«Баламды тастап кетейін бе?»: шымкенттік келіншек екі оттың ортасында қалдым дейді

0
4 871

«Жар құшағын да аңсайды екенсің»


«Баламды тастап кетейін бе?»: шымкенттік келіншек екі оттың ортасында қалдым дейді
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» деп қазақ текке айтпаған. Жалғыздықтың тауқыметін тарту, жар құшағынан ажырау кім-кімге де оңай емес. Десе де бұл – тағдыр. Басыңа түссе қашып құтыла алмайсың. Шымкенттік Айша ханым күйеуінен жастай жесір қалып, әрі-сәрі күйде жүр.


Үлкен шешім қабылдау алдында тұрған ол ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткен жағдайды баяндап, сырын ақтарды:


«Мен 27 жасымда сүйген жігітіме тұрмысқа шықтым. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнында оқып жүргенде-ақ әжем: «Қыз баланың ерте тұрмысқа шыққаны дұрыс. Тәуір жігіт жолығып жатса бетін қайтарма!» деп көп айтатын. Алайда «Бұйырған кетпес, жүгірген жетпес» демей ме, тұрмысқа шығу қыз баланың қолындағы іс емес. Оқуды бітіріп, жұмысқа орналасып, тағы бірнеше жыл жүріп қалдым. Өзімнен кейінгі екі сіңлім де тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып кетті. Оларды көрген сайын жалғыз қалып кеткендей, жаным жабырқап қалған-тұғын.


Бірақ «тесік моншақ жерде қалмайды» деген рас екен. Күндердің бір күнінде өзім ұнатқан жігітті жолықтырдым. Қанат өте мәдениетті, сүйкімді, аңқылдақ жігіт екен. Сөзіміз бірден жарасып, достасып кеттік. Менен 5 жас үлкендігі бар. Сүйіктісін кездестірмей, үйленбей жүріп қалған сүрбойдақ екен. Араға біраз уақыт салып ол маған ұсыныс жасады. Мен қабыл алып, екеуміз шаңырақ көтердік.


Ол бір үйдің жалғыз ұлы еді, сондықтан мені ата-енем өз қыздарындай қабылдады. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, балқып-шалқып өмір сүріп жаттым. Күйеуім ауданда дәрігер болып істейтін, мен мектепте мұғаліммін. Жұрт бізге қызыға қарайтын. «Екеуің бір-біріңді іздеп, уақыттарыңды босқа өткізіпсіңдер, әйтпегенде екі-үш балалы болып қалар едіңдер» деп құрдастарымыз әзілдеп, тиісетін еді.


Расында мен екі жылдай құрсақ көтере алмай, уайымға салындым. Жасым болса келіп қалған. Жыл өткен сайын балалы болу мүмкіндігі төмендей береді. Ақыры қалай болар екен деп Құдайдан тілеп жүргенде, аяғым ауырлады. Сондағы күйеуімнің қуанғанын көрсеңіз. Айтқанымның бәрін істеп, қалаған жерік асымды әкеліп беріп, алақанында аялады.


Оның өмірден ерте өтуіне де сол жеріктігімнің, жүктілігімнің кесірі тиді-ау деп өзімді жиі жазғырамын. Ол өмірден өтетін күні құлпынай жегім келді. Телефон шалып едім, жұмыстан шығып, ауылға жақындап қалған екен. «Мейлі, қоя берші, ауданда болсаң құлпынай ала салшы дегім келген, ендігі әуре болма» дедім. Баласы үшін жанын беруге даяр жолдасым көлігін кері бұрып, ауданға тартқан ғой. Жолда апатқа ұшырап, тіл тартпай жантәсілім етіпті.


Жан жарымның тосыннан қаза болуы мені де, ата-енемді де есеңгіретіп тастады. Ол қайғы жүректе шемен болып қатып қалған. Сірә, өмір бойы жазылмаса керек. Жалғызынан айырылған ата-енем де бірден шөгіп, шүйкедей кемпір-шалға айналып қалды. Олардың ендігі бар тілегі менің аман-есен босануым болды.


Араға үш ай салып аман-есен ұл босанып алдым. Содан кейін ғана үлкен кісілер қайта күлімдеп, ас-ауқатын ішіп, елмен араласа бастады. Қанатымның тұяғы оларға қайта үміт сыйлағандай. «Арманым, Арманжаным» деп екеуі баламның жанынан бір елі ажырамайды...


Жақында біз Қанаттың жылдық асын өткіздік. Сол кезде ағайындар арасында үлкен әңгіме болды. Жандары жараланған атам мен енем менің әке-шешеме: «Бұлай болады деп кім ойлаған, қыршын кетті ғой, қайран балам. Тағдырдың жазғанына не шара?! Бірақ оның ізін жалғар ұрпағы дүниеге келіп, жоғалғанымыз табылғандай күй кешіп отырған жайымыз бар. Айналайын құдағи, біз сіздерді жақсы түсініп отырмыз, қыздарыңыздың басы әлі жас. Әлі де өз серігін тауып, бақытты болуға мүмкіндігі бар. Сондықтан біз жолын байламаймыз деп шештік. Бірақ бір өтішініміз бар, Қанатымыздың тұяғын біздің қолда қалдырып кетсінші, жалғыз жұбанышымыз – немереміз ғой, бізді сол бақыттан айыра көрмеңіздер» деп еңіреп жылады.


Ол кісілердің сөзіне селт етпеген адам қалмады. Үйдің іші азан-қазан. Ата-енемнен мұндай сөз есту маған да оңай тимеді. Қанатым есіме түсіп боз-боран болдым.


...Қазір бірдеңе деуге әлі ерте. Бірақ ата-енемнің қасында өмір бақи жүре алмайтыным тағы белгілі. Табиғаттың заңы болған соң жар құшағын аңсайды екенсің. «Қашанғы жалғыз жүремін, ата-енем өмірден өтсе бір өзім сопайып қалмаймын ба?» деп жиі ойланамын. Алайда баламды өзім өсіргім келеді, оны ата-енеме тастап кетуге қимаймын. Бірақ оларды жалғыз қуаныштарынан айырғым да келмейді.


Қысқасы, екі оттың ортасында қалғандай күйде жүрмін. Ата-анам да бұл жағдайға байланысты ештеңе айта алмай отыр, «Өз өмірің, өзің шеш» дегеннен басқа ақыл қосатын емес. Не істесем болады, шынымды айтсам, қалың ойдан шаршадым».


Осылай деп ағынан жарылған Айша ханым сайт оқырмандарынан ақыл-кеңес сұрап отыр. Мұндайда жағдайда не деуге болады?


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Жеңгеме үйленейін десем, әйелімді қимаймын»: түркістандық азамат тығырықтан шығар жол іздейді


«60-қа келсе де келініне қызмет етеді»: шымкенттік бойжеткен туыстарының тірлігін түсіне алмай жүр