​«Інімді туған балалары ӘКЕ деуге намыстанады»: жетісайлық әйел жан сырымен бөлісті

0
3 054

"Оны өз балалары сыйламайды"


​«Інімді туған балалары ӘКЕ деуге намыстанады»: жетісайлық әйел жан сырымен бөлісті

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жетісайдан хабарласқан оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне осылай деп ағынан жарылды.


«Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыру мүмкін бе, қарағым, - деп бастады әңгімесін Айсара ханым. – Менің жанымды жегідей жеп жүрген мәселеден бәлкім біреу сабақ алар, ой салар деп айтып отырмын.


Екі інім бар еді, біреуі осыдан жеті жыл бұрын ауыр дерттен көз жұмған. Екіншісі үйлі-баранды. Бес перзентін өсіріп, тәрбиелеп, алдын үйлендіріп те қойды. Бір қарағанда інімнің отбасы әжептеуір, ішіп-жемнен кенде емес. Үй де, көлік те, бәрі бар. Бірақ береке жоқ. Береке неден кетеді?! Ынтымақтың жоқтығынан. Інімнің үйінде ауызбіршілік жоқ. Соны сіздерге айтып, бір жеңілдеп алғым келді.

Мен бұрын олардың отбасында мұндай мәселе барын білмейтінмін. Анда-санда төркіндеп барғанымыз болмаса, ішкі тірліктеріне араласпаймыз ғой. Бір күні інім үйге қыдырып келіпті. «Такси шықпай, біраз қиналып қалдым. Үйдегі балаға апара қойшы деп едім, жұмысым көп деп тыңдамады», - деді інім. Мұны естіген соң қарап отырам ба, «Екі балаңда екі мәшине бар, жас кезіңде қызығушылық танытып, шопырдың оқуын оқып алмапсың да. Осы күні ешкімге жалынбай, өз көлігіңмен жүрер едің» дедім. Үндемей, үйіне кеткен. Жолай ішімдік ішіп алыпты. Сосын үйіне барып, жанжал шығарыпты. «Көліктің кілтін маған беріңдер, дәл қазір мәшине айдап үйренемін» деп балаларын біраз әурелесе керек.


Ертеңіне үлкен қызы маған хабарласып: «Біздің шаруамызға араласпай, жайыңызға жүрмейсіз бе?! Папамызды азғырып, көлікті өзің ал деп үгіттегенсіз бе? Керек болса ініңізді өз үйіңізге апарып асыраңыз. Бізге мұндай алқаш әкенің керегі жоқ. Егер біз болмасақ ініңіз «давно» бомж болып кетер еді. Қайта ініңіздің ішіп алып көрсететін «концертіне» шыдап жүрген бізге рахмет айтыңыз...» деп бірталай әңгіме айтып тастады.


Сіңлімнің мұндай сөздері менің арқама аяздай батты. «Итің ұры» десе намыстанатын қазақ емеспіз бе, інімді өзге емес, туған қызының бұлай тілдегеніне әбден ызаландым. Әрине, мен де қарап қалған жоқпын, бауырымды жақтап, оған да біраз нәрсе айттым. Мұндай жағдай соңғы екі-үш жылда жиі қайталанатын болды. «Ініңіз ішіп жүр» дегенді келіннен де жиі еститін болдым.

Себебін бауырымның өзінен сұрасам, «Мыналар мені адам орнына көрмейтін болды. Өздері табыс тауып, ақшаны өздері ұстаған соң, бар тірлікті менімен ақылдаспай шешетін болған. Пікірімді тіпті сұрамайды. Мен бір жүрген көлеңке сияқтымын. Аузымды аша бастасам болды, «Ой, папа, қойыңызшы. Тыныш отыра берсеңізші, қарныңыз тоқ, киіміңіз бүтін бе, болды. Басқасын өзіміз қатырамыз» деп әкіреңдеп шыға келеді. Сосын күйініп кетемін де, ішіп аламын. Сау кезде сөйлей алмаймын, ішіп алсам, күйігім сыртқа шығады, жеңілдеп қаламын» деп ағынан жарылды.


Былтыр інім алғашқы немересіне арнап сүндет той өткізген. Сонда үйдегі келін ініммен ақылдаспай тойдың күнін белгілеп, тойхана тауып, бәрін шешіп тастаған ғой. Қызын ұзатар кезде де құдағимен өзі ғана кездесіп, тәтті шайын ішіп, бәрін шешіп-пішіп тастаған. Осындай тірліктерден кейін ол шаңырақта береке болушы ма еді?!

Келінімді жаман дей алмаймын, барсаң тамағын алдымызға тосып, шайын қабақ шытпай береді. Бірақ күйеуін сыйламайтынына, оны адам орнына көрмейтініне ашуым келеді. Кезіне інім байғұс сол бес баланы бағамын деп небір ауыр жұмыстарды істеді. Балаларым тоқ жүрсін, ешкімнен кем болмасын деп жұмыстан шығып пойыздан жүк түсіретін. Жаздыгүні әркімнің үйін сылап, кірпішін қалап жүретін. Қыздары кішкентай кезде әкемнің қызымын, әкем жақсы деп отыратын. Енді өз қолдары ауыздарына жеткен соі, әкелерін сыйламай, оны керек етпей қалыпты.


Меніңше мұның бәрі әйелдің тәрбиесінен сияқты. Келініміз «анау әкелерің тағы ішіп алыпты, тағы да миды жейтін болды» деп балаларына жамандап отырса, «әкеңнен сұра, әкелерің не дер екен» демесе, балалары қайтіп сыйласын?! Әрине, мен мұнымен бауырымды сүттен ақ, судан таза дей алмаймын. Балалардың бетінен қақпай, айтқанын істеп, дегеніне о бастан көнгендіктен осындай жағдайға жетіп отыр. Енді оларды түзету мүмкін емес сияқты.


Мен бұл жағдай өзгелерге сабақ болса деймін. «Баланы – бастан, қатынды – жастан» дегенді қазақ бекер айтпаған. Еркек еріккеннен ішімдікке салынбайды. Соның себебін анықтап, мәселені шешуге бәрі бірігіп атсалысуы керек. Сонда ғана шаңырақ шайқалмайды.»


Осылай деген ол әйел өз орнын, еркек өз рөлін, бала ата-ана алдындағы өз міндетін білгенде ғана отбасының берекесі кірмек екенін айтады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Коронавируспен ауырған соң тоқал аламын деп шықты»: шымкенттік келіншек көпшіліктен кеңес күтеді


«Жеңгем құдалықтағы бүкіл дастарханды алып кетті»: түркістандық келіншек жаға ұстатар жайтты айтты