​«Ажырасып, өз бақытымды таптым»: шымкенттік әйел махаббат үшін күресуге шақырады

0
5 604

«Біреуіне оңбаған әйел болсам, екіншісіне әлемдегі ең жақсы әйелмін»


​«Ажырасып, өз бақытымды таптым»: шымкенттік әйел махаббат үшін күресуге шақырады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасыратыны жоқ, біздің елде ажырасқан әйелдерге сырттай үкім шығарып қояды. Әйтеуір жақсы ат жоқ. Жақында ғана әнебір әйел «қоғамның соры» деп қара күйені жаға салды. Ал шындығында ажырасқан әйелдердің ішкі күйі, жағдайы, хал-ахуалы қалай, онымен басын ауыртып жатқан адам жоқ. Ажырасты ма, бітті, енді етегіне намаз оқып, балаларының бақытын ойлап отыруға тиіс деп қарайды», - дейді Жансая есімді әйел.


Он жеті жылдан кейін шынайы махаббатын жолықтырған оқырманымыз болған оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Қыздай сүйіп қосылған күйеуіммен арада 15 жыл өткенде ажырастық. Бірге тұра алмайтынымды түсіндім. Бұған дейін екі қызымыз жас болды, соларды өсіру керек, жетілдіру керек деп күйбең тірлікпен шапқылай берген екенбіз. Романтика, ортақ әңгіме, ортақ қызығушылық дегеннен жұрдай болғанымызды кеш түсіндім.


Күйеуім өздігінен шешім қабылдай алмайтын ынжықтау адам еді. Бас көтеріп, еркек боп «былай етемін» демейтін. Алдына түсіп шапқылай беріппін. Үйді де менің тырмысып, тірнектеп жинауыммен алдық. Машинаға да солай, «ақшаңды әкел, жинаймыз» деп тартып алғандай алып, жинап жүріп әпердім. Тіпті киетін ішкиіміне дейін өзім сатып әкелуші едім. Оның ештеңемен шаруасы болмады. Жұмысына барып келеді, дайын тамақты ішіп алып жата қалады. Күнде қайталана беретін бір тірлік адамды қажытып жібереді екен.


Бір күні аяқасты ажырасам деген шешім қабылдадым. Мұнымды күйеуіме айтып едім, «мені жақсы көрмесең, менімен тұру «слишком противно» болса ажырасайық» деп келісе кетті. Соған қарағанда оның да шыдамы таусылып жүрген-ау. Шешімімізді қыздарымызға айтып едік, бір апталай тулап, өкпелеп жүріп, кейін қабылдады.


Ажырасқасын күйеуім пәтер жалдап бөлек кетті. Бұл кезде қыздарымның алды мектеп бітіретін жасқа жеткен. Екіншісі жоғары сыныпта оқиды. Әбіржитіндей емес, баяғы тіршілікті жалғастыра бердік. Шыны керек, біраз уақытқа дейін жалғыз тұрғанның рахатын сезіндім. Баяғыдай аласұрмайсың, күйеуіме не пісіріп берем деп бас қатырмайсың, сұранатын қожайын жоқ. Қалағанымды істеп, өзіме жақсылап күтім жасап, құрбылармен кездесіп біраз уақыт өткіздім.


Бірақ адам одан да жалығады екен. Табиғаттың заңына қарсы шығар шараң бар ма, кейде түн баласы «Құдай, мен бұйыртқан байдан бас тартып күпірлік қылып қоймадым ба? Егер осы ажырасу маған қайырлы болса, онда күйеуімнен де жақсы бір адамды жолықтыршы» деп тілейтінмін.


Бір күні қызымның туған күніне үйіп-төгіп азық-түлік алып, «яндекстен» такси шақырдым. Жолдың бойында тұрмын, бір жас жігіт келіп еді, «Жол-жөнекей торт сататын дүкенге соғып, торт алып шығайықшы» деп өтіндім. Кердеңдеп қалған біреу екен, заттарымды көлікке салып қойғанда «тапсырыс бергенде торт сататын дүкеннің адресін көрсетпепсіз, мен сізді апара алмайм» деп түсіріп кетті. Мұншалықты ызаланбаспын. Бейшара адам сияқты жолдың бойында бес-алты пакетпен әбіржіп тұрғанда бір көлік келіп тоқтады. Жасы менімен шамалас жігіт ағасы екен. «Отырыңыз, жеткізіп тастайын» деп ілтипат көрсетті.


Үйге жеткенше танысып, оны-мұны әңгіме етіп үлгердік. «Күйеуіңіз бар ма, мына пакеттерді жоғары қабатқа қалай шығарасыз» деп сұрады. «Күйеуім болса осылай жүрмес едім ғой, Құдай маған жақсы бір күйеу қарыз» деп әзілдеп күлдім. Бір сөзге келмей пәтеріме дейін заттарымды тасып берді. Үйге кіріп нан ауыз тиді. Осылайша бізд жақын араласып кеттік.


Жақсы жігіт те әйелінен ажырасқан екен. Оның да бір ұлы, бір қызы бар боп шықты. Әйелі екі баласын осыған тастап, басқа қалаға көшіп кете барыпты. «Тағдырлас екенбіз» деп күліп, арасында кездесіп, шай-пай ішіп жүрдік. Соңыра сезімдеріміз оянып, үйленуге шешім қабылдадық.


«Мама, сен шыныңды айтшы, бұл папамыз бар кезде пайда болған еркек пе?» деп екі қызым жағамнан алды. Кішкентайым әкесіне жақын еді, «Саған не жетпейді, қартайған шағыңда махаббат не теңің» деп жылап-сықтап сөйлеспей қойды. Жігітімнің де үлкен ұлы қарсыласып, бөлек тұруға шешім қабылдапты. Қысқасы, екеуміздің бір шаңырақ астында тұруымыз талай адамның жүрегін жаралады.


«Мүмкін осыны қоя саламыз ба, бәрі қарсы, жасырын кездесіп жүре береміз-ау» дедім мен оған. «Біз ұрымыз ба, кімнен қуыстанып, кімнен жасырынып жүреміз?! Мен сені некелеп алғым келеді. Қыздар бірте-бірте түсінеді, ертең өздері де күйеуге тиіп, жан-жаққа кетеді, сонда жалғыз қаласың ба? Ештеңеге қарамай үйленеміз» деп табандап тұрып алды жігітім.


Мен кезінде күйеуім үшін оңбаған, нашар, күйеуін орта жолда тастап кеткен әйел болған шығармын. Ағайын-туыстары да сыртымнан сыбап, ала арқанды кесті. Бірақ менің ішкі күйімді, сезімімді түсінуге тырыспады. Қазір мен Берік үшін әлемдегі ең керемет әйелмін. Екеуміз бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Уақыт өте келе қыздарым да, Беріктің ұлы да бәрін түсінді, мойындады. Қазір жақсы араласамыз. Қызымның үлкені Астанаға, кішісі Алматыға оқуға түсті.


Ер де, әйел де бәрінен шаршап, отбасылық жылуды аңсағанда бақыты үшін күресуі керек. Балалар қызғанады. Әкесінің немесе анасының жалғыз өзінікі болғанын қалайды. Бірақ ол үшін өз бақытыңнан бас тартуға бола ма? Егер сіздің алдыңызда таңдау тұрса, ойланбастан махаббатты таңдаңыз. Балаларыңыз уақыт өте келе түсінеді.


Әйелдер балаларым деп өмір сүреді. Бірақ, өміріңіздің соңында жалғыз қалу бақыт па? Жаныңа қолдау білдіретін адамның орнын жұмыс та, бала да, ата-ана да толтыра алмайды. Өз өмірімнен сыр шерткендегі мақсатым осыны жеткізу еді. Ажырасқан әйелдің де, күйеуі қайтқан әйелдің де екінші мәрте бағын сынап, бақытты болуға қақысы бар...»