​«Бетімді гүлдің тікенегімен тілгілеп тастады»: түркістандық әйел күйеуінің зорлығына көніп жүргенін айтады

0
2 044

«Сөзіңді сөйлер төркінің болса тиран күйеуден қашу керек»


​«Бетімді гүлдің тікенегімен тілгілеп тастады»: түркістандық әйел күйеуінің зорлығына көніп жүргенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Әйелдерді қорлау, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қазір қоғамда қызу талқылануда. Оған себеп - бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің «әйелін ұрып өлтірді» деген күдікпен қамауға алынуы. Осы оқиғадан кейін ERNUR.KZ редакциясының әлеуметтік желідегі парақшасына бірнеше әйел хабарласып, басынан өткен оқиғасын көпшілікпен бөлісуді жөн көрген.


Солардың бірі Назгүл есімді әйел. Қырықтан асқан мүмкіндігі шектеулі әйелдің көрмеген қорлығы жоқ екен. Тағдырын тілшімізге баяндап берді.


«Біздің кезімізде алып қашу деген бар еді ғой. 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен құрбымның тойында танысып, бір-екі рет билегенім болмаса, сөйлескен емеспін. Көшеден күштеп алып қашты. Ол кезде қайтып келу деген түсінік жоқ еді ғой. Үйдегілер де алып кетеміз демеді. Жылап-жылап көндім.


Бір үйдің жалғыз баласы екен, екі әпкесі тұрмысқа шығып кеткен. Енем, үшеуміз алты жыл бірге өмір сүрдік. Бала көтермедім. Сол себепті талай мәрте таяқ жедім. Әсіресе енем күн бермейтін, жалғыз ұлын менен қызғанып не істемеді десеңші. Әйел болғасын бәріне көну керек, келіндік өмірдің осындай қиындықтары болады деген шешемнің сөзін жақсылап жаттап алғам, не істесе де, не айтса да көніп жүре бердім. Бірақ бір күні күйеуім «жинал, мен басқа қатынға үйленем, сені үйіңе апарып тастаймын» деді. «Ақыры шешкен екенсің ғой, дұрыс бопты, туатын қатын ал» деп енем қуанып кетті.


Бірінші күйеуім мені үйдің жанынан алып қашқан еді, дәл сол жерге әкеп, түсіріп кетті. Қолымда екі сөмке киім-кешегіммен төркінге сүмірейіп кіріп бардым. Қайтып келген қызды кім жақтырады дейсің. Әкем «елге қарабет еттің» деп айқайлады. Ішкілікке үйір ағам бар еді, «бір күйеуіңнің көңілін таба алмасаң несіне адам боп жүрсің» деп аузына келгенін айтты. Тек мамам ғана жағдайымды түсініп, бауырына басты.


Төркінге қадірсіз біреу болдым. Аға-жеңгемнің қабағына қараймын, балаларына бас-көз боламын. Үйдің шаруасына көмектесемін. Сонда да жеңгеме жақпаймын. «Мынау ыдыс мұнда тұрмайды ғой» деп бірден шу шығарып, мені ағаммен шағыстырды.


Бір күні мамам отырғызып алып «Қызым, сен бізді дұрыс түсін, қартайған шағымызда осы келіннің қолына қарап қалдық, ит те болса жағдайымызды жасап отыр, сондықтан бетіне қарсы келе алмаймын. Сені Пәленшенің төркін жағындағы бір жігітке берейін, бағың жанып балалы боп кетерсің» деп түсіндірді. Өзім де төркінімнен, әкем мен ағамның аларған көзінен құтылғанша асық едім, мамама бірден келісімімді бердім.


Танысқан жігіттің рең-басы тәуірлеу болды. Бір рет үйленіп, кейін басына іс түсіп, әйелі шыдамай кетіп қалған екен. «Уақыт созып қайтеміз, үйленейік» деді. Осылайша келісіммен ол мені ауылына апарып, кішігірім құдайы жасап, некемізді қидырдық.


Басында бәрі жап-жақсы болатын. Күйеуім үйде, ауылдың тірлігі мал ғой, күні-түні қорада. Кешке қарай ауылдың өзі сияқты жігіттерімен жиналып, аздап арақ ішетіні бар. Бір күні үйге өлесі мас боп келді. Келген бойда «Қолымнан сүйреп, "шық!" деп анайы сөздер айтып жұлқылады. Ыдыс-аяқты жуып, жан-жақты жинастырып, енді жатқам. Атам мен енем қыздарының үйінде қыдырып кеткен. Көмек сұрай қоятын ешкім болмады.


Күйеуімнің сөзінен ұққаным жігіттер боп арақ ішіп отырғанда біреуі «Е, сенің қатының тумайтын қатын ғой, оны бірінші күйеуі үйінен қуып шығып, төркініне әкеп тастағасын ауылдағы біраз еркек қызықтаған» деп айтыпты. Басқасын естімедім, құлағым бітеріп қалған. «Ондай нәрсе болған емес» деп жалынып, жылап жатырмын. Ішкен адам тыңдасын ба, «енді саған ешқандай еркек қарамайды, быт-шытыңды шығарам» деп далада өсіп тұрған роза гүлдің сабағына бетімді әбден үйкеді. Қан-жоса болдым. Бетімнің сау тамтығы қалмады. Бір уақта талып қалыппын, есімді жисам ауруханада жатыр екем. Полиция келіп не болғанын сұрап еді, «тікенектің үстіне құладым» деп құтылдым.


Бір қыз тудым да, екінші мәрте бала көтере алмай қалдым. Енді күйеуім «ұл тумайсың» деп таяқтайды. Мамам өмірден өтіп кетті, тірі күнінде сөзімді сөйлеп, шыр-пыры шығатын еді. Ал әкем мен ағамнан қайран жоқ, мен олардың асырап алған қызы сияқтымын. Жандары ашымайды. Кейде мамамның орнына әкем өлгенде ғой деп ойлап қаламын. Жалғыз сүйенішім сол еді. «Сорың бес елі екен, қайтейін» деп жылай-жылай өтті өмірден.


Артыңда сөзіңді сөйлейтін төркінің болса таяққа көніп жүре берудің қажеті жоқ екен. Ал менің ешкімім жоқ, қашып кететін үйім де жоқ. Амалсыз түрмеден шыққан тиранның таяғына көніп жүрмін...»