​«Тойыма аз ақша әкелдің, апарғанымды қайтармадың»: шымкенттік азамат туған ағасымен ренжісіп қалған

0
4 896

«Ол менің бір тойыма келсе, мен оның үш тойына өткізгенмін»


​«Тойыма аз ақша әкелдің, апарғанымды қайтармадың»: шымкенттік азамат туған ағасымен ренжісіп қалған

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазақта не көп, той көп. Тойдың төңірегінде қызық та, ұрыс-керіс те жетерлік.


Шымкенттік Ерлан деген азаматтың туған ағасы таяуда немересіне сүндет той беріп, сол тойдан кейін ағайынды екі азамат араздасып қалған. Даудың басы тойанадан шыққанын Ерлан мырза ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Маған салса қазіргі тойдың тең жартысын қысқартып тастар едім. Біздің қазақ осы тойдың кесірінен байымай жатыр. Бір айлыққа қарап отырған адам көп, тапқанын ішпей-жемей туыстарының тойына апарып береді де, дымға жарымай жүреді. Сондықтан әр адам көрпесіне қарай көсілсе дейсің, жұрттан қалам ба деп 200-300 адамды жинамай, шағын ғана, ет жақындарымен қуанышын бөліссе, сол жеткілікті емес пе?


Жұрт мені еркек басымен майда-шүйдені сөз етіп отыр дейтін шығар. Бірақ осы той, тойананың кесірінен ағамды ренжітіп алдым. Ол өзінікін дұрыс дейді, мен өз ойымды ақтап әлекпін.


Қысқасы, мен былтыр үлкен қызымды ұзаттым. Келін алғаннан гөрі, қыз ұзатудың әлегі көп. Келіншегім екеуміз тәтті шай ішкен күннен тыным таппадық. Жасауы бар, киім-кешегі бар, құдалық, той, оған үйдің ремонтын қыстырдық па, әйтеуір біраз шығындалдық. Обалы не керек, қайынжұртым көтеріп кетті. «Жиеніміздің спальный гарнитурын біз көтереміз» деп әрқайсысы 100 мыңнан әкеп берді. Тойанасы бөлек, құдалыққа тағы жинапты. Өз бауырларым да қарап қалмады, үлкен әпкем «бірінші тойың ғой, мен тоңазытқышын әперейін» деп 200 мың ұстатты. Қалғанын там-тұмдап, жетпегеніне несие алып жамадық.


Қызды ұзатып, қонақтарды шығарып салған соң отыра қалып тойана санайтын әдет қой, келіншегім, қарындасым үшеуміз отыра қалып елдің әкелген конверттерін ашып, тізім жасадық. Үлкен ағам 200 мың әкепті. «Дұрыс» дедім іштей, әкелсе, кезінде өткізгем, алғашқы тойым болғасын інісін қолдағаны деп ойладым. Ертеңіне қыздың «өлі-тірісін» тарқатып, тойымызға атсалысқан, қол ұшын берген ағайын-туыстың бәріне алғысымызды білдірдік.


Қош, сонымен, биыл ағам немересіне сүндет той жасады. Сүндет той деген үйлену, ұзату тойына қарағанда анау айтқандай шығындалмайтын той ғой. Келіншегіммен ақылдаса отырып, ағамның тойына 100 мың апарамыз деп шештік. Әйелім «Қайынағадан ұят емес пе, бізге 200 мың әкеліп еді» деп қипақтаған, обалы не керек. Мен тартындым. Себебі төлеп жатқан несиеміз бар. Оның үстіне осы ағам үлкен қызын ұзатқанда кір жуатын машинасын әпергенбіз, екінші қызына келіншегім алтын комплект тақты. Ұлы үйленгенде елу мың апарғам. Әлі тағы бір қызы бар. «Алда қуанышы көп қой, апара жатармыз» дегем.


Сүндет той жақсы өтті. Соңына дейін тік тұрып қызмет еттік. Ағайын болғасын ондай қызмет ету парыз, міндетсінбеймін. Дегенмен ертеңіне ағам бір әкеден тараған бауырлардың бәрін Құдайға шүкірге шақырған да, мені ұмыт қалдырған. Ұмытпайтыны анық, туған інісі естен шыға ма, демек, бұл жерде бір кілтипан бар.


Шақырмағасын, кешке қарай келіншегімді, балаларымды салып өзім бардым. «Тәте, тойды жақсы өткізіп алдыңыздар ма, Құдайға шүкір дедіңіздер ме?» деп жалпылдап жатырмын. Төрде, диванда жатқан ағамның сөйлеуге шамасы жоқ, аузын жыбыр еткізді де, үндемей отыра берді. «Тәте, той өзін өзі ақтады ма, тойхананың шығынын жапты ма?» деп тағы сұрадым. Сол кезде ағам «оталды» ғой. «Жапты, шүкір, ел-жұрт сыйлайды екен, абырой жинаппыз. Әрқайсысы бір-бір тайдың ақшасын әкепті. Қайта мына өз бауырларым жарытпаған. Кезінде әрқайсысына қарыздансам да, қауғалансам да апарғанмын, тым болмаса соны да әкелмеді» деп қалды. Осы әңгіменің маған тиесілі екенін түсіндім.


«Тәте, менің тойанама өкпелеп отырған жоқсыз ба? Несие бар, бір айлыққа қарап отырмыз, тапқанымызды алып келдік. Алда әлі қызықшылығыңыз тұр ғой, бұйырса бұдан да көп әкелуді нәсіп етсін» деп жаймен, тігісін жатқызайын десем, қоятын түрі жоқ. «Сен той істегенде кейін тағы тойы бар демедік қой осы» деп әңгімесі майдаланып кетті. «Бұл сіздің немере тойыңыз, алдыңғы қыздарыңызға, балаңыздың тойына мен де әбден өткізіп қойғам, азар түбі соларды қайтарған болдыңыз да. Тұр, Жанар, кеттік» деп шығып кеттім.


Содан бері екі ай өтті, әлі сөйлеспейміз, іні боп мен бармаймын, аға боп ол келмейді. Әпкелердің үйінде көрісіп қаламыз ғой, бірақ амандасудан әріге бармаймыз. Жағдай солай болды. Той, тойана мені бауырдан айырды. Қазір бауырды бауырым деп сыйлайтын заман емес екен, бәріне бақай есеппен қарайды. Күйіп кеттім. Бүйткен тойыңның...»