«Жеңгем құдалықтағы бүкіл дастарханды алып кетті»: түркістандық келіншек жаға ұстатар жайтты айтты

0
13 384

"​Бұл ата-анамыздың кінәсі..."


«Жеңгем құдалықтағы бүкіл дастарханды алып кетті»: түркістандық келіншек жаға ұстатар жайтты айтты

(сурет ашық дереккөзден алынды)

«Әр отбасының тәрбиесі әр түрлі. Мысалы, біздің отбасында қыз болсын, ұл болсын ешқашан ата-анаға салмақ салып көрмеген. Олардан көмек те күтпейді. Мектепті бітірерде әркім өз жолын іздейді. Не отбасы құрады, не оқуға түседі.

«Мен қандай оқуға түсем?», «Пәленшемен сөйлесіп мені жұмысқа тұрғызыңыз» деп, әке-шешемізге айтқан да емеспіз. Жоғары сыныпқа өткеннен бастап тестке дайындалып, жоғары оқу орнына құжатты да өзіміз тапсырып үйренгенбіз. Диплом алған соң да жұмысты өзіміз іздеп жүгіреміз. Тұрмысқа шығу, үйлену шығындарын да өзіміз табамыз, жабамыз. Мүмкін әке-шешеміз әрдайым бейтарап қалған соң өз күнімізді өзіміз көруге кішкентайымыздан әдеттенген болармыз», - деп бастады әңгімесін түркістандық Нұрила есімді келіншек.

Айтуынша, олар үйінде алты перзент. Бірақ бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектесуді білмейді ешқайсысы. «Бастысы, бір-бірімізге зиянымызды тигізбейік» деген ұстанымда олар.

Бір жағынан бұл баланың ешкімге жалтақтамай, өз бетінше өмір сүріп кетуіне тәрбиелейді. Сонымен қатар, зиянды жағы да бар. Зиянды жағы сол, бұл тәрбие келіндерге де «жұғады» да, ұл бала әке-шешесінен алыстайды.


Әке-шешесінің бала тәрбиесінде жіберген қателігін Нұрила ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:


«Үлкен әпкем тұрмысқа шығарда артынан апаратын жасауының бәрін кредитке алды. Ол кезде әпкем жұмыс істеп жүрген. Өзінің және жездемнің жалақысына сенген ғой. Кейін құдалығын өткізерде де киітке, дастарханға ақшаны анама беріп, бірге базарға барды. Анама, әкеме құдалыққа, тойға киетін жаңа киім әперді.

Осыған әке-шешем үйреніп қалды ма екен, үлкен ағам үйленем дегенде, әкем «Бірінші маған құдалыққа киетін костюм-шалбар әпер» деп еді. Ал анам беташарға, құдалық тойға кететін шығынды есептеп берді. Сосын «Шиеттей бала-шағаның ас-ауқатын әрең тауып беріп отырмыз. Әпкең сияқты кредит аларсың бәлкім» деді. Енді ғана әскерден келген ағамда артық ақша қайдан болсын? Кредит алуға ол қорқақтады. Сөйтті де басқа қалаға жұмысқа кетіп қалды. Беташарды, тойды қажет етпейтін балалы бір келіншекпен бас қосып, Қарағандыда тұрып жатыр.

Мен де өз әрекетімді жасап, әр демалыста ауылға барып үйді ақтап, сырлап дайындалдым. Жігіт жақ құда түсіп келетін күнге дастарханды да өзім дайындадым, бәрін өзім сатып алдым. Қатты қиналдым, сол кезде қазақтың жөн-жоралғыларының көп екеніне ашуым келген. Бәрі шығын. Әрине, жұмыс сітеп, осындай шығындарға ақша жинап жүргенімде жасым 26-дан асып кеткен болатын.

Менен кейінгі екі сіңлім өздері қамданып, келіскен түрде қашып кетті. Өйткені құда түсіп келетін болса, дастархан жасау керек. Бірақ кейін бәрібір құдалық шақырылды ғой, ол кезде әке-шешем сіңілдерімнен ақша сұрады.


Ал екінші ағамның тапқаны өзіне жетпей жүрген. Сондықтан ол бәрімізден соң отбасын құрды. Мамандығы бойынша жұмысын тастады да саудаға кірісіп кетті. Жұмысы бар қызға құда түсіп, сырға салып үйленді. Арада бес ай өткен соң біз жақ, яғни ағам құдалық той жасады. Ауылдағы үйге шақырылды құдалар. Ағамның табысы жақсы болғандықтан дастарханды керемет етіп жайды. Екі тамақ, соңынан кәуап берілді.


Қыз болсақ та төркінге барғанда қазан-ошақтың басында жүреміз. Сол кезде көргенім, жеңгем өзі сатып әкелген тұзға дейін салып алды. Жаңа құдаларды улап-шулап шығарып салып, өзіміз отырып шай ішейік деп залға кірсек, дастархан тып-типыл. Сіңлім жеңгемнің бәрін жинап алып, көліктеріне салып қойғанын айтты. Тіпті әке-шешесі алып келген киітке дейін салып алыпты. Ешқайсымыз жеңгемізге қарап сөйлей алмадық. Өйткені бұл дастарханға бір тиын шығармадық қой. Ақша шығармаған соң сөйлей де алмайды екенсің. Дастарханда қалған бір-екі салат, бауырсақ-нанмен ағайын-туысқа шай бердік.

Ағам мен жеңгем сол күні түнде қалаға кетіп қалды. Анам «Ойбуй, ертең көршілерге шай беруім керек еді. Дастарханға не қоямын?» деп отыр. Бірақ ағама да, жеңгеме де бұл сөзін айта алмады.

Не керек, біз де өз үйлерімізге қайтып кеттік. Қалаға жеткенше ішім алай-дүлей болды. Кеше ғана келін боп түскен жеңгемнің әрекетіне таң қалдым. Қарт әке-шешеме жаным ашыды. Бір ұлы Қарағандыда, бір ұлы Шымкентте бөлек тұрып жатыр. Олар қарт әке-шешемізді қолымызға алайық немесе қара шаңырақта біреуіміз қалайық дегенді ойлап жүрген жоқ. Сонда әке-шешеміз өмірінің соңына дейін жалғыз тұра ма?

«Өзі болған қыз төркінін танымас» деген рас екен ғой. Ағаларымның да, жеңгелерімнің де ата-анамызға жаны ашымайды. Бір жағынан мен оларды түсінем. Ата-анамыз не оқуға түсуге, не үйленуге көмектеспеді. Тым болмаса сөзбен қолдау көрсетіп, «Жасың келді ғой, үйленсейші» деп те айтқан емес. Тіпті тұрмысқа шыққалы қыздарынан да «Қалай өмір сүріп жатырсың? Жағдайың қалай?» деп әкем де, анам да сұраған емес.


Кейде олардың тасмейірлігіне таң қалам. Перзентке білім әперу, үйлендіру, тұрмысқа беру ата-ананың парызы емес пе?! Ата-ана осы парызын орындамаған соң ешнәрсені міндет те ете алмайтын сияқты. Бізді эгоист еткен ата-анамыз. Жаным ашиды оларға. Ал ағаларыма ренжимін.


Бірақ тұрмысқа шығарда ақша таппай қиналғанымды, өз құдалығымды өзім жасап шапқылағанымды, артымнан апаратын киімдерімді түгендей алмай, әр құрбымнан бір киім алып, кейін оларды қайтарып бергенімді ойласам, ағаларым мен жеңгелерімді түсінгендей болам. Мұндайда дастарханды түгел салып әкеткен жеңгеме емес, осы уақытқа дейін ұл-қызының өміріне еш алаңдамаған ата-анама таң қалам. Біздің ата-анамыз ғана сондай ма, әлде бар ма?..»



Ұқсас оқиғалар:


«Телефон соғып «КІМ БҰЛ?» деп сұрайды»: тараздық әйел күйеуінің тексеруінен шаршаған


«Күйеуім жұмыста болдым деп алдайды»: алматылық келіншек өтірікке тойғанын айтты