Өмір алма-кезек, қартайған ата-ана ауырғанда есейген перзенттер де оларды емдету үшін қолынан келгеннің бәрін жасау керек.

Мен осы боямасыз оқиға арқылы ағаларымның перзенттік махаббатын оятқым келіп еді. Бірақ үлкен ағам құрбымның басындағы жағдайға байланысты «Бала – адамның болашағы ғой, сондықтан ауруға шалдықса емдету үшін үйіңді сатсаң да жарасады. Ал қартайған адамның күні бітуге таяу, оларға ем де қонбайды...» деп, пікірін айтты. Басқалары да оны қолпаштап, қолдады. Олардың ойынша қарт адамды емдету – ақшаны желге шашқанмен бірдей. Ағаларым ашық айтпаса да жасы 75-тен асқан әкемді емдеткенмен бәрібір бір аяғы көрдегі адамның денсаулығы түзелмейді.

Ағаларымның ойы, мейірімсіздігі арқама аяздай батты. Ал мен ата-енемен тұрғандықтан, әке-шешемді қолыма ала алмаймын. Күйеуіме «Көлігіңді сат, қорадағы малды сат, әкемді емдетуге ақша тап» деп те айта алмаймын. Онсыз да төркініме барып келген сайын ұрыс шығарып, жақсылап сыбап алады.

Соңғы барғанымда анам «Қызым, шапқылап келе берме. Сен келіп кеткен сайын ұлдарым әкең үшін бір-бірімен сөзге кеп қалып жатыр. Бұл маған да, әкеңе де оңай тиіп жатқан жоқ. Біз үшін бір-біріңе ренжіскендеріңді қаламаймын. Әкең екеуміздің зейнетақымыз дәрі-дәрмекке жетеді. Қайт үйіңе. Біз саған ризамыз» деп шығарып салды.

Содан бері алты ай өтті. Көз алдымда жағдайы нашарлап, күннен-күнге кері кетіп бара жатқан әкемнің мүшкіл халін ойласам, мазам қашады.

Егер ұл болсам, қолымнан келгеннің бәрін жасап, ауру ата-анамның жанына жалау болып қасында болар едім. Әйелімді зыр жүгіртіп, ата-анама қызмет еткізер едім. Әттең-әттең-ай, ата-ене мен күйеудің қас-қабағына қарап отырған қыз баламын, алыстамын...»

Дариға айналасында қартайған ата-анасын ойлап, емдетіп жүрген қыз-келіншектің көп екенін айтады. Ол барлық отбасында ата-анасына қыздың жанашыр екенін, ұлдардың мейірімсіздеу болатынын да айтып өтті.

Дариғаның айтқанымен келесуге бола ма? Ал оқырман, сіздің отбасыңызда қарт ата-ананың жайын кім көп ойлап жүр?


Ұқсас оқиғалар:


«Кетіп қалғым келеді»: Жалқау күйеуінен шаршаған әйел күйзеліске түскен


«Жас келіннің қолтығынан бала тумаған әйел ұстамайды»: Елордалық келіншек сыры мен ренішін жайып салды