«Әйелдің тапқан 10 теңгесінен еркектің тапқан 5 теңгесі артық»
Тұрмыстың қамыты әбден қажаған әйелдер қоғамда көп. Отбасын жалғыз асырап жүрген әйелдердің жағдайы туралы жиі айтылады. Шаңырақтар шайқалып, балалардың тірі жетім атанып жатқан жағдайлары да аз кездесіп жатқан жоқ.
ERNUR.KZ тілшісіне сондай бір жан хабарласып, өзінің әбден қажығанын және көрген қиындықтарының барлығына жалқау күйеуі мен оның анасы себеп болғанын айтып берді.
- «Әйелдің тапқан 10 теңгесінен еркектің тапқан 5 теңгесі артық» деген бар. Үйде еркек жұмыс істеп, табыс тауып тұрса берекесі болады. Өзімнің анам өмір бойына тек әкемнің тапқанын жаратып, бәріне жеткізіп келген еді. Жас күнімде «анам неге жұмыс істемейді?» деп ойлап, оның ошақ қасынан шықпай отырғаны үшін намыстанатынмын. Басқалардың бәрінің анасы әдемі киініп жұмысқа барып-келіп жатқанда тек менің анам ғана үйден ұзамайтынына налысам керек.
Бірақ сол анамдыкі нағыз жұмақ болған екен ғой, - дейді Орынқыз (есімі өзгертілді).
Орынқыздың бүгінде үйелмелі-сүйелмелі 5 баласы бар. Жасы 37-ге келген өзі ғана үйіне табыс кіргізіп отыр, айтуынша. Күйеуі ешбір жерде жарытып жұмыс істеп көрмепті.
- Біз үйленгенде ол оқуын енді ғана бітірген еді. Екеумізді таныстырып қосқан соң басқаға кінә арта алмаймын. Оны ұнатып-ақ тұрмысқа шықтым. Бірақ үш қыздан соң жалғыз ұлдың соншалықты жалқау екенін білгенімде маңына жоламас едім, шынымды айтсам. Асыра айтсам, құдай кешірсін. Бала-шағасын асырай алмайтын жігітке тұрмысқа шығып қажеті жоқ. «Ойбай, адам қылады қайта, пысық әйел алса» дейтіндердің бәрі жалқау ұл тәрбиелеп отырғандар, - дейді ол.
Әбден торыққан келіншектің сөзінше, күйеуінің жалқау болуына енесі кінәлі көрінеді.
- Таңнан кешке дейін сілікпем шығым жұмыс істеп, бала-шағама әзер жеткен маған енемнің ешқашан жаны ашыған емес. Демалыс күндеріме шақыратын қонағын дайындап отырады. Мейлі, бір шаңырақта өмір сүрген соң бәріне көнесің. Бірақ баласының соншалықты жалқау екеніне, соны өзі қолдан жасап алғанына көзін жеткізе алмай-ақ қойдым.
Оқуды тиіп-қашып оқыған соң ештеңеге ебі жоқ ол кірген жұмысынан екі-үш айдан соң шығып кете берді де, ақырында марқұм қайынатам сиырларын сатып көлік әперді. Онысымен де осы уақытқа дейін жарытып табыс тауып, аузымызды аққа жарытқан емес. Енем ол кезде жұмыс істейтін де, атамыз зейнетақы алатын. Мен де баламен үйде көп отырмай жұмысқа шығып кетіп жүрдім. Содан ба, анау айтқандай қиындық көре қоймадық.
Бірақ атам қайтқан соң қалтамыздың түбі көріне бастады. Такси боп анда-санда бес-он теңге әкелсе соған мәз боп қалушы едік, кейде оны да әкелмей жанармайына ақшаны бізден сұрап жүреді. Бірақ уәде бергенді қатыратын. Әдемі айтатыны сонша, сеніп қалып талай рет қолымдағы барымды балаларымның аузынан жырып бере салушы едім.
Сырттағы шаруаны істеп маңдайынан сәл тер шықса, енем сүлгісін ұстап жүгіріп барады. Жарты күн көліктен түспей жолаушы тасыса, енем алдынан шығып күтіп, айналып-толғанып алдына бар дәмдісін тосады. Қит етсе, «байғұс балам жалғыз» деп жаны ашиды да отырады. Содан кейін ол жалқау болмағанда қайтсін?
Балалар өскен сайын жұмсайтын қаражат та көбейеді. Сондайда жетпей жатқанын айтып ашулансам, менен бетер долданып қонақ бөлмеден шықпай жалғыз жатып алады. Содан кейін енемнің ұрысы басталады. «Сен ақша тапқаныңды міндет етіп жатырсың, баламның онсыз да жолы болмай жүр....» Бұл тізімнің соңы таусылмайды. Ең соңында бәріне мен кінәлі боп, бала-шаға да үрпиісіп кеткен соң барып кешірім сұрап дастархан басына әкелеміз. Тура бір кәмпитке өкпелеген бала секілді.
Жасы 40-тан асқан күйеуінің әрекетіне ашуланған әйел кейде бәрін тастап кетіп қалғысы да келетінін айтады.
- Мені біреу еркелетсе, қиналғанымда жанымнан табылып, қолдау көрсетсе, жетпей жатқан жағымды көтеріссе деп тілейтін әйелмін ғой. Негізі, керісінше, мен оның жетпеген жағына болысуым керек. Жоқ, менің күйеуім маған еркелеп жатып алады. Тек менің және балаларымыздың ақшасына өмір сүріп келе жатырмыз. Енемнің зейнетақысына баласы екеуі өмір сүреді. Әйтеуір, бір қап ұн мен ет, қант алады әр айда. Басқасының барлығы менің мойнымда. Қатты шаршадым...
Осы уақытқа дейін бір әйел боп демалып та көрмеппін. Тұрмысқа шыққан 21 жылымда тек бала туу мен қызмет жасау, жұмыс істеуден қолым босамапты. Әйтеуір, балаларымның алды қолқабыс жасап, аз-маз тбаыс табатын, өз қажетін өтейтін жасқа жетіп қалды. Сонысына шүкір деймін. Денсаулығымның да сыр бергені қашан?! Жатып қалсам, балаларым қараусыз қала ма деп тағы қорқамын, - дейді әбден күйзелген әйел.
«Нағыз әйел болуды сезінбедім. Енді сезінуім екіталай... Ал күйеуім тек бала тудырғаны болмаса, мен үшін жарытып ештеңе істемеген. Әбден өз қамын ғана күйттегенге үйреніп қалған. Бала-шағасына осы уақытқа дейін бір шеге қағуды үйретпеген жалқау әке өмір сүріп жатыр үйімізде. Соңғы кезде үйден кетіп қалғым келетін болыпты...», - дейді Орынқыз...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Киімін өзі жуады»: Шымкенттік келіншек атасына қалыңдық іздеп жүр