«Бірінші әйелі күйеуімнен екіқабат»: шардаралық келіншек ақыл сұрайды

0
6 033

​Айманның орнында болсаңыз, не істер едіңіз?


«Бірінші әйелі күйеуімнен екіқабат»: шардаралық келіншек ақыл сұрайды

«Адамның мінезі қандай болса – тағдыры сондай болады» деген рас па? Сіз қалай ойлайсыз?

Шардаралық Айман есімді келіншек өміріндегі әділетсіздіктерді жұмсақ мінезінен көреді. «Ол отбасылық өмірде әйелге қаттылау мінез керек екен» дейді. Айман жұмсақтығын пайдаланып басынған күйеуі мен оның бірінші әйеліне ренішті.



Дәрменсіз ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Бала кезден тұйық боп өстім. Мүмкін оң жақта отырып қалуыма осы мінезімнің әсері болған шығар?!

Мейлі, өткенге өкінгеннен пайда жоқ. «Ештен кеш жақсы» деп, үйленуге ұсыныс жасаған ер-азаматтың етегінен ұстадым. Әрине, көп ойландым. Бірақ менде таңдау болған жоқ. Жеңгелерім «25 жастағы қыздар тұрмысқа шыға алмай жүргенде, саған 40 жасыңда «үйленем» деген еркектің табылғанына қуан» деген болатын. Құрбыларым да «Дайынға барасың, баспана алам, кредит жабу керек деген уайымың болмайды» деп мені көндіріп еді.

Расында, күйеуімнің тұрмыстық жағдайы жақсы. Ата-анасы кезінде лауазымды қызметтер атқарған. Содан болар, даңғарадай зәулім үй салып, жағдайларын жасап алған. Күйеуім сол ата-анасының абыройының арқасында бір мекемеде басшы. Өзі де көрікті, мәдениетті.

Бірақ мені оның үйі, қызметі, басқасы да қуанта алмай жүр. Үнемі түзде жүретін, отырыстарға ертіп бармайтын күйеуді қайтем?

Мүмкін балалы болсам, сәл де болса бақыттың дәмін сезер ме едім, кім білсін?! Алайда күйеуім алғашқы түннен соң тәніме жақындамады. Көбіне мен ұйықтап қалғанда келеді. Тек құшақтап жатады.

Менен неге суығанын білмеймін? Әйтпесе, пәк, адал боп келгенімді біледі. Егер ол маған «жақындамаса» сонда мен қалай балалы боламын? Ал бұл туралы ашық әңгімелесуге ұяң мінезім кедергі боп жүр.

Мүмкін денсаулығы болмай жүрген шығар, оның үстіне жасы да 48-ден асқан ғой деп түсіністікпен қарадым. Бірақ соңғы айда естіген жаңалықтар менің оған деген сезімімді суытып жіберді.

Күйеуімнің бірінші әйелінен бір ұл, екі қызы бар. Ол балаларымен араласып тұратынын бастапқыда айтқан, мен келіскенмін. Оның айтуынша, бірінші әйелінің үйден кетуіне енесі себепші болған. Құдағилар ренжісіп қалған көрінеді. Содан енесі келініне тыныштық бермей, ақыры оны ұлынан ажыратып жіберген екен.

Азамат бұрынғы әйелін жамандамады. Онымен татуласу үшін талай әрекеттенгенін, бірақ әйелінің тарапынан ешқандай ұмтылыс болмағанын да айтқан. «Ажырастық, бірақ балалардың ешқандай кінәсі жоқ, оларды әкесі ретінде қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, мейір-махаббатымнан айырмаймын» деген еді. Азамат бұл сөздері арқылы нағыз азамат екенін білдірген. Маған да жылы, тәтті сөздерін арнап отырады. Себепсіз гүл де сыйлайды.

Енемнің де менімен қарым-қатынасы жақсы. Төркініме жиі жіберіп тұрады. Ата-анама түрлі сыйлықтар беріп жібереді. Менің ата-анамның тұрмыстық жағдайы олардыкінен төмен болса да, кемсітпейді. «Келін, тынығып ал» деп демалуға мұрша береді.

Былайша айтқанда, сүйікті келінмін. Бірақ күйеуіме сүйікті бола алмай жүрмін. Ол бірінші әйелімен байланысын үзбеген. Маған суық.

Өткен айда күйеуімнің бір досының туған күні болған. Жұмыстан шыққан соң құттықтап қайтатынын айтқан. Той-думанға құмар емеспін, сондықтан «Мені үйден алып кет, мен де барамын» деген жоқпын. Ал кейін көрші тұратын бір келіншек күйеуімнің бірінші әйелін отырысқа ертіп барғанын айтып берді. Сенбеп едім, фотоларын көрсетті. Кездейсоқ жолығысып қалған шығар деп, өзімді жұбаттым.

Ал жақында әлгі келіншек тағы да бір фото көрсетті. Күйеуімнің бірінші әйелі төртіншісіне жүкті екен. Менің күйеуімнен аяғы ауыр.

Күйіндім. Жылағым келді, бірақ көз жасымды көрсеткім келмеді. Қашанғы жұмсақтыққа салына берем деп, өзімді қайрап, күйеуімнің бұрынғы әйелінің үйіне бардым. Ол да Шардарада тұрады.

Ашуланбай, жайбарақат менің сөзімді тыңдады. Сосын «Менің ол үйге қайтып баратын ойым жоқ. Ұлыма серік болсын деп жүкті болғанымның несі айып? Сен де ту, кім кедергі? Азаматтың екі отбасының жағдайын жасауға шамасы жетеді. Басқа біреуден емес, балаларымның әкесінен тууды қаладым. Онда тұрған не бар? Қорықпа, мен оны ажыратып алмаймын. Тек балаларымның жағдайын жасаса болды, жетеді» деді.

Тамағыма өксік тығылып, сөйлей алмай шығып кеттім. Үйге жеткенше жылап келдім. Бірақ енеме де, күйеуіме де бұл туралы айтпадым. Айта алмаймын.

Ажырасып кетейін десем, өмірімнің орта тұсында қайда барам? Қарт әке-шешем мен тұрмысқа шыққанымда қатты қуанды. Оларды мұңайтқым келмейді. Бірақ өзім де мұңайып, іштей жылап өмір сүргенді қаламаймын. Не істесем екен?..»


Айман көпшіліктен ақыл-кеңесс сұрайды. Оған қандай кеңес бересіз, өмірлік тәжірибесі мол әпкелер мен жеңгелер?


Ұқсас оқиғалар:


«Қайынәпкем кредит алдырып, төлемей жүр»: ақтөбелік келіншек ренішін айтты


«Бесіктің шүмегін алмасып едік»: тараздық әйел қалай ұлды болғанын айтты