«Бір құлағым естімейтініне намыстанады»: түркістандық келіншек күйеуінің бөлек жататынын айтып сыр бөлісті

0
2 537

«Сыныптастары "таңдап тазға жолықтың" деп мазақ қылады. Менен қашып Кореяға кетіп қалмақшы...»


«Бір құлағым естімейтініне намыстанады»: түркістандық келіншек күйеуінің бөлек жататынын айтып сыр бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күйеуім мені менсінбейді, достарымен болатын отырысқа намыстанып, апармайды. Апармағаны былай тұрсын, алты айдан бері бөлек төсекте жатып жүр», - дейді Әлия есімді түркістандық оқырманымыз.


Отбасы жағдайына қарайлап, тұрмысқа кеш шыққан келіншек ERNUR.KZ оқырмандарынан ақыл-кеңес сұрап отыр.


«Тұрмысқа отызға толар шақта шықтым. Үйдің үлкенімін, өзімнен кейінгі бауырларымның бәрі әлі жас, ең кішісі әлі мектепте оқиды. Сондықтан отбасымның басына түскен сынақты әке-шешеммен бірдей көтеруге тура келді. Мен оныншы сыныпты оқып жүргенде анам мұзға тайып құлады да, белі шойырылып, жатып қалды. Кейін әкем Жетісай жақта бел омыртқасын емдейтін бір кісілерге көрсетіп, емдеткендей болды. Анам бес айдай өз аяғымен жүріп қалған. Бірақ кейін қайтадан ауырып, тұра алмай қалды. Сөйтсек құлаған кезде беліне сарысу үймелеп қалған екен, сонысы қатерлі ісікке ұласып кеткен. «Ота жасатуға кеш» деп дәрігерлер келіспей қойды.


Он бірінші сыныпты бітірер уақыт таяп қалған, қалаға барып оқимын деген арманымнң күл-талқаны шықты. Анама қарап, бауырларымның ас-суын әзірлеу керек, ауылда қалдым. Үйдің шаруасын күйттеп, әкеме тіреу боп жүргенімде тоғыз жылдың қалай өткенін байқамай қалдым. Алты жыл төсек тартып жатқан анам сол күйі жазылмай, бақилық болды. Ең кішкентай інім тоғызыншы сыныпқа өткенше жандарынан кетпедім. Тұрмысқа шығуды да ойламадым.


Бірақ шешемнің көзі кеткесін маған құда түсіп келушілер шыға бастады. Әсіресе ауылдағы ағайын жеңгелерім «Осылай жүре бересің бе, өз бақытыңды ойла» деп төркін жағындағы інілерімен таныстырды. Әкем де «енді бізге алаңдама, осы уақытқа дейін шешең, бауырларың үшін алтын уақытыңды сарп еттің, сіңлілерің бойжетті, тамақты өздері игереді» деп ақ батасын берді.


Осылайша мен Түлкібас жақта тұратын Азамат деген жігіттің етегінен ұстадым. Азаматтың да анасы ауырып, біраз жыл бұрын қайтыс болған екен. Атамыз екінші мәрте үйленіпті. Екінші енем де жақсы адам, ағайын жеңгемнің әпкесі боп келеді. Азамат екеумізді сол кісі таныстырған. Күйеуімен ажырасып, бір қызымен осында келіпті. Обалы не керек, атам мен енем мені жақсы көрді, қайынсіңлім де, екі қайынәпкем де келген сайын сыйлығын әкеп, мақтап отырады. Мендегі бар мәселе – күйеуім...


Азамат екеуміз бір-бірімізді жақсы танымай жатып үйленіппіз. Қыз бен жігіт боп жүргенде ол менің бір құлағымның нашар еститінін аңғармапты. Мен де ұялып айтпағам. Ерлі-зайыпты боп тұра бастағанда менің айыбым ашылып қалды. Бір айтқан сөзін «түсінбедім» деп қайта сұрайм.. Ол содан шаршап кетті. «Кереңсің ба, немене» деп жынданады да жүреді. Тіпті соңғы кездері менен намыстанатын боп жүр. Жұбайлық өмірдің қызығын екі-ақ ай көрдім. Содан кейін менен бөлек жататынды шығарды.


Қазір маған сөйлемейді, «әңгімелесейікші, жұмысың қалай» деп сөзге тартсам бітті, «не айтам, бәрібір естімейсің оны» деп тұрып кетеді. «Күйеуім жақтырмайды» деп төркініме қайтып кетуге намысым жібермейді. Бұл жағдайды әкеме де, бауырларыма да айтпадым. Құлағымды дер кезінде емдетуге болар еді, бірақ анам ауырып, әкем ақшасын емге жеткізе алмай жүргенде қосымша болғым келмеген. Ал енді ота жасамаса болмайды екен.


«Сен кетсең шалдың екі қызы мені түтіп жейді. «Бауырымызға кімді тауып бергенсің» деп мені де қызыммен бірге қосып қуатын шығар. Кетпеші, бәрі жақсы боп кетер» деп енем жібергісі жоқ. Ол кісі де бұл үйге бауыр басып қалған, Азаматты жақсы көреді. Маған үйленгенге дейін қарым-қатынастары дұрыс болған екен, кейін күйеуім «маған қандай адамды тауып бергенсіз, өгейлігіңізді жасадыңыз ба» деп өкпелепті.


Бірде Азаматтың достарымен тауға шыққанбыз. Келіншектермен тамақ істеп, дастарханды реттестіріп жүргем, анадай жерде сыныптас жігіттер карта ойнап отырған. «Аза, таңдап-таңдап тазыға жолыққаныңды айтам да, үлбіреген жап-жас қыздар тұрғанда мына кәрі кемпірді қайтіп алың и? Мамашкің де қызық, кім көрінгенмен таныстыра салған» деп мені жамандап отыр. Азамат қарсы сөз айтпады. Достарының көзінше мені ақтап алмағанына ызам келді.


Бұрын мүлдем ішпеген екен, үйленгелі бері араққа жақын боп кетті. Жұмысынан ішіп келеді. Өткенде әкесіне «мен Кореяға барып жұмыс істеймін, мына айлықпен өмір сүру мүмкін емес» деп айтыпты. Енді құжаттарын түгелдеп жатыр. «Мен бір жылға кетемін, мен келгенше мұнда не істейсің, төркініңе барып тұр» деді. Мәдениетті түрде үйінен қуып тұрғанын түсіндім. Бірақ құжат жүзінде ажырасып кетпегесін әкеме қай бетіммен барамын...


Өзіңді сүймеген адаммен өмір сүргеннен өткен қорлық жоқ екен, жүріп-жүріп тапқан күйеуім осы болды. Тым құрығанда арамызға дәнекер болатын бала да жоқ. Басым қатып кетті, ішімдегі сырымды кімге айтып, кімнен ақыр сұрарымды білмеймін. Сіздер не дейсіздер?»