​«Екінші әйел алуға рұқсат бердім»: шымкенттік әйел себебін айтты

0
105 977

Ақылды шешім бе, әлде амалсыздық па?


​«Екінші әйел алуға рұқсат бердім»: шымкенттік әйел себебін айтты

«Өміріңнің бел ортасында күйеуіңнің екінші әйел алам дегені өте ауыр екен. Бірақ бәрібір алады екіншісін егер шынымен қаласа. Онымен ажырасқым келмеді. Заңды түрде бірінші әйелі боп қалу үшін рұқсат бердім», - дейді шымкенттік Балзия есімді әйел.

Оның айтуынша, күйеуінің бұның алдында үлкен айыбы бар. Бірақ Балзия да өзінің айыпты екенін білгендіктен рұқсат беруге мәжбүр бопты.


Ол күйеуінің және өзінің жақындарынан ұзақ жыл жасырған айыптарын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«Екеуміз де мединститутта оқыдық. Ол үшінші курста, мен бірінші курста оқып жүргенде таныстық.

Қыз-жігіт боп кездесіп жүргенде аяғым ауырлап қалды. Болатхан қазір үйлене алмайтынын айтып «аборт жасат» деді. Ал мен болашақ гинекологпын, жасанды түсіктің зардабы туралы айтып жылап отырмын. «Жүдә сол аборттан кейін бала туа алмай қалсаң да саған үйленем, бірақ диплом алған соң. Ал қазір баланы алдырып таста» деп жалынды, уәде берді.
Алты жыл жүрдік. Болатхан сөзінде тұрып, диплом алған күннің ертеңіне үйленді. Ал мен ол кезде әлі студентпін.

Болатхан үшін бірінші орында карьера болды. Сондықтан да алғашқы жылдары мүлде бала туралы сөз болмады. Ол докторантураға оқуға түсіп жалғастырды. Сөйтіп жүргенде мединститутты бітірдім.

Мен біз үйленгелі жүктіліктен сақтанған жоқпын. Бірақ жүкті болмадым. Ана болғым келді. Тексерілдім. Дәрігер аборт жасалғанын бірден айтты. «Сауатсыз жасалған. Соның салдары болуы мүмкін, әйтпесе денсаулығың жақсы. Бірақ қосымша тексерулерден өтпейінше нақты себебін айта алмаймын» деді. Қосымша сараптамалар тапсыруға кеңес берді. Айтқанының бәрін орындадым.

Себеп анықталды. Жалпақ тілмен айтқанда, жатырдағы ұрық «жататын» орын қырналған. Өсімдік те топырақта өсіп өнеді ғой. Ал асфальтқа себілген гүл ұрығы өнбейді. Аборттың зардабын осылай айтсам түсініктірек болатын шығар.

Жыладым. Үшінші курста Болатханның сөзін тыңдап аборт жасатқан күнге лағынет айттым. Өзім акушер-гинеколог дипломын алып отырмын, бірақ ешқашан ана бола алмаймын. Қасірет емей немене?!

Жұмыстан келген Болатханның жер-жебіріне жетіп ұрыстым. Айыптадым, кінәладым. Ол басы салбырап үнсіз ұзақ отырды. Ашуым басылған соң ғана жаныма жақындап кеп құшақтады. «Ешқашан тастамаймын. Құдай алдында сөз берем, ажыраспаймын. Баласыз да бақытты өмір сүреміз» деп жұбатты.

Арада талай ай аунап, жыл жылжыды. Болатхан білдей хирург, ал мен перзентханада білікті акушер-гинекологпын. Талай адамның өмірін сақтап, талай жанның ана болуына жәрдем беріп келе жатырмыз. Алайда өзімізде бала жоқ. Бір кем дүние-ай!

Адамның дегені бола бермейтіні де рас екен. Былтыр күйеуімнің жұмысындағы бір медбикемен байланысы бар екенін естідім. Болатхан жұмыс істейтін ауруханаға бір группаласым жақында ауысып барған болатын. Жаңалықты сол келіншек айтты.

Қызғандым, опасыздығына ашуландым. «Менің ана бола алмауыма сен кінәлісің. Ешқашан тастамаймын деген уәдең қайда?» дедім күйеуіме. Ол жайбарақат қана «Тастамаймын, ажыраспаймын. Бірақ екінші әйел алам рұқсат берсең» деді.

Бұндай сөз қай әйелге де ауыр тиеді. Бірақ ауыр болса да ол айтты. Көп ойландым. Рұқсат бермесем де ол алады. Өйткені медбике қыздың екіқабат екенін естігем. Менің ана болғым келетіні секілді Болатхан да әке болуды армандайды. Ертең бала туылғанда, оның тәтті қылықтары шыққанда ажырасып кетсе ешнәрсе істей алмайтыным белгілі. Мұндайда еркек уәдесін ұмытып кетеді. Сондықтан да рұқсат бердім. Басқа жол жоқ еді. Осылай ғана мен оның маған деген құрметін, уәдесін сақтап қала алам.

Болатханның қазір екінші әйелінен бір қызы бар. Бұны ағайын-туысқандарымыз білмейді. Өйткені Болатхан менімен ажырасқан жоқ. Көбіне менімен бірге. Мені әйел ретінде өте қатты сүйетінін, ал екінші әйелін баласының анасы ретінде жақсы көретінін әрдайым айтады.
Жақында ол «Бөбектер үйінен бір бала асырап алайық» деді. Ал мен ойланып жүрмін.
Мені ойлағаны ғой, әйтпесе оның өз қанынан жаралған перзенті бар. Ол менің де бала құшақтап, ана бақытын сезінгенімді қалағандықтан айтып жүр. Ниетіне ризамын, бірақ бәрібір ол бақыт өзің туған сәбиді құшқан бақытпен тең болмайтын шығар...»


Балзияның соңғы сөзінен не қуанғанын, не мұңайғанын аңғара алмадық.

Құрметті оқырман, араларыңызда бала асырап алып, ана бақытына бөленгендер болса, ой-пікірмен бөліссеңіздер. Бала асырап алуға қорқақтап жүргендерге қолдау болсын.



Ұқсас оқиғалар:


«Шешеме әпермеген алтынды енеме тақсам да жақпай жүрмін»: түркістандық келіншек ренішін айтты


«Алғашқы махаббатым тұрмысқа шықпай қартайды»: түркістандық азамат ағалардың қателігін айтты