​«Інімнің суретін пайдаланып ақша алған»: шымкенттік әйел бауырының алаяққа алданып қалғанын айтты

0
1 495

«Телефоныңызды ешкімге ұстатпаңыз»


​«Інімнің суретін пайдаланып ақша алған»: шымкенттік әйел бауырының алаяққа алданып қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазір алаяқтықтың түр-түрі шығып кеткен. Абайламасаң қақпанға топ етіп түсіп қалуың мүмкін. Әсіресе, сенің атыңды жамылып, таныстарыңнан қарызға ақша сұрайтындардың дәурені жүріп тұр.


ERNUR.KZ редакциясының әлеуметтік желідегі парақшасына хат жазған Меруерт есімді әйел інісінің әлдебіреудің тұзағына түскенін айтыпты. Алаяқ әйел бауырының суретін уатсап нөміріне қойып, бірталай адамнан ақша сұраған.


«Ақарыс менің ең кішкентай інім. Басқаларымыз үйлі-жайлы боп кеткенбіз. Тек осы інім өз теңін кездестірмей жүріп қалды. Оған денсаулығындағы кінәраты кедергі болды. Кішкентай кезінде көзіне үшкір зат кіріп кетіп, бір көзі ағып түскен. Содан бері қара көзілдірік тағады.


Жігіт болған сайын көзінен қысылып, басқа жігіттер сияқты қыдырмайтын. Көбінше оңаша қалып, қолынан келетін жұмыстарды істеп жүре беретін. Әкеміз өмірден ертерек өткен, ал мамамыз жақында қайтыс болды. Мамам осы баласын уайымдап кетті, «інің жалғыз қалмасын, реті келсе өзің жақсы қыз тауып беріп, үйлендірші» деп айтқан. Сол кісінің аманатымен бес-алты қызбен таныстырдым. Болмады. Бір-екеуін бұл ұнатпады, қалғандары інімнің көзінен сескенді.


Сөйтіп жүргенде інім әлеуметтік желіде, нақтырақ айтсам, «Инстаграмда» біреумен танысыпты. Қанша әңгімелескендерін білмеймін, әйтеуір «бүгін бір қызбен кездесуге барам» деп төтесінен айтты. Алдымен қуанып қалдым. Бірақ артынан «танымайтын адам ғой, мүлдем көрмегенсің, қалай болар екен» деп күдіктендім.

«Қай жерде кездесесіңдер, маған да айтшы. Сыртынан көрейін ол қызды, сендерге кедергі келтірмеймін» деп жалындым. Ақарыс соған ренжіп, үйден асығыс шығып кетті.


Түн ауа қуанышпен оралды. «Жақсы қыз екен, бірақ, бір қызымен ажырасыпты. Қызы әке-шешесінің қолында тұрады, ал өзі қаладағы пәленінші мектепте мұғалім боп істейді екен» деп шет-жағасын айтты. «Мұғалім» дегенді естігенде қуанып қалдым. Балаларға сабақ беретін адам жаман болмайды деп ойлаймыз ғой енді.


Не керек, інім екеуі бір айдай кездесіпті. «Көп соза беріп қайтеміз, сені әпкеммен, ағаларыммен таныстырайын, бас қосайық» деп бұл ұсыныс білдірген. «Мақұл, бірақ маған біраз уақыт керек, алдымен мен үйдегілерге хабарлайын, қызымды дайындайын» деп қыз да көне қалған. Сосын менің аңқау бауырым сеніп, айтқанының бәрін істей берген.


Телефонын өшіріп, тұрып жатқан пәтерінен бір түнде көшіп кеткенде інім алданғанын біліп, бармақ тістеп қалды. Жұмыс істеймін деп айтқан мектепке барса «бізде ондай мұғалім жоқ» деп шығарып салыпты.


Ізін суытып кетерден екі апта бұрын «ертең менің туған күнім» депті. Ақарыс өзіңе әдемі көйлек ал деп қолына 50 мың теңге ұстатқан. Арада үш-төрт күн өткенде «ауылдағы қызым қатты ауырып жатыр еді, соған дәрі алуым керек. 50 мыңдай шыға ма, айлыққа дейін қараса тұршы» деп тағы ақша сұраған. Ақарыс шотындағы 37 мың теңгесін шығарып берген. Біраз күннен кейін тағы сұрағанда «менде ақша жоқ, әпкеме айтайын, саған аударады» депті. Сөйтсе әлгі қыз «мен үшін біреуден сұрама, өзім бірдеңе етіп табамын» деп тоқтатыпты. Шамасы, шотқа аударылған ақшадан кім екенімізді біліп қояды деп қорыққан-ау...


Інім «Осылай жүре береміз бе, екі жақтың үлкендерін таныстырайық» деп айтқан күннің ертеңіне телефонын сөндіріп, тұратын пәтерінен көшіп кетіпті. Бірақ телефонын сөндірерден бұрын ватсап ашып, Ақарыстың суретін қойып, бірталай туысымыздан ақша сұрапты. «Ойбай, ол біздің туысқандардың нөмірін қайдан алған?» деп аң-таң болдым. «Қызықсың, қазір дамыған заман ғой, менің телефонымнан нөмірлерді көшіріп алған» деп ашуланды інім.


«Айлыққа дейін қараса тұршы, көзіме дәрі алатын ақша керек боп жатыр» десе, бір бөлеміз 20 мың салыпты. Інімнің қызынан 5 мың алған, ағайын ағамызға да «шұғыл түрде 50 мың керек боп тұр» деген екен, ол «қазір ондай ақшам жоқ» деп бермепті. Мынаны естігенде қатты ашуландым. Сотқа берем, полиция шақырам деп едім, інім тоқтатты. «Қырыққа келгенде қайдағы бір қатынға алданып қалды деген ат жетпей тұр еді маған» деп өкпеледі. Қайтейін, басының аман қалғанына шүкір деп қоя салдық.


Ел ішінде менің бауырым сияқты аңқау адамдар көп. Қазір жұмыс жоқ, адамдардың жағдайы нашар, алаяқтар да көбейіп кетті. Сондықтан абай болыңыз. Лажы болса ешкімге телефонды ұстатпау керек, сосын әлеуметтік желілерге сурет салмай-ақ қойған дұрыс-ау, әлгіндей оңбағандар атыңызды жамылып, несие алып кетсе де таңғалмайтын заман болды бұл...»