«Ол кісі жасына жетпей алжи бастады»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
«Әкемнің үлкен ағасының әйелін мен Ақапа деп атаймын. Аты – Ақгүл. Өзімнің туған анамдай болып кеткен, мінезі жайлы, ерекше мейірімді жан. Бірақ соның кең жүрегін, мейірімділігін өз балалары пайдаланып жатқандай», - дейді Перизат есімді бойжеткен.
Ол туыстарының үйінде болып жатқан жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.
«Мен дүниеге келгенде Ақапам балаша қуанған екен. Себебі өзі төрт бала туып, бір қызды болуды қатты қалапты. Қайнысы мен келіні қызды болғанын естігенде ауылдан бір қойдың етін, тарысы мен талқанын, сары майын алып, арнайы келіп, келін күтіп-баптаған екен. Мамам сол үшін абысынын қатты сыйлайды.
Сол кісі міне, биыл алпысқа толып отыр. Бірақ өзі сексенге келген кәрі кемпір сияқты. Жағдайы, тұрмысы жақсы бола тұра, дым күтім көрмей қартайғанына қарап жүрегім ауырып кетеді.
Былай ғой, атам өмір бойы әкім мемлекеттік қызметте істеді. Кеңес заманында «парторг», кейін өз ауылына әкім болып қызмет етті. Бір сөзбен айтқанда елдің адамы болды. Елдің адамы болған соң ол шаңыраққа ауданнан, облыстан жиі қонақ келетіні белгілі. Сол қонақтарды Ақапам аяғынан тік тұрып күтетін. Ол кездегі бейнеттерді мамам жыр қылып айтып отырады. «Жеңшемнің еңбегі адал болды ғой. Ысқырынған енеміз бізді бір минут бос отырғызбайтын. Жоқ жерден ұрыс шығарып, жеңшемді қашанда сөзімен түйреп отырушы еді. «Бұл қара қатын әкім балама тең емес» деп келгендердің бәріне жамандап, сыртынан кекетіп-мұқатып отыратын. Сонда да жеңешем бір ауыз сөз қайтармайтын. Төрт баланы топырлатып туып алып, ененің де бабын жасап, күйеуінің де көңілінен шығып, барын салды» дегенін жиі естимін.
Бала күнімдегі бір әңгіме санамла сақталып қалған. Мамам мен апам әңгімелесіп отыр. Мені баласынды-ау, елеген жоқ. «Қайнағаң аудандағы Шұға деген дәрігермен жүреді екен. Жамалбек кластасының әйелі айтып отыр. Ессізқағыр, жүргіштік бұлардың тұқымында бар ғой. Өз тілімді өзім тістеп, балаларым үшін амалымның жоғынан шыдап жүрмін. Бастықтың әйелі болсам да бір кереуетке зар болдым, әдейі, менің жаныма жатқысы келмей ме, мені жерге, өзі анау бір адамдық диванға жатып алады, осылай өмірім өтіп жатыр» деп еңкілдеп жылады. Мамам барынша жұбатты. Осы көрініс апамды көрген сайым есіме түсетін. Есейе келе сөздің мәнісін түсіндім де, оған деген құрметім арта түсті.
Айтайын дегенім, қазір апам алпысқа келсе де ене бағып отыр. Жас кезінде әбден жүріп, сауық-сайран құрған атам қазір инсульт алып, бір қолы жансызданып қалған, мүгедек. Екі кісінің күні кезінде өздері менсінбеген апама түсіп қалды. Апам байғұс әлі сол баяғыша, таңнан тұрып сиырды өзі сауып, тандырға нанын жауып, қолдан кеспе турап, көже пісіріп, жас келінше қызмет етіп жатыр.
Қолында кенже келін бар. Ол да бес баланы тауып, мектепке мұғалім болып кіріп алған. Сабақ, анау-мынау деп таңертеңнен кешке дейін үй бетін көрмейді. Кемпір-шалға бес немеренің ас-суы мен кір-қоңы қосылған. Ол – ол ма, әр демалыс сайын қаладағы екі келіні ұялмастан балаларын топырлатып ауылға жібереді. Қашан көрсең «ессізқағыр кілең еркек бала, нанды опырып жейді. Кеше ғана екі тандыр нан жауып едім, бүгін тағы тауысылып қалыпты» деп күйіп-пісіп жүргені.
Осындайларды көріп отырып апамды аяп кетемін. Жасы алпысқа келсе де шипажай дегенді көрмеді. Не дұрыстап емделгенін де естімегенмін. Тойларға жарқырап киінгенін де көрмедім. Үлкен үйдің тірлігінен азып-тозып кеткені сондай, киімі киімілгішке іліп қойғандай, дым жараспай қалған. Сосын бір әңгімені айтып отырып, не айтқанын ұмытып қалатын болған. Жасына жетпей алжи бастаған сияқты.
«Апа-ау, қалаға келіңізші, сізді қыдыртайын, сағындым» деп талай мәрте шақырдым. «Мен кетсем мыналардың күні не болады? Барам ғой, барам» деп құтылады. Қалада тұратын екі баласына тек күндіз келіп, кешке кетіп қалады. Осы жағдайды төрт баласы көріп отыр, анасына қамқорлық танытып, күтіп-баптаса деймін.
«Турасын айтып туғаныңа жақпайсың» дегендей, мен араға түсейін десем, бауырларыммен алакөз болып қаламын ба деп уайымдаймын. Сондықтан ішімдегі ашу-ызамды сіздерге айтып, жеңілдегім келді».
Перизат осы әңгімені өз туыстары оқыса, ақылға келіп, аналарын қадірлеуді түсінер деген үмітте.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Жеңгем жеңіл жүрісімен ұсталып қалды»: алматылық бойжеткен ащы шындықты жайып салды
«Күйеуін үйінен бездіріп жіберді»: жамбылдық әйел құрбысының сырын жайып салды