​«Бесіктің шүмегін алмасып едік»: тараздық әйел қалай ұлды болғанын айтты

0
6 364

Ұл сүйгісі келетіндер осы ырымды орындап көрсе болады екен. Оны төсектің астына қоясыз.


​«Бесіктің шүмегін алмасып едік»: тараздық әйел қалай ұлды болғанын айтты

Бүгінде заманауи әдіс-тәсіл, техника көмегімен ұлды да, қызды да алдын ала жоспарлауға болады. Бірақ сонда да ұлы бар ананың қызды, ал қызы көп әйелдің бір атұстар баланы аңсап жүргенін көп кездіруге болады.

Қазақ отбасында шаңыраққа ие болар ұлдың орны әрине ерекше. Ал медицина дамымай тұрған кезде бұрынғы апа-аналарымыз ұл туу үшін не істеген екен?

Сұрастырдық. Олар түрлі ырымдарға сенген. Мысалы, тараздық Қанапия апаның төрт қыздан соң ұлды болуына кәдімгі шүмек себепші болыпты. Иә, бесіктің шүмегі.



Қанапия апа бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:


«Енем бір күнде екі келін түсірді. Соның бірі – мен. Отбасылық өміріміз бір күнде басталған абысыныммен өзгелер ғана емес, біз де бір-бірімізді салыстырып жүретінбіз. Біз тіпті бала туудан да жарыстық десем болады. Сөйтіп жүріп араларына екі жылдан салып, қалай төрт баланы өмірге әкелгенімді аңғармай да қалдым.

Бірақ бәрібір мен абысынымнан өзімді төмен санадым. Өйткені оның төрт ұлы болса, менде ылғи қыз бала еді. Абысыным қара шаңырақта қалды. Ал бізді бөлек шығарды. Әрине сол кездері мен бұны ұлымның жоқтығымен байланыстырдым.

Екі жылдай ауылда бір жамағайынымыздың бос тұрған ескі үйін паналадық та, кейін күйеуімнің жұмыс бабымен қалаға көшіп кеттік. Қалаға келген соң мен ұл бала туралы ойлап мұңаюды доғардым. Өйткені бір подъезде тұратын көршілерімнің арасында перзенті жоқ ерлі-зайыпты бар еді. Мүгедек баланы асырап отырған жалғызбасты әйел де бар. Солармен өз өмірімді салыстырып, шүкір дедім. Ұл бала, қыз бала деп асылық етуге болмайтынын, бастысы дені сау перзентіңнің бар екеніне тәубе ету керектігін түсіндім.

Сондықтан болар, абысыным тағы ұл туғанда бұрынғыдай көңілім түспеді. Онымен жарысуды, тууды да тоқтаттым. Мүмкін қаланың қат-қабат тіршілігімен жоқты ойлауға мұрша да болмаған шығар...

Күйеуім әскери бөлімшедегі жұмысынан шығып, базарға саудаға кетті. Жер сатып алып, үлкен үй салдық. Кейін үйдің қасынан шағын азық-түлік дүкенін ашып, оның жұмысын жүргіздік.

Қыздардың алды бойжете бастағанда күйеуімнің мектеп бітіргеніне 20 жыл да болып қалған еді. Сыныптастармен кездесуге мініп барамын деп, топтап жинап жүрген қаражатқа жақсы көлік алды.

Сыныптастарының ішінде жағдайы жақсысы, сымбаттысы да менің күйеуім. Бірақ күйеуімнің көңілі түсіп қайтты. Өйткені сыныптастары отырыс соңында мас боп қалып, күйеуімнің жанды жеріне тиісті. Бірі «Зәулім үй салыпсың, көлігің де тамаша. Бірақ ертең қартайғаныңда көлікті кім айдайды? Қыз деген – қонақ, шаңырағыңа кім ие болады?» десе, бір сыныптасы «Ауылда тұрсам да, жағдайым болмаса да үш ұлдың әкесі ретінде бақыттымын» деді.

Күйеуім қалаға жеткенше жақ ашпады. Сол күннен бастап бұрынғыдай жайраңдап жүрмейді, үнемі ойға шомып отырады. Сұрасам, «бәрі жақсы, жұмысты ойлап отырмын» деп құтылады. Бірақ оның бір кем дүниесін іштей сезем.

Күйеуім маған ешқашан ұл туып бер деген емес. Бірақ мен 20 жылдық кездесуден соң өзімді айыпты санай бастадым. Күйеуімнің алдында үлкен бір қарызы бар адамдай сезіндім.

Сөйтіп жүргенімде бір күні үйге ауылдағы абысыным мен қайнағам келді. Үлкен ұлы колледжге оқуға түскен екен, соны біздің үйге жайғастыруға келгені ғой... Ұлы біздің үйге орналасқалы абысыным жиі келетін болды. Бұрынғыдай емес, ол ашылып сөйлесетін болған. Сырын да, мұңын да айтып бөліседі.

Бір күні ол маған «Қыздарың бар, бақыттысың ғой» деді. Таң қалдым. Ол осы күнге дейін өзін менен жоғары санайтын еді. Бетіне бажырая қарадым. Ал ол «Бір қызың тамақ істесе, біреуі үйді жинап, қолғабыс боп жүр. Сырласасың қыздарыңмен, дүкен аралайсың бірге. Ал мен жалғыз өзім. Күйеуім де, ұлдарым да менің жанымды түсінбейді. Бір қызым болса деп армандаймын» деді.

Сосын біраз күмілжіп отырды да «Сенен қыздарыңның шүмегін сұрайыншы деп келдім. 45 жасқа дейін бір қыз туып алсам деп ойлап жүрмін. Жай сенім ғой, бірақ шын сеніп ырым етсе орындалады дейді. Ырымдап саған ұлдарымның бесіктегі шүмегін әкелдім» деді.

Көзіме жас келді, абысынымды қалай құшақтап алғанымды білмей қалдым. Оның ақ ниетіне көңілім босады.

Біз шүмек алмастық. 40 жастан кейін тууға қорқақтап жүрген едім, абысынымның сөзі демеу болды. Екеуміз бірге емделіп жүріп, бір-бірімізге тілеулес боп жүріп келесі жылы жүкті болдық. Ол менің ұлды болуымды, мен оның қызды болуын тіледім. Рас, шын көңілмен тіледім.

Сенесіздер ме, абысыным қыз, ал мен ұл босандым. Екі жылдан соң абысыным тағы бір қыз туды. Ал мен сол бір ұлға шүкір дедім. Күйеуімнің қуанышында шек болмады. Оны жазып жеткізе алмаймын. Бәрінен де оның алдында өзімді қарыз адамдай сезінбейтін болдым.

Қазір қыздар тұрмыста, ұл үйленген. Немерелерім бар...»


Әрине ұл, қыз деп бөлуге болмайды, екеуі де – перзент. Ұлым немесе қызым жоқ деп мұңаю да – ақымақтық. Дегенмен, ұл сүюді армандап жүргендер осы бір ырымды орындап көрсе артық болмас. Қанапия апаның айтуынша, шүмек алмасып, оны жатын бөлмедегі төсектің немесе жастықтың астына қою керек екен.


Ұқсас оқиғалар:


«Бір ұлым, үш келінім бар»: алматылық ана жалғыз ұлының он балаға татитынын айтып мақтанды

«Сіңлімнен қызғанамын»: Алматылық келіншек өмір бойы қызғанышпен өмір сүруге мәжбүр екенін айтты