​«Тоқалға алдандым»: Шымкенттік келіншек күйеуінен қалай айырылып қалғанын айтып берді

0
2 947

Жас қыз оның күйеуіне бала туып беретін болып келіскен. Бірақ...


​«Тоқалға алдандым»: Шымкенттік келіншек күйеуінен қалай айырылып қалғанын айтып берді

Отбасын сақтау үшін үлкен тәуекелге баратындар аз емес. Әсіресе, шын сүйгендер өзінің қосағы үшін нендей қадамға бармайды десеңші?!

ERNUR.KZ тілшісіне осындай тәуекел жасаған жанның бірі, 41 жастағы Ләйла есімді (есімі өзгертілді) шымкенттік әйел өзінің қалайша алданып жалғыз қалғанын айтып берді. Өкінішін оқырмандармен бөліскісі келген ол өмірде мұндай да жандар бар екенін айтып, отбасын сақтау үшін ақылсыз қадамға бармауға шақырады.

- Мен осы жасымда әлемде жалғыз қаламын деп ойламаппын. Бұдан кейінгі өмірім енді оңады деп те ойламаймын. Бүкіл әлем күйрегендей болды мен үшін, - деп жылаған ол өзінің басынан өткен оқиғасын әріден бастады.

Өзімнің бедеу екенімді, ешқашан бала сүйе алмайтынымды тұрмысқа шыққан соң үш жылдан кейін білдім. Бас қосқанымызға үшінші жылға айналғанда жүкті бола алмауымның себебін тексерілген дәәрігерлеріміз анықтап берді. Қай жерге барсақ та дәрігер кінәні менен тапты. Сүйіп қосылған күйеуім менің қайғымды жеңілдетуге барын салды. Екеуміз ғана өмір сүре беретінімізді, мені ешқашан тастамайтынын айтып ант-су ішті.

Расында ол мені тастаған жоқ. Мені, бала туып бере алмайтын әйелін бәрінен қорғады. 20 жыл бойы менің кемшілігімді бір рет те бетіме баспай, керісінше алақанына салып аялады. Осындай жанға бала туып бере алмағаным мені одан сайын іштей жегідей жейтін. Соңғы үш жыл бойына бәрін ойладым. Суррогат ананы қаламады. Асырап алуға да қарсы болды. «Мен сенен бала сұраған жоқпын, болды, жетер!» деп ол тақырыпты жауып тастай беретін.

Бірақ бала көрсе, кішкентай сәбиді қолына алса көзінен арманның ұшқыны мен артынша көңілсіздік табын сезетінмін. Әсіресе, біреудің перзенті дүниеге келсе сол жаңалықты естіген күні үнсіз қалатын кездерін көп байқайтынмын. Осы жайттар мен тәуекелге бел байлатқызды. Күйеуімнің көңілін аулап, өзіне қарата алатын қызды өзім таптым, - деп біршама үнсіз қалды ол.


Ләйла өзімен бірге жұмыс істейтін жас қызды үйіне жиі ертіп апарып жүрген. Айтуынша, ол өзінің жас кезіне қатты ұқсайды екен.

Тіпті, дене пішініне дейін менен айнымайтын қыз. Маған «әпкелеп» жік-жапар болатын оны ең алғаш қонаққа бірге барғанда күйеуімнің өзі ұқсатты. «Мінезі де сен сияқты екен» деп жол бойына сол қызды әңгімелеп келген оған ұнағанын қызғансам да білдірмедім. Оған сәби сыйлау деген мақсатым қызғанышымды тұншықтырды. Содан кейін әрнені сылтауратып Фариданы үйге жиі шақыратын едім.


Ләйланың айтуынша, күйеуін баурап алуды да Фаридаға өзі ұсынған. Басында қарсы болып өкпелеген қыз кейіннен көніпті.

Екеуміз ажырамас дос, құрбы боламыз деп серттестік. Некелеп, адал жолмен, ежелгі салтпен екінші әйел етіп алуға уәделестік. Одан тек күйеуімнің өміріне қуаныш әкелер, ізін жалғастырар ұрпақ сыйлауды ғана талап еттім. Екеулеп күйеуімді де көндірдік. Бұған тек өз төркінім ғана қарсы болды. Анам осынша шырылдады. «Одан да ажырасып кеткенің дұрыс» деп осынша айтып еді. Бірақ мен күйеуіме, сүйген жарыма сендім.

Жұрттың бәрі менің бұл қадамымды әңгімелеп жатты. Біреу батырлыққа теңеді, екіншісі аяп-мүсіркеді. Мен бар күшімді жинап, ол сынақтан да өттім. Үйімізге Фариданы алып келдім. Бар жасауымен, жоралғысымен келген екінші әйелмен бірге бір шаңырақта тұрудың қандай азап екенін айтпай-ақ қояйын. Арғы бөлмеде оларың бірге жатқаны мен үшін тозақтай болса да қолыма ертеңгі күні сүйген жарымның перзентін ұстайтынымды ойлап, немересін күткен енедей сезіндім өзімді.

Сенген Фаридам жүкті болғаннан-ақ өзгере бастады. Күйеуімнің көзінше сыр білдірмесе де, жеке қалғанда менің ақылымды жүре тыңдап, бөлмесіне кіргенімді жақтырмай жүргенін байқадым. Жүктіліктен болар деп өзімді сендірсем де содан кейін бәрі бұрынғыдай болмайтынын сезіп едім. Күйеуім де екеумізге бірдей қарады. Тәптіштемей-ақ қояйын, жеке бөлмедегі шаруаны айтпағанда ортамызда өзін бақытты сезінетін.

Шаңырағымызға ұл келгеннен оның нағашы әжесі үйден шықпайтын боп алды. Баланы күтіп-баптауды өз міндетіме алсам да маған сенбейтінін ашық айтты. «Бала тумаған қарап жарытушы ма еді?! Кім біледі ойында не барын??!» дегенде өз үйімнен өзім шығып кете бердім. Әу баста алдарынан өзім өтіп, өзім алып келгенде әңгімелері ондай емес еді.

Мұндай кірбіңнің ең соңында жарылары белгілі емес пе? Бала үшін ұрыс болды үйде. Сондағысы, менің балаға қарағым келгені, қолыма ұстап жұбатқым келгені себеп. Фарида менен қызғанып, бар уәдесін ұмытты. Бұрынғы ізетінен дым да қалған жоқ. Мені ашықтан ашық ренжітіп, қарсы шыққан күйеуімді баламен бопсалады. Болмашыдан ұрыс шығарып, баласын алып төркініне кетіп қалатын да, қайтпай жатып алушы еді. Сөйтіп жүргенде екінші сәбиіне аяғы ауырлады.

Тағы бірде ешкімге айтпастан төркініне кеткен ол маған хабарлама жазып жіберіпті. «Егер сізбен ажырасып, маған заңды үйленбесе, қайтпаймын» деп... Іштей мен оны да күткен сияқтымы, таң қалмадым. Сөйттім де ажырасуға арыз бердім. Күйеуім де аса қатты жалына қойған жоқ. Әрине, 45-ке келгенде көрген баласы мен дүниеге келгелі отырған екінші перзенті үшін кім де болса сөйтер еді.

Күйеуім үшін оның қалағанын жасадым. Екі бөлмелі пәтердің құжатын қолыма ұстатқан ол кешірім де сұрамастан кете барды. Ал мен досқа күлкі, дұшпанға таба болып қала бердім. Әсіресе, анамның алдында жерге кірердей болғаным...


Қазір басқа қалаға көшіп кеткенмін. Бірақ жүрегім күйеуім тұрған қалада қалды. Мен оны түсінемін. Тек содан бері жағдайымды бір сұрамағанына ренжимін. Бақытты қолдан құрап берген өзім болған соң ішім удай ашиды. Ал Фариданың сөзінде тұрмағаны... сол жаныма қатты батады. Ойласам, жанымды қоярға жер таппаймын. Қазір олардың үш ұлы бар. Аман болсын барлығы... Олар бақытты, оларда бәрі бар. Мен де ше? Түк те жоқ. Өмірімді өз қолыммен талқандадым ба, білмеймін... Өзімді тек алданып қалғандай сезінемін, - дейді Ләйла өкінішпен.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Аборт жасатты»: Астаналық келіншек ешқашан бала сүйе алмайтынына енесін кінәлайды


Бұрын бала туғанын КҮЙЕУІНЕН жасырған: Жамбылдық келіншек азабын айтты


Бес баламен тастап кеткен күйеуі 20 жылдан соң қайтып келген