​«Балдызым өмірімді ластап кетті»: алматылық азамат екінші әйелінен қалай айырылып қалғанын айтты

0
3 763

«Менің атымнан алған несиесін өзіме төлеткізіп отыр»


​«Балдызым өмірімді ластап кетті»: алматылық азамат екінші әйелінен қалай айырылып қалғанын айтты

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өте пысық, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан қалағанын жұлып кететін жігіттерге қараймын да, қызғамын. Сөзге шешен, қыз-қырқын да соның жолында, әйелінің көзіне шөп салса да судан құрғақ шығып жатады. Ал мен өзім істемеген тірлікке басым шатылып, отбасымның берекесі қашты. Бәлеқор балдызым маған жала жауып отыр», - дейді Ералхан есімді алматылық азамат.


Үш баланың әкесі ERNUR.KZ тілшісіне өз өмірінен сыр шертті.


«Бірінші әйелімнен үш балам бар. Обалы не керек, марқұм әйелім өте жақсы адам еді. Жуас, қақ-соқпен ісі жоқ, отбасы, бала-шаға деп жүріп, өз денсаулығына мән бермей жүре беріпті. Ауруы асқынып, басындағы ісігі үлкейіп кеткенде бір-ақ білдік. Бір жыл қиналып жүрді де, үш баланы маған тастап кете барды.


Арада екі жыл өткенде екінші әйел алдым. Бұрын тұрмысқа шыққан, бірақ бала көтере алмай, ажырасып келген екен. Менің балаларымды өз баласындай бауырына басты. Еркек үшін одан асқан бақыт бар ма, балаларыма жақсы ана боп отырғанына шын қуандым. Одан басқа әйел маған керек емес. Басқаға көз тігу ойымда да болған жоқ. Жұмысқа тіке барып, үйге тіке қайтып жүрген адаммын. Сонда да бәле жабысты ғой.


Айтайын дегенім, екінші әйелімнің сіңлісі жөнінде. Тұрмысқа шықпаған, жасы отызға таяп қалған қыз. Әпкесіне мүлдем ұқсамайды, бұның мінезі жеңіл. Үйленген алғашқы жылдары «жезделеп» біздің үйге жиі келіп тұратын. Балаларыма да жақсы қарап, олармен селфи жасап, айлығынан әртүрлі тәттілер, киімдер сыйлап жүргенге жақсы адам деп ойлап қалғам.


Бір күні сол балдызым менен «Жезде, қарызға ақша бере тұрыңызшы, бірақ мұны әпкем білмесін, айлығымнан үш бөліп құтыламын» деп екі жүз мың теңге сұрады. Жинап жүрген ақшам болғасын ойланбай бере салдым. Алғашқы айда елу, кейінгі айда елу мыңын қайтарды да, сол күйі бермей қоя салды. «Балдыз, ақшаны қайттің, маған да керек» деп бір-екі мәрте сұрап ем, «болды, тауып беремін, сәл күтіңіз» деп құрғақ уәдеге тойдырды. Қыз баласы болғасын сұрай беру де ыңғайсыз екен. Әйелім үшін үндемей қоя салдым.


Енді өткен күзде «Жезде, көлік алғым келеді, біраз ақшаны жүріп жүрген жігітім тауып берді, жетпейтініне несие алайын деп едім, менің атымда ағамның кредиті бар, сіздің атыңыздан әперіңізші, ай сайын құйып тұрам» деп тағы қиылды. Бұл жолы қарызға беттегім келмеген, әпкесін араға салды. «Әперейік, не күйеуі, не баласы жоқ, көлікпен көңілін көтерсін» деп қоймады. Сосын банкке барып, 1 миллион теңге несие әпердім. «Сендей жезде ешкімде жоқ» деп қуанып, бетімнен қайта-қайта сүйіп, базардан арзандау көлік алып мініп алды.


Қарлығаш көлік алғалы біздің үйден шықпайтын болды. «Сендер қыдырып келе беріңдер, балаларға өзім қараймын» деп біз де емін-еркін той-томалағымызға барып келіп жүрдік. Бір күні әйелім жүкті екенін білді, неше жыл құрсақ көтере алмай, ішқұса боп жүрген ғой, жүрегі жарыла қуанды. Бірақ ол ұзаққа созылмады, іштегі сәбиге 4 ай толғанда жүрегі тоқтап қалыпты. Дәрігерлер туғызып, алдырып тастаймыз депті.


Сол күні біз үйге Динараны шақырдық. Балаларға қарап отырса деген ниет қой баяғы. Әйелімді алып, ауруханаға бардық. Дәрігерлер «Үш сағаттай осында, бақылауда болады. Кешке қарай қайтарамыз, бекерге күтпеңіз» деген соң үйге келгем. Балалар аулада ойнап жүр екен, балдыз үйде жалғыз. Есіктен кіргеннен жабысты.

«Мен сені ұнатам, жезде. Сіз де маған кетәрі емессіз ғой, сеземін. Әпкем жоқта бір көрейік» деп төсекке сүйрей бастады. Өмірімде мұндайды көрмегем, шошып кеттім. Ашуланып, балдызды үйден қуып шықтым. «Кетем, өзінше болмай-ақ қой, қайтер екен десем тегі. Анау несиені енді өзің төле, аңқау неме» деп подъезді басына көтеріп кетіп қалды.


Балаларды алып, ауруханаға барсам, әйелім жылап отыр. Мен барғанша оңбаған сіңлісі телефон соғып, мені қаралап үлгеріпті. «Кіргеннен маған тиісті, санымнан ұстап, мойнымнан сүйді. Несие әпергені үшін мені басынып отыр» деп араға несиені қыстырғанын қарамайсыз ба? «Сенің мұншалықты есепшіл, қатынқұмар екеніңді білмеппін. Байғұс әйелің сенің осындай қылығыңнан ішқұса боп өлген шығар. Қыз көрсең қылмыңдайтын сияқтысың» деп бірталай әңгіме айтты.


Не керек, сол күні әйелімді ағасы төркініне әкетті. Үш баламды жетектеп, үйге жалғыз келдім. Болған жағдайды айтып, ата-енеммен сөйлесейін десем, олардың да миын улап тастапты. «Балам, сенің үш балаңа қарап отырған менің қызым тақияңа тар келді ме, жүргіш болсаң басқа қыз құрып қалып па?» деп атам да бет бақтырар емес. Жасамаған ісім үшін жазықты боп, бір айдан бері рахатын көрмеген несиені төлеп жүрмін. «Қатынға жолама, қарасы жұғады» деген рас екен. Балдызым өмірімді ластап кетті...»