​«Денеңді суық басқан, қыз тудың»: түркістандық әйел қыз туғаны үшін үйінен қуылғанын айтып берді

0
1 674

«Қазір қайныма тұрмысқа шықтым...»


​«Денеңді суық басқан, қыз тудың»: түркістандық әйел қыз туғаны үшін үйінен қуылғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бір анадан ала да, құла да туады» деген рас екен. Бұрынғы күйеуіме қараймын да, қазіргі күйеуіммен арасы жер мен көктей екенін түсінем. Қазіргі күйеуім – бұрынғы қайным...» - дейді Ақмарал (есімі өзгертілді).


Оқырманымыз күйеуінің көзі тірі бола тұра қайнысымен көңіл қосыпты. Олай істеуіне себеп болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жиырмамда кіші жеңгем таныстырған жігіттің босағасын аттадым. Төркін жағындағы таныстары екен. Мақтауын келтіріп, мен тұрмысқа шыққанша шырылдап жүрді. Күйеуіммен көп кездеспедік, ауыл арасы алыс болғасын тек телефонмен сөйлесіп жүрдік те, бір күні менің келісіміммен алып қашты. Алғашында бәрі жақсы болатын. Бара сала аяғым ауырлады. Таңертең сәлем салған сайын енем «ұл тап» деп бата беретін. Әр әңгімесінде «ішіңдегі бала ұл болады-ау» деп күліп отыратын.


Ай-күнім жетіп қыз босандым. Енемнің шынайы бет-бейнесі осы кезде ашылды. «Жаман қатын қыз туады», «немене бұтыңды цементке төсеп отыра бергенсің бе, денеңді суық басып, қыз тудың» деп кекетіп-мұқатып сөйлейтін болды. «Құдай-ай, менің балама бір жері тартпаған ғой мынаның, түрің құрысын» деп немересін ұстамайтын. Мейірімі түсіп қараған емес. Күйеуім де шешесінің айтқанына үнсіз келісе кететін. Қызын еміреніп қолына алған емес. «Мынауың жылап жатыр-еу» деп шақыратын. Как будто төркінімнен туып келген қызымдай қарады.


Ол кезде өзім де бала болдым ба, онша-мұнша сөздерін елемей жүре бердім. Бірақ көп өтпей екіншіме аяғым ауырлады. Ол кезде Құдайдан ұл болса екен деп тіледім. Себебі екіншісі ұл болмаса енемнің мені қарғап-сілейтіні анық еді. Біз айтқанымызбен Құдайдың өз жоспары бар ғой, екіншім де қыз боп туылды. «Мамамның айтқаны рас, сенің құйрығың тек қыз шығаратын завод екен» деп күйеуім ішіп келіп ұратын. Ондайда үйде жүрген қайным араға түсіп, мені арашалап алып қалатын.


Неге екенін білмейм, енем мазақтап, күйеуім жұдырық ала жүгіргенде қайным бір сөзбен тыйып тастап отыратын. Өзі менімен жасты, әңгімеміз де жарасатын. «Үйленсейші» деп арасында әзілдеп қалам. «Сені жүндей түтіп жатыр, менің әйелімді мыналар аяйды дейсің бе, үй алып, бөлек кеткенде бір-ақ үйленем» деп күліп қоя салатын.

Осы жерде тағы бірдеңе есіме түсіп отыр, күйеуім де енем де қыздарымның туған күнін тойлатқан емес. «Не керегі бар соның» деп жекіп тастайтын. Туған күндеріне ағалары ғана торт әкеп, тілек айтып беттерінен сүйетін.


Арада екі жылдай өткенде тағы біреуін тусам ұлды болатыныма сендім. Ауылдағы акушер апайға барып есептетіп, керекті ем-домымды алып, үшіншісін көтердім. «Осыдан ұл болмаса көресің» деп күйеуім қайта-қайта ескертіп отырды. УЗИ-ге түсіп, қыз екенін білгенде үлкен жеңгеме барып әбден жылағам. «Мынаны алдырып тастайм» дедім. Жеңгем райымнан қайтарды. «Қайдан білесің, осы қызың ертең сенің маңдайыңды жарқыратар мықты министр болатын шығар. Құдайдың бұйыртқанын көреміз, күйеу балаға да ақыл кірер. Үндеме, қыз не ұл екенін айтпай жүре бер. Туып алғасын бір мәнісі болады» деп жұбатып қайтарды.


Қыз туғанымды естісе енемнің екі қызымды ұрып тастайтынын біліп, алдын ала ағамның үйіне жібергем. Күйеуім перзентханаға әкеп, қыз екенін білгенде телефон шалып «енді үйге келмей-ақ қой, мен басқа қатын алам» деп кетіп қала салды. Ол үйге енді қайта бармайтынымды туып жатып түсіндім.


Перзентханадан ағам, жеңгем, ауылдан қайным келіп шығарып алды. Қайным «Мақсат пен мамама ренжімей-ақ қой, әлі-ақ тәубелеріне келеді, адамның қадірін білмей отыр ғой» деп көзіне жас алып қалған-тұғын. Аға-жеңгемнің үйіне келіп, қарындастарын көріп тұруға рұқсат сұрап, қоштасты.


Обалы не керек, үлкен жеңгемнің даналығы ғой, менің үш қызымды өз балаларынан кем көрмей, бір жыл бақты. Бір жылдан соң үшеуін де бақшаға беріп, дүкенге сатушы боп кірдім. Осы уақыт аралығында қайным келіп, жағдайымызды біліп тұратын. Қыздар ауырып қалса дәрі-дәрмегін жеткізіп беріп, жиі телефон соғып жүрді.


Арада тағы бір жылдай өткенде қайным маған сөз салды. Бұл уақта күйеуім басқа біреуге үйленіп кеткен. Ол әйел де бір қыз туып, бірақ енем оған қарсы сөз айта алмай қалған.

«Мен мына қыздарды ойлаймын, сенің де жалғыз қалғаның жаныма батады. Осы қыздарды екеулеп өсірейік. Маған тұрмысқа шық. Әлі үй алмадым, бірақ пәтер жалдап, сендерді асырауға шамам келеді» деп айтты. «Сол қатынмен қосылсаң менің бетімді көрмейсің» деп шешесі аттай тулаған екен. Олармен біржола қоштасыпты.

Қайнымның ұсынысын ағам мен жеңгеме айтып едім, ағам біраз қарсы болды. «Бауыры анандай, бұл қайбір жетіскен адам дейсің» деп шықты. Бірақ жеңгем сенді, «бұл жігіт басқаша, жүрегінде иманы бар, басқа біреу сенің қыздарыңа қалай қарайды, ал мынау өзінің қаны ғой» деп ағамды көндірді.


Үш жыл болды, бұрынғы қайныммен біргеміз. Жақында ұл таптым, күйеуімнің қуанышында шек жоқ. Қыздарым да бақытты, жұмыстан келсе «папалап» алдынан жүгіріп шығады. Кезіндегі жылап жүрген күндерімнің өтеуі осы болды. Әр күніме шүкір етіп отырмын».