​«Біреу қайтыс болса нан, құрт, сары май таратады екен»: Елордалық әйел оңтүстіктің салтына түсінбегенін айтады

0
3 298

"Ойдан шығарып алған ба?"


​«Біреу қайтыс болса нан, құрт, сары май таратады екен»: Елордалық әйел оңтүстіктің салтына түсінбегенін айтады

Бүтін ел болсақ та, өңірге қарай салтымыз бен жөн-жоралғымыз өзгешелеу боп келетіні жасырын емес. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, 48 жастағы Озира оңтүстікке барып елден ерек салттың куәсі болғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жыртыс тарату дегенді білетін едім. Бірақ оған қоса нан, сары май, құрт пен кәмпит таратқанды бірінші көруім. Бұл қайдан шыққанын сұрағанымды тіпті таңдандым», - деген ол мұндайды бұрынсоңды көрмек түгілі естімегенін айтты.


- Абысынымның қызы оңтүстік өңірге тұрмысқа шыққан еді. Өткен жылы індет алғаш тарағанда құдағиымыз қайтыс болды. Барлығы карантинде, қаланың өзін жауып тастағанда көңіл айтып бара алмаған едік. Биыл сол құдағидың жылдық асын берді. Салдырған вакцинамызға сеніп бата оқып бардық.

Марқұм құдағиымыз 72 жасқа келіп қайтқан екен. Біздің қызымыз қара шаңырақтағы ең кенже келіні.


Ас беріліп бата оқылған соң бәрімізге бір-бір қалташа ұстатты. Біз жақтан барғандар «бұл не?» десіп сұрастық та, қолымызға ұстап қала бердік. Маған қызық болып қалташаны аштым. Ішінде кішкене күлше секілді томпақ нан, ортасына бір қасықтай сары май жағылыпты. Тағы құрт, кәмпит салынған. Онысы несі деп түсінбедік. Жолға бергені ме әлде басқа ма деп аңтарылысып қалдық.


Алыстан келген соң көлігіміз кештеу келетін болғандықтан астан кейін бөлек күтті. Демалып шай ішіп отырып сондағы бір құдағидан әлгі нан мен құрттың жайын сұрадым. Білмегенді сұрасаң айыбы жоқ шығар?!


«Әйел адам қайтыс болғанда ғана таратады мұны бізде. 50-60 жастан асқан әйел кісі қайтса, осындай бір қалтаға дәм салып асқа келгеннің бәріне таратады. Оның мәні, қайтқан кісі талай жерде қонақ болды, талай дастарханнан дәм алған шығар. Соның қарызы ретінде қайтарымы деп береді. О дүниеде соның барлығы қарыз болып есептелмесін деген ниет шығар?!», - деді құдағи білгенінше түсіндіріп.


Біз мұндайды естімегенімізді айтып бір-бірімізге қарадық. Кейін бірер үлкен адамнан да сұрастырып көрдім, ешбірі ондайды естімегенін айтты. Ғаламтордан іздестіріп көрдім, көзіме түспеді.

Сонда қалай, салт пен жоралғыларды ойдан шығарып ала беруге бола ма? Оңтүстіктегі ағайындардан кешірім сұраймын, маған түсіндірген құдағидың айтуынан мен мұны ойдан шығарылып алынған деп түсіндім. Себебі, тойдан, басқа да дастархандардан балаларға деп дәм алатын бұрыннан бар. Рас, кейбіреулер секілді жиып әкетіп ерсі қылық көрсететіндер де жеткілікті. Бірақ соның қайтарымы, қарызды өтеу деп қайтыс болғанда нан мен май, құрт таратуды жөн көре алмадым.

Жыртыс сол үшін таратылмайтын ба еді?

Одан да таратпағандары жөн сияқты, - деп өз ойын білдірді елордалық әйел.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Досымның әйеліне үйлендім»: ақтаулық азамат сырымен бөлісті


«Күйеуім «төркініне» кетіп қала береді: алматылық келіншек шаршағанын айтты