​«Баламды аутист, мені мүгедек еткісі келіпті»: түркістандық келіншек отбасындағы жағдайды жасырмай айтып берді

0
1 817

«Бар ойы бұрынғы күйеуін қайтарып алу болған екен»


​«Баламды аутист, мені мүгедек еткісі келіпті»: түркістандық келіншек отбасындағы жағдайды жасырмай айтып берді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Еркекке сенбе, екі босағаңа сен» деген сөздің түп-төркінін үш балалы болғанда бір-ақ біліп отырмын. Сенгенім, сүйгенім орта жолда опасыздық жасап, арқама пышақ сұғып отыр», - дейді түркістандық Динара есімді келіншек.


Айтуынша, күйеуі сегіз жылдан кейін бірінші әйелімен қайта табысып, отбасына көңіл бөлмей кетіпті. Отбасында болған жағдайды Динараның өзі ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берді.


«Жиырма екі жасымда апамның туыс сіңлісі болып келетін Гүлайша әпкенің таныстыруымен Батыр деген жігітпен таныстым. Батыр аудандық ауруханада есепші болып істейді екен. Гүлайша әпкенің туған қайнысы. Алғашқы таныстықтан кейін бір күн дамыл таппай келе берді. «Сені ұнатып қалдым, үйленейік» деп әр келген сайын сезімін білдіріп, сыйлығын ұсынып жүріп жүрегімді жаулап алды.


Батырдың бір рет үйленіп, кейін ажырасқанын естігенде тіксініп қалғам. Дені сау, ақыл-есі бүтін, малтабар еркектен әйел бекер кетпейтін шығар деп ойлағам. Бірақ Батыр алғашқы некесі жайлы жасырмай айтып берді. «Сұлу әйел еркектің соры» демекші, келіншегінің ауылда аты шыға бастапты. Күйеулерін қызғанған көрші әйелдер Батырдың өзіне келіп, бірнеше рет шу шығарыпты. Әйелін өзге еркекпен өз көзімен көрмеген соң жұрттың сөзіне сенбей жүрген екен. Алайда бір күні үйге әдейі ертерек келіп, әйелінің көрші жігітпен сүйісіп отырғанын көріп қалыпты. Осыдан кейін ауылды шулатып, әлгі көрші жігітті әйелімен қоса сабапты. Әрине, мұндай сұмдыққа қайсы бір еркек шыдасын?! Араларында бала болмаған соң ойланбастан әлгі келіншекті үйінен қуып шығып, ажырасуға арыз берген.


Содан кейін бір жылдан соң мені кезіктіріп отырғаны осы. «Әйелім болсаң алақаныма салып, аялап өтемін. Айтқаныңды екі етпеймін» деп жалынып-жалпайып жүріп уысына түсірді. Әке-шешем де анау айтқандай қарсылық көрсеткен жоқ. Гүлайша әпкемізді танитын болғасын, ақ батасын берді.


Бірнеше айдан кейін күйеуіме деген сезімім ашыла бастағандай болды. Екеуіміз ол жұмыстан келгенде сағыныса, құшақтасып көрісетін болдық. Мен расымен де «махаббат деген осы болар» деп, оның жанында өзімді бақытты сезіндім. Ол да сондай сезімде деп ойлап жүрдім. Алайда қатты қателескен екенімін.


Сегіз жыл ішінде ата-енеме барынша адал қызмет етуге тырыстым. Дипломымды алсам да жұмысқа тұруға асықпадым. Алдымен үлкен ұлымыз, кейін қызымыз дүниеге келді. Үлкен ұлымда ауытқушылық бар екен. "ЗППР, эпилепсия, аутитический спектр" деген диагноз қойды. Жылап-еңіреп жүріп махаббаттың қайда қалғанын түсінбей қалдым. Таңнан кешке дейін үйдің бітпейтін шаруасы, баланың дәрі-дәрмегі, оңалту орталықтары бар, өзіме қарауға мұрша болмай кетті. Бұрынғыдай көңіл-күйім де жоқ, күйеуімді көрсем жын көргендей жиырылып қаламын. «Ауру балаңа мүлдем көңіл бөлмейсің, бізбен шаруаң да жоқ. Саған тек тамақ пен төсек болса болды» деп ішімдегі бар запыранымды Батырға төгіп, оны да қажытып жіберген сияқтымын.


Баламның түзеліп кетуіне көп қаржы керек болды. Ата-енем, қайынағаларым ай сайын жәрдемдесіп, белгілі бір сомадағы қаржыны аударып отырады. Қалғанын өзіміз амалдаймыз. Әйтеуір мүмкіндігінше емін алып жатыр.


Бір күні баламды оңалту орталығына барып, ине терапиясын алып отырғанмын. Көптен көрмеген ағайын жеңгемді кездестіріп қалдым. Ол да ем алып жүрген екен.

«Сенің мына балаң негізі сап-сау ғой, түрінен ауру демейсің. Осы сенікі қазақшылық емес пе? Көрші ауылда өзбек апа бар, көріпкелдік қасиет қонған. Сол кісіге ерінбей апарып көрші» деп қоймады. Ертеңіне Батырды көндіріп, әлгі апаның үйіне бардық. Расында да адам көп екен, бізді түске таяу бір-ақ қабылдады. Бөлмеге кіргеннен «Қызым, сенде қаралық бар. Қара ниетті біреу жолыңды байлап, бағыңды тартып алмақшы» деді. Оның мына сөзіне сенген жоқпын. «Бағымды тартып алғысы келсе, балама дуа жасамайтын шығар» деп сұраған теңгесін бердім де, шығып кеттім.


Осылай айтыс-тартыспен жүргенде үшіншісіне аяғым ауырлады. Жүктілігім ауыр өтті. Толғақ қыса бастағаннан дәрігерлер қауіптеніп, мені облыстық перзентханаға жіберді. Қан қысымым түспей қойған екен. Ондағылар шұғыл ота жасау керегін айтып, бірден кірісіп кетті. Баламмен де, өзіммен де бес сағат арпалысты. Қан кетіп, өзім аузынан әрең қалдым. Ота барысында ешкім түсінбейтін бір жағдай орын алды. Босанып, өз-өзіме келген соң даусым мүлдем шықпай қалды. Сөйлегім келеді, дыбыс жоқ. Жынданайын дедім. Перзентхананың бүкіл дәрігерлері жиналып, консилиум жасады, бірақ себебін таба алар емес.


Содан бері ауру балама кішкентай бөпе қосылып, үшеулеп ем іздейтін болдық. Алматының мамандары бала босану кезінде өкпеге баратын қан тамырларында тромб пайда болып, соның салдарынан дыбыс шықпай қалған деген қорытындыға келді. Ота жасап, мойыныма түтікше қойды. Екі айдан кейін оған ет бітіп кетіп, қайтадан баяғы таз қалпыма түстім. Қазір осындай отаның алтауын жасады. «Біртіндеп қалыпқа келеді, уайымдамаңыз» деп үміт беріп қояды әйтеуір.


Осы уақыт аралығында балаларыма енем мен анам қарайласты. Апталап Алматыда жатамын, күйеуім ауылда. Қанша сағынсам да амал жоқ, денсаулық үшін барынша шыдамды болуға тырыстым. Сөйтсем... бұл аралықта күйеуім қарап жатпапты.


Батырды бірнеше жылдан бері бірінші әйелі айналдырып жүрген екен. Менің жоқтығымды пайдаланып екеуі қосылып үлгеріпті. Ауылға келіп, даусым шығып, қуаныштан жарылардай болып жүрсем, үйге Батырдың бірінші әйелі келіп тұр. Күні кеше ғана күйеуім бұрынғы әйелімен төсектес болып келіпті. Оны маған әлгі әйелдің өзі айтты. Мақсаты – мені өмірлерінен кетірмек болыпты.


Бұл жағдайды күйеуіме айтпадым. Ішім қан жылап тұрса да үндемей шыдап, баяғы жеңгем айтқан өзбек апаға қайта бардым. «Келдің бе, ақыры. Сенбей кетіп едің, сенің келетініңді білгем» деп күліп қарсы алды. «Күйеуіңнің де басы дуаланған. Әйелдің қайтатын түрі жоқ. Ұзақ уақыт күресу керек. Құдай қаласа балаң да, өзің де жазылып, аттай болып кетесің. Тек сол жолда ашуланбай, күні-түні Аллаға жалбарынумен боласың» деп шарт қойды.


Үш баламмен күйеуіме ашуланып кеткенде қайда бармақпын. Оның үстіне үлкеніме әлі талай ем керек. Күйеуімнің опасыздығына жүрегім ауырса да, отбасымды сақтап қалу үшін емші апаның айтқанын бұлжытпай орындауға шешім қабылдадым.


Қазір біреудің отбасын ойрандайтындар көбейген. Оны оқып та, көріп те жүрміз ғой. Өмір ешкімнің есесін құр жібермейді. Біреуді жылатып отырып опа табам дейтіндер, қателеседі. Адамдықтан аттамайық!»