"Ененің көңілін табу үшін ақ тер, көк тер болудың қажеті жоқ екен. Бәрібір еңбегін бағаланбайды"
«Енең ешқашан анаңдай болмайды деген рас екен. Мысалы, анаңа шағын сыйлық жасасаң ол қатты қуанады. Ал енеге сыйлығыңның ұнауы да, өзіңнің ұнауың да өте қиын» дейді түркістандық Айбаршын есімді 32 жасар келін.
Ол қыз күнінде ата-анасының үйінде жапырып тірлік істемегеніне, анасына бірде-бір алтын тақпағанына іші ашиды. Соның бәрін енді күйеуінің анасына жасауға мәжбүр.
Ренішін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген Айбаршын былай дейді:
«Үйде бес келінбіз. Бесеуміз де енеміздің көңілін табу үшін барымызды саламыз. Өмір-ай десеңізші, осы бесеуміз өз шешеміздің көңілін табуды ойламағанбыз кезінде. Өз анасын тек ренжітіп, уайымға салатын қыздардың басқа біреудің анасының алдында құрдай жорғалайтыны қызық-ә?!
Әр үйдің өз заңы болады ғой. Мен келін боп түскен шаңырақтың бір заңы бар, әр мерекеде енеге сыйлық жасау. Бұны үлкен абысыным айтқанда онша мән бермегенмін.
8-наурызда әдемі үлкен орамал сатып алдым енеме деп. Мейрам күні бәріміз қара шаңыраққа жиналдық. Бәрі сыйлықтарын тапсырып жатыр. Қарасам, әр келіні алтын тағып жатыр. Бірі жүзік, бірі білезік, ал мен орамалымды иығына жаптым. Күліп, қуанып отырған енемнің түрі өзгеріп кетті. «Орамалым көп менің, бұны не істеймін?» деді бетіме бажырая қарап. Бәрі үнсіз, жым-жырт. «Алтыныңыз да көп қой, сол сияқты...» дедім де ары қарай абдырақтап қалдым. «Үлкен жастағылар тағатын орамал ғой» деп иығынан жұлып алып, шетке тастады. Сол кездегі күйімді айтып жеткізе алмаймын. Рас, енем әлі жас, бірақ орамал да сыйлық қой.
Сол күннен бастап мен енемнің жауына айналдым. Әр ісіме тиіседі. Үйде жиын, отырыс бола қалса ауыр тірліктің бәрін маған істетеді. Абысындарым көмектесейін десе, «Жоламаңдар, Айбаршын жусын, Айбаршын тазаласын» деп, оларды қимылдатпайды. Менің шаршағанымды көріп рахаттанады.
Біз қалада пәтер жалдап тұрамыз. Анда-санда бір барып тірлік істесем болды деп ойлағанмын. Бірақ әр сенбі мен жексенбіде енем қоңырау шалып шақырады. Қара шаңырақта абысыным тұрса да, енем маған жұмыс дайындап қояды. Кілем жуғызады, асхана, времянка, үлкен үйді ақтатады. Одан қалса есік алдындағы үлкен баудағы бүкіл ағаштың түбін ақтатып шығады.
Қолдарым талып, шаршап отырып қыз күнімді есіме алам. Ех, шіркін әке-шешемнің үйінде өткен әр күн – жәннат екен ғой, соны білмеппін. Анам байғұс бір өзі осындай тірліктің бәрін істегенде, есейіп қалсам да көмектеспегенмін. Сондықтан анама енемнің апта сайын тірлікке салып сілемді қатыратынын айта алмаймын. Анам «үйде сол тірліктерді істемеген едің» деп ренжитін шығар. Маған айтпаса да, телефон тұтқасын қойған соң күрсініп, өз-өзіне солай айтып ренжитіні анық.
Бір күні қара шаңырақтағы абысыным «Енем алтынды жақсы көреді. Оған тек алтын сыйлаймыз. Әйтпесе осылай тыныштық бермейді. Мені де, басқа келіндерін де осылай жұмысқа жеккен. Алтын сыйлап құтылдық қой оның жазасынан» деді.
«Менде алтын алатын ақша жоқ болса ше? Өзіме алтын сатып ала алмай жүрмін ғой. Пәтер жалдап тұрамыз, артық ақшам жоқ. Ұлының түрі анау, тұрақты жұмысы жоқ. Тіпті анама да осы күнге дейін алтын тақпағанмын. Егер ақшам болса бірінші өз анама алтын тақпаймын ба?» дедім ашуланып.
Үлкен абысыным «Ұрғаннан тиісе берген жаман. Өзің білесің. Бірақ енеміз сенде ақша бар ма, жоқ па түсінбейді» деді. Алтын тағатын жағдайда емеспін, оның үстіне басқа келіндері тағып жатыр ғой алтынды деп, мерекелерде шәйнек, кесе сыйлап жүре бердім. Алайда енем де маған тиісе беруін қоймады. Ойпырмай, ол да қайтпайды екен. Бәрінен де күйеуімді маған айдап салуға көшкені қатты ренжітті. Жаман ұлын адам қылып отырғаныма қуанудың орнына, екеумізді ұрыстырып, керістіреді.
Түрін көрмек түгілі, даусын да естігім келмейтін бопты. Сондықтан да осы жазда еңбек демалысында алған ақшамның 270 мың теңгесін алтынға жұмсадым. Иә, кулоны бар алтын трос сатып алдым.
Ешкімге айтпай, 19-шілде туған күнін күттім. Енеме тосынсый жасап, көңілін жібітейін деп ойлағанмын. Келіндері таққан алтындардың ең қымбаты менікі. Бірақ енем тағы да түрін бұзып, «Жалпақтауын алмадың ба? Мен ірі әйел болған соң жалпақ алтын тақпасам, көрінбей қалады» деді. Қуанышым су сепкендей басылды, көзіме жас үйірілді. Өзіме жетпей жүрсе де осындай алтын таққаныма рахмет айтып, қуанса болмай ма?
Адамның қанағатсыз болғаны жаман екен. Келін боп түскен үш жылда енемнің аузынан «шүкір», «рахмет», «айналайын», «тапқаныңа береке берсін» деген сөздердің шыққанын естімеппін. Осы алтынды анама тақсам ше, ол балаша қуанар еді-ау. Енемнің ұнатпайтынын білгенімде, шешеме сыйлар едім ғой алқаны.
Содан соң енемнің маған жыли қойғаны шамалы. Ақыры оның көңілін таба алмайды екенмін, бұдан былай алтын да тақпаймын, сыйлық та жасамаймын. Енді әр жексенбіде ауылға барып тірлік те істемеймін. Көңілім қалды...
Түсінгенім, түрлі-түрлі ене бар, түрлі-түрлі мінез бар. Ешкім ешқашан енеге жүз пайыз ұнаған емес. Сондықтан оның көңілін табу үшін ақ тер, көк тер болудың қажеті жоқ екен. Бәрібір еңбегің бағаланбайды, рахметі жоқ»
Осылай дейді Айбаршын. Сіз ше, мерекелерде, туған күнде енеңізге қандай сыйлық жасап жүрсіз? Оған жасаған ең үлкен сыйлығыңыз қайсы?
Ұқсас оқиғалар:
«Атам ет бермейді»: түркістандық келіншек бір қора қойы бар қайынатасына өкпелі
«Терезеден кірген» келінді ырымның кесірінен енесі үйінен қуып жіберген