"БӘЙБІШЕ де, ТОҚАЛ да болдым": Екі рет тұрмысқа шыққан әйелдің әңгімесі

0
5 163

Ол өзін жаңбыр қойған соң қажетсіз боп қалған қолшатырға ұқсатады.


Біреу «Бақытың баянды болсын!» деп тілек айтқанда, бұл сөздің мағынасына мән бермейміз. Бұдан артық тілек жоқ екенін бақыты баянсыз болған адам ғана түсінер.

Шымкенттік Тамаша есімді әйел өзін бақыты баянсыз адамдар қатарына қосады. Неге? Баянсыз бақыт деп нені айтады? Бұны Тамашаның оқиғасын оқыған соң түсінесіз.


Ол ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берген оқиғасында былай дейді:

«...Мектепте де, жоғары оқу орнында да әрдайым бірінші болуға ұмтылдым. Екінші, үшінші болғым келмейтін. Не нәрседе де екінші болуға көне алмаймын деп ойлаушы едім. Өкінішке орай, талайы көп тағдыр өз дегеніне көндірді. Адамның мақсаттары, көзқарасы жағдайларға байланысты кездейсоқ өзгеріп кетеді десе, сенбейтінмін. Бірақ тағдырдың алдында адам дәрменсіз болатынына көзім жетті.

11 сыныпты бітіргенше спорт үйірмесіне қатыстым. Спортта жеңімпаз болуға тәрбиелейді және бірінші орынды иемденуге дайындайды. Мен өмірімнің барлық саласында жеңімпаз болам деп ойлайтынмын.

Жоғарғы оқу орнында да спорт сайыстарына қатыстым. Мінезім қатты болғанымен, бойым талдырмаш, жаным нәзік еді. Менің сымдай тартылған сымбатым мен мінезіме қызыққан жігіттер көп болды.

Бірақ мен көп жігітпен кездесіп, танысқаныммен, айналамда ғашық жігіт қаптап жүргенімен, көңілімдегіні диплом алған жылы жолықтырдым.


Күйеуім отбасындағы екінші ұл болатын. Бір-бірімізден қолдау мен қуаныш тапқан менің бақытты өмірім жалғасып жатты. Араға екі жыл салып құрсақ көтердім. Жолдасым екеуміздің махаббатымыздың жемісі – қызымызды дүниеге әкелдім. Сол кезде мен шын мәнінде отбасынан бақыт тапқан әйел екенімді сезіндім.

Бақыттымын дейтінмін. Бірақ маңдайымның сорын бес елі етер бақытсыздықтың алдымда күтіп тұрғанын білмеппін. Демалысында ауылдағы ата-анасына барып, сәлем беріп қайтамын деген жолдасымды мас күйде көлік жүргізген басқа бір адам соғып, жол апатынан қаза болды. Тағдырымнан мұндай қатыгездікті күтпеген мен аңырап қалдым. Өміріміз енді ғана басталған еді ғой. Неге жылдам аяқталды?

Жолдасымның жылын өткізген соң, ата-енем мен үлкен қайын ағам батасын беріп, шығарып салды. Күйеуімнен ұзақ жанбаған шырағымның басқадан жануына тілектестік білдірді. Қаладағы күйеуім сатып алған үйді менің атыма жаздырып берді. Мүмкін сондықтан да болар, мен тек күйеуімнің қазасына қайғырып, суретіне қарап сағынып жылаумен талай түнді өткіздім. Бас паналайтын жерім болмаса, «қайда барамын?» деген уайыммен күйеуімді жоқтай да алмас па едім, кім білсін?!


Көрген түстей өте шыққан бақытты күндерім-ай. Әрине, үйің болғанымен күйің болмайтын да кез болады. Жылап жата берген болмайтынын түсіндім. Амал жоқ, көзіме жиі келетін жас пен кеудемдегі мұңды ішке қайта жұтып, тіршілік етуді ойладым.


Қызымды анама тастап жұмысқа шықтым. Өткенді мүлде ұмыттым демеймін, бірақ, алға ұмтылу үшін өткен шақты еске ала бермеуге тырыстым.

Жесір атанғанымда мен бар-жоғы жиырма тоғыз жастағы келіншек болатынмын. Қызметім, үйім, қызым бар. Шындап келсе бұдан басқа маған ешнәрсе керек емес еді.

Әрине затым әйел болғандықтан ер-азаматтың құшағын аңсамай қалмайтыным жасырын емес. Бірақ бақыт сыйлаймын деген жігіттердің көбі менің қолымдағы «бардан» бақыт тапқысы келетін. Қулық ойлағандармен күресіп жүргенде өзімнен әлдеқайда жасы үлкен бір азаматты жолықтырдым. Ол созбалақтамай мені алғаш көргенде-ақ ұнатқанын жасырмады. «Екінші әйелім бол» деді. Жарымжан көңілді жұбататын, суынған денені жылытатын ер-азамат әр нәзікжанға қажет. Шын ықыласымен өзімді қалаған ер-азаматтың жанымда болғанын мен де қаладым. Бірақ оның әйелі мен бала-шағасы бар. Десе де, барлық келеңсіздіктерге көзімді жұма қарап біз бірге боламыз деп шештім.

Бастапқыда анам қарсы болды. «Тоқал» деген сөзді естігенде төбе шашы тік тұрды. Бірақ менің де әйел заты екенімді, тағдырдың апдында амалсыз екендігімді кейін түсінді.

Азаматым біздің қарым-қатынасымыз басталмай тұрып ол қандай жағдай болса да, балалары мен олардың анасынан ажырамайтынын қадап айтқан болатын. Мен де оның әйелінің бақытын ұрласам да, балаларынан әкесін, неке куәлігіндегі «күйеуі бар» деген сөзден айырғым келмейтінін, кез келген уақытта кетем десе ұстамайтынымды айттым.

Бір-бірімізге ешқандай міндет қоймадық. Әрине, кем-кетігіме көмектесіп тұрды. Бірақ менің табысым өзіме жеткілікті еді. Біз бірге өмір сүрген жылдарда ол менің қызыма өз қызындай қамқор болды. Жабырқаған көңілімді жұбатушым болды. Араға екі жыл салып мен оған ұл сыйладым.


Қазір есептеп отырсам, содан бері 15 жылға жуық уақыт өтіпті. Былтырдан бері байланысымыз үзілген. Мен емес, ол мені тастап кетті. Ақылы толысып, желігі басылған сүйгенім біржолата өз отбасына кетті. Анығырақ айтсам, ол еркектік қуаты әлсіреген соң өзін ыңғайсыз сезінді ме, әлде енді мені қажет етпейді деп ойлады ма, кетті де қалды.

Менен 13 жас үлкендігі бар азамат төсекке жарамай қалды. «Сен әлі жассың. Өзіңмен қатарлас азамат тауып жатсаң, мен тек бақыт тілеймін. Ал мен әйелім мен немерелерімнің қасында болуым керек» деді. Ол маған тәнім үшін емес, жаным үшін керек екенін түсінбеді. Қаншама рет айтқаныммен, ол мазаламауымды өтініп кетіп қалды.

Ол қазір ұл-қызының, немерелерінің ортасында отыр. Ал менде өзімдікі болмаған, бола алмайтын азамат сыйлаған бақытты күндердің естеліктері ғана қалды. Әрине, өкінбеймін. Қазір жасым қырық бесте. Қызым студент болса, ұлым мектеп жасында. Тіршілігіме көңілім толады, бірақ, сырласар азаматымның жоқтығы жаныма батады.

Ол нағыз азамат болғандықтан өзінің әйелі мен бала-шағасын тастамады. Басында-ақ шартын ашып айтты. Ол маған артық уәде берген жоқ. Сондықтан да оған ренжімеймін. Тек өзіме ренжулімін.


Жаңбыр қойған соң қолшатыр қажет болмай қалады ғой. Кейде өзімді уақытша пайдаланылған сол қолшатырға ұқсатамын. Өзімді жеңіліс тапқан спортшыға төңеймін.


Ал оның әйелін жеңімпазға балаймын. Жас кезінде күйеуін дәл мен сияқты күтумен өткен шығар, бірақ, соңында дегеніне жетті ғой. Сондықтан ол әйел бақытты. Оның бақыты баянды деп айтуға болады. Ал мен осы жасқа дейін бақытты болғаныммен, бәрі де баянсыз аяқталды. Сондықтан мені бақытсыз бейбақ деуге болады.

Баяны жоқ байланысты бекерге құрдым ба деймін. Одан да басы бос, өмір бойы қасымда болатын азаматты іздегенімде, мүмкін осы уақытқа дейін жолықтырар ма едім деп те ойланам. Енді бәрі кеш. Оның үстіне сүймегенге сезімімді қия да алмаймын...

Баянсыз бақыт дегенді енді ғана түсініп жатырмын. Әйелдің бұдан асқан өкініші болмайтын шығар, сірә?!

Кез келген киноның, романның басы, ортасы емес, соңы маңызды емес пе? Дәл сол сияқты өмірдің соңын ойлап қадам жасаған дұрыс екен. Тоқалдың бақытты күндері көп болар, бірақ, бақыты баянды болмайды...»


Ұқсас оқиға:


«Үш бала туған»: Белсіз ұлының перзентті болғанын түсінбеген ана не істерін білмей жүр


«Тоқалға алдандым»: Шымкенттік келіншек күйеуінен қалай айырылып қалғанын айтып берді