​«Досымның әйеліне үйлендім»: ақтаулық азамат сырымен бөлісті

0
3 876

Ол «Екінші әйел алуымның өз себебі бар» дейді.


​«Досымның әйеліне үйлендім»: ақтаулық азамат сырымен бөлісті

«Қазақ байыса қатын алады» деген сөз бар. Бұл сөздің жаны бар, өйткені жағдайы жоқ еркекке ешкім тоқал бола қоймас. Сіз де осылай ойлайсыз ба?

Қалтасы қалыңдаған еркектің кейбірі мақтангершілік үшін екінші әйел алса, ұрпағын көбейту мақсатында тоқал алатындар да көп. Сонымен қатар басқа да жағдайларға байланысты әйелі бола тұра тағы үйленетіндер бар екен. Соның бірі – ақтаулық Мақсат есімді азамат.



Ол неліктен екінші әйел алғанын ERNUR.KZ тілшісіне түсіндірді:

«Менің асып-тасып бара жатқан дүнием жоқ. Бірақ екі әйелім бар. Бұның өз себебі де жоқ емес.

Ол бұрыннан біздің үйге жиі келіп жүрген келіншек. Отбасымызбен жақсы араластық. Күйеуі менің жан жолдасым еді. Басынан бастайыншы.

Бәйбішеммен жиырма жасымда отау көтердік. Үш баланың ата-анасы атандық. Ал екінші әйел алу туралы мен әйеліме ешқашан айтпағанмын, ондай ойым болмаған да. Қазіргі кейбір еркектер секілді даурығып, «Ата-бабамыз үш-төрт қатыннан алған. Шариғатта да төрт әйел алуға рұқсат етеді» демедім. Тоқал алу керек деп өрімдей жас әрі сұлу қызға үйленбедім. Мен сауап үшін үйлендім.

Тұрмысқа шықпай оң жақта отырып қалған қыз немесе күйеуінен айырылып жесір қалған, балаларымен қиналып жүрген әйелге қамқорлық көрсету үшін тоқалдыққа алсаң сауабы күшті болады.

Екінші әйелімнің күйеуімен жақсы дос едік. Ол осыдан он шақты жыл бұрын қайтыс болған. Өзінің өмірден өтерін сезді ме екен, маған екі баласын аманаттап кетті.

Бұрыннан асқазаны ауыратын. Ол жиі ауруханаға түсіп қалатын. Көңілін сұрап барғанымда досым «Өмірден өтіп кетсем, балаларыма бас-көз боласың ғой» дейтін. «Олай деме. Балаларыңды өзің өсіріп, өзің қарайсың. Асқазан ауруынан қайтыс болғанды естімеппін» дейтінмін оған. Бірақ ажалы жетті ме екен, сол ауруы асқынып, ауруханада жатқанда жантәсілім етті.

Оны жер қойнауына тапсырып жатқанда іштей оған сөз бердім. Балаларын ешқашан ешкімнен кем етпейтінімді, оларға қолымнан келген барлық жақсылықты жасап, азамат етіп жеткізетінімді айттым. Әрине ол маған ешқашан «менің әйелімді ал» деген жоқ. Ешкім олай айта алмасе керек. Тек қана қамқор бол, отбасыма бас-көз бол деді.

Досымның қалада өз үй-жайы бар еді. Өте еңбекқор, пысық жігіт еді ғой. Досым қайтқалы мен анда-санда үйіне барып, азық-түлік апарып беріп, жағдайларын сұрап жүрдім. Бір мәселе туындай қалса, әйелі қоңырау шалып маған айтатын. Балалары алдымнан ағалап жүгіріп шығады. Әсіресе бір жарым жасар ұлы «папа, папа» деп қасымнан шықпайды. Кетерде жібергісі келмей жылайды.

Сөйтіп жүріп мен досымның кішкентай баласына қатты бауыр басып қалдым. Балаларына әке мейірімі қажет екенін ұғып, Алланың алдында некемізді қиып, екінші әйел қылып алдым.

Өз әйелімнің тарапынан ұрыс болған жоқ. Менің қандай мақсатпен алып жатқанымды, нәпсі қумағанымды, менің әділдігімді түсінген шығар.

Қазір шүкір деймін, олар құрбылардай сырлас. Негізі бұрыннан әйелдерім бір-бірімен құрбы болып араласатын.

Әрине бастапқыда балалар үшін ренжісіп қалып жүрді. Әйелдер арасында қызғаныш та болды. Қазір бәрі қалпына келіп, реттелген.

Туыстарым да біледі. Бәрімен жақсы араласамыз. Ешкімнен жасырмаймын. Екеуіне де тең қараймын. Не сатып алсам да екеуіне бірдей алам. Балаларымызды бөліп-жармаймын. Бұны айтуға оңай болғанмен, қиындығы да көп. Сондықтан да нағыз ер-азамат қана екі әйел ала алады деп ойлаймын.

Көп әйел алуды насихаттады деп айыптамаңыздар, әркімнің өз жолы бар. Қолдан келсе жасау керек, барлығын реттей алатыныңа сенімді болсаң ғана тәуекелге бар деп айтамын ақыл сұраған бауырларыма. Егер жай ғана нәпсіқұмарлық болса, екінші әйел аламын деп бірінші әйеліңді жылатып қойсаң, одан туған балаларыңа дұрыс көңіл бөле алмасаң, ауыр жүкті мойныңа артып қажеті жоқ.

Сондай-ақ айтайын дегенім, екінші әйел алудың өз қиындықтары бар. Оның артында үлкен жауапкершілік тұр. Әйелді құдай еркекке аманат етіп берген. Бұ дүниеде ғана емес, ақыретте да аманатқа, яғни әйелдеріміз үшін жауап береміз. Сондықтан да екінші әйел аларда көп ойланған жөн. Ал мен бір жыл ойланып жүріп, саналы түрде осындай қадамға бардым. Өкінбеймін...»



Тағы да оқыңыз:


«Күйеуім бала-шағасына ақша қимайды»: түркістандық келіншек ренішін айтты

«Бай күйеуіммен төркініме барудан қысыламын»: алматылық әйел қиындықтарын айтты