​«Біреуі күйеуімнің досы екен...»: астаналық әйел үш еркектің құрбаны болғанын айтып берді

0
1 583

«Менің кесірімнен мүгедек боп қалды»


​«Біреуі күйеуімнің досы екен...»: астаналық әйел үш еркектің құрбаны болғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Менің өмірім шытырман оқиғаға толы кино іспеттес. Бүгін соны қысқаша баяндап, ішімді босатып алғым кеп тұр», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Индира есімді астаналық оқырманымыз.


Қарағандының аядай ғана ауылынан шығып, Астанаға үлкен арманмен келген Индираның тағдырын үш жігіт талқандапты. Содан бері көрмегені жоқ. Басынан өткен жағдайды оқырманымыздың өзі баяндап берді.


«Әкем мен анам мен мектепке баратын жылы ажырасып кеткен. Анам кейін екінші рет тұрмыс құрып, одан інім мен сіңлім бар. Тұрмысымыз анау айтқандай керемет болған жоқ. Кедейліктен құтылудың жалғыз жолы жақсы оқу екенін түсіндім де, бар зейінімді білімге бұрдым. Мектепті жақсы бітіріп, өз күшіммен Астананың маңдайалды университетіне грантқа түстім. Бар арманым мықты маман иесі боп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, анамды, бауырларымды Астанаға көшіріп әкелу еді...


Жатақханада тұрамыз, университеттен онша алыс емес, бір бөлмеде тұратын қызбен күнде кешкісін жаяу қайтып жүретінбіз. Сол күні ол нағашы әпкесінің үйіне баратын болды да, үйреншікті жолмен жалғыз қайттым. Жол шетінде бір машина тоқтап тұр екен. Мен арғы бетке өтпек болып, жолға жақындай бергенде ішінен бір жігіт шығып, «Қарындас, қайда барасыз, отырыңыз, жеткізіп тастаймыз» деді. Күн батып, қараңғы түсіп қалған кез ғой. Бірден секем алып, «жоқ, рахмет» деп жолдан ертерек өтіп кетуге әрекеттендім. Бірақ ішінен тағы бір жігіт шықты да, мені мал сияқты өңгеріп алып, көлікке отырғыза салды. Айқайлауға мұрша бермеді.


Олар ескілеу бір үйдің алдына келіп тоқтады. Машинада үш жігіт, екеуі алдында, біреуі артында, бәрі ішіп алған. Жалынғаныма да, жылағаныма да қараған жоқ, көтерген күйі әлгі үйдің ішіне кіргізіп, кереуеттің үстіне лақтыра салды. Бір уақта біреуі бір бөтелке арақты әкеп, аузыма күштеп құя бастады.

Арғы жағы есімде жоқ, есімді жисам тырдай жалаңаш жатырмын. Денемді көтере алмаймын, аяқтан күш кеткен. Айналама қарасам ешкім жоқ екен, дереу шашылып қалған заттармды жинап, қашып кетуге бекіндім. Тәлтіректеп сыртқа шықсам, әлгі үш еркек карта ойнап отыр екен. «Тоқта!» деді біреуі. Екіншісі «Сен бізді танымайсың! Егер біреуге айтсаң, өміріңнің не болатынын білетін шығарсың?! Тыныш жүр!» деп ескертті. «Ешкімге айтпаймын» деп жылап жібердім. «Жүр, отыр» машинаға деп үшеуі мені алып, жатақхананың жанынан түсіріп кетті.


Одан кейінгі өмірімнің мәні кетті. Бір апта «ауырып қалдым» деп университетке бармадым. Тамаққа тәбетім тартпай, ұшынып, түнімен шошып, жылап, өз-өзіме әрең келдім. Бірақ еркектерге деген үрей, сенімсіздік бойымда қалып қойған, топталып тұрған жігіттерді көрсем денем түршігіп кететін.


Амалдап жазғы сессияны бітіріп, Қарағандыға барғам. Анамның жанында көңілім жайланып, алаңсыз демалам деп ойлаған едім, олай болмады. Жүрегім айнып, қайта-қайта құсып, емханаға бардым. Сөйтсем менің аяғым ауыр екен. Үш айдан бері етеккірім келмей қалғанына мән бермеппін. «Сорлы қыз, сені оқуға жіберіп едім ғой, мынауыңның әкесі кім? Тез шақырт, саған үйленсін, болмаса ішіңдегіні алдырып таста! Үш жетімді баққаным жетеді маған» деп мамам жылап, әбден ұрысты. Ертеңіне «мені іздемеңіз, өзім хабар беріп тұрам» деп хат жазып, Астанаға қайтып кеттім.


Қолымда мамамның 18 жасқа толғаныма таққан жүзігі бар еді, соны ломбардқа өткізіп, жалға берілетін бөлме іздедім. Бір орыс кемпірдің бөлмесі бұйырды. Ол кісіге «аяғым ауыр» деп едім, «Босанғаныңша тұрасың, бірақ роддомға кетерде есептесіп кет, балаңмен қабылдай алмаймын» деп ескертті. Содан жақын маңдағы дүкенге көмекші боп кіріп, босанғанша амалдадым.


Шынымды айтсам, ары қарайғы өмірімнің не боларын білмедім, оқуға да сол күйі бармай қойдым. Ай-күнім жетіп, перзентханада қыз босандым. «Бірінші босануыңыз ба, қанша апталық?..» деп мені қабылдаған дәрігерге «Сіз еркексіз ғой, мені әйел адам босандырсын» деп қашқам. Бірақ қолы жеңіл кісі екен, «мен еркек емеспін, мен дәрігермін» деп жүріп босандырып алды. Қайдан білсін менің еркектерден қорқып қалғанымды...


Қысқасы, сол кісі перзентханадан шыққанша қайта-қайта келіп, жағдайымызды біілп тұрды. «Ертең сізді шығарамыз, туыстарыңызға хабар беріңіз» деді ол. «Жарайды» деп палата қалдым да, біраз уақыттан соң кабинетіне барып, ағымнан жарылып, жылап қалдым. Менен әлдеқайда жасы үлкен адам ғой, әкемдей көрдім бе, басымнан өткеннің бәрін бүге-шүгесіне дейін жайып салдым. Үн-түнсіз тыңдады да, «уайымдама, бір амалын табамыз» деді ол.


Ертеңіне кешкісін өзі перзентханадан шығарып алып, туыс әпкесінің үйіне апарды. Ол кісінің ешкімі жоқ екен. Мені қуана қабылдады. Бөпеме болысып, білмегенімді үйретіп, екеуміздің әңгімеміз жараса кетті. Дәрігер аға аптасына екі мәрте келіп, ас-ауқатымызды әперіп, бір жылға дейін қызым екеумізді асырап бақты. Уақыт өте дәрігер ағаға қатты бауыр басып қалғаным соншалық, келмей қалса алаңдап, сағынатын жағдайға жеттім. Ол да әйелінен ажырасқан еркек екен. Бір келгенде маған сезімін білдіріп, ақырында екеуміз үйлендік.


Отбасын құрғанымызға екі айдай уақыт өткен, бір күні күйеуім «Үйге достарым келем деп қоймай жатыр, кішігірім дастархан жайып, күтіп жіберейік» деді. Мен қуанып, барынша дайындалдым. Кешкісін күйеуім жұмыстан келіп, қонақтарды күтіп алдық. Ерлі-зайыпты үш отбасы екен, үлкен асты ортаға алып жей бергенде есіктің қоңырауы соғылды. Бір уақта ірі денелі бір еркек «Ал, досым, құс құтты болсын!» деп жуан даусымен айқайлап кіріп келді. Ас үйде жүрген маған әлгі дауыс өте таныс естілді. Ақырын барып қарасам кезінде мені зорлаған еркектің біреуі екен. Жүрегім атқақтай соғып, күйеуімді ас үйге шақырып алдым. «Сәке, жаңағы келген досыңыз кезінде мені зорлаған үш еркектің біреуі» деп аузымды қолыммен басып жылап жібердім.


Не керек, сол күнгі отырыс ырың-жырыңмен аяқталды. Күйеуім ашумен әлгі досын сыртқа шақырып, болған жағдайды айтыпты. Екеуі сол жерде төбелесіп, іште отырғандар әрең ажыратып, бәрі үйлеріне қайтқан. Содан кейін біраз уақыттан соң жұмысына сап-сау кеткен күйеуім үйге мүгедек боп оралды. Үйге қайтар жолда аварияға ұшырап, омыртқасын зақымдап алған. «Қалай болғанын білмей қалдым, алдымнан бір машина кесіп өтті» деді. Ауруханада бір айдай жатты. Күнде қызымды жетектеп алып тамақ тасимын.

Күдігім сол досы ма қорқамын. Бірақ содан кейін оларды көрмедік. Бәрін бір Аллаға тапсырып, қоя салдық.


Қазір мүгедек күйеуімді, қызымды бағып отырмын. Әйтеуір басымызда баспана бар, соған шүкір. Өзім босанған перзентханаға завхоз боп кіріп алғам. Бұйырған несібемізді тауып жеп отырмыз. Тек жанымды қинайтыны алтын қолды дәрігердің менің кесірімнен мүгедек боп қалғаны. Мен үшін басын бәйгеге тіккен күйеуіме қалай қызмет етсем де жарасады. Бір күні аяғын басады деп сеніп, сол үмітпен өмір сүріп жатырмын».