​«Қайта тіріліп келгендей болды»: астаналық азамат жан жарымен танысқан кезін еске алды

0
1 693

«Жұбайымды Жаратушының өзі жіберді»


​«Қайта тіріліп келгендей болды»: астаналық азамат жан жарымен танысқан кезін еске алды
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Мен сіздерге өз басымнан өткен ерекше оқиғаны айтып бергім келеді. Сол жағдайдың қалай болғанын әлі күнге дейін ойланып, жауабын таппай қойдым», - дейді Талғат есімді астаналық азамат.


Бүгінде екі перзент сүйіп отырған оқырманымыз басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


Осыдан бес жыл бұрын, дәл осындай қыс еді, ауылдағы әке-шешеме барып қайтайын деп Астанадан Түркістанға қарай жүретін пойызға билет іздедім. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңы ғой деймін, билеттердің бәрі сатылып кеткен екен. Амал жоқ, автобуспен қайтуға тура келді. Жаурап, аяғым ісініп кететін болды деп уайымдап, көңіл күйім болмай мініп едім. Бірақ жаныма жайғасқан қыз оның бәрін әп-сәтте сейілтіп жіберді. Ол Тараздың тумасы екен, Астанада оқитын болып шықты. Барғанша әңгіменің тиегін ағытып, бір-бірімізге бірден бауыр басып қалдық. Әже тәрбиесін көрген, инабатты қыз екен. Қоштасарда нөмірін беріп кетті.


Сол күннен бастап Аяулым деп таң атырып, кешті болдырып жүрдім. Телефонмен таңға дейін сөйлесіп, Астанаға бірге жолға шықтық. Екі жыл бір-бірімізсіз күн өткізбей, ақырында үйленуге бел будық. Мен ол кезде шексіз бақытты едім. Сүйіктімді кездестіргеніме, өз адамымды адаспай тапқаныма, онымен шаңырақ көтеретініме сене алмай, бал-бұл жайнап жүргем. Үйдегілер тәтті шай ішіп, тойдың күнін белгілеп те қойған.


Кенет... Аяулымнан айырылып қала салдым. Сабағынан шығып, үйіне балра жатқан жолда көлік қағып кетіп, сол жерде тіл тартпай кете барды. Бұл жағдайды естігенде есім ауысып та кеткендей еді. Мен үшін өмірдің мәні қалмағандай өзіме қол жұмсап, достарып әрең дегенде аман алып қалған. Жұмысқа да, тамаққа да зауқым жоқ, құр сүлдерімді сүйретіп күн кешіп жүрдім. Обалын не керек, достарым менің көңілімді аулау үшін бірталай қызбен таныстырды. Бірақ оларға қараймын дда Аяулымның бойындағы мені баурап алған бір қылықты іздеймін. Таппағасын қолды бір сілтеймін. Осылай тағы екі жылды артқа тастаппын.


Бір күні ұйқыға жатарда әбден жыладым. «Құдайым, Аяулымымды өзің менен ажыратып алдың ба, ендеше бұл дерттен құтылудың жолын көрсетші. Менің де бақытты болғым келеді» деп шын тілеп, дұға еттім. Сол түні түс көріппін. Түсімде Аяулым екеуміз бірінші кездескен күндегідей автобуста отыр екенбіз. Екеуміз Түркістанға, менің әке-шешеммен танысуға бара жатыр екенбіз. Аяулым дым өзгермеген, қайта одан сайын сұлуланып, жүзінен нұр төгіліп тұр.

«Талғат, мен жолдан қатты шаршадым. Үйге барып демалып алайын, қазір Тараздан түсіп қаламын. Ал сенің үйіңе ертең барамын. Сен мені біздің саябақтан күтіп ал, сол жерге келемін» деп, автобустан түсіп қалды. Шошып ояндым. Таң атып қалған екен. Аяулым да мені ойлап жүр екен ғой, жүрегім әлі жібермеген соң ана жақта қиналып кетті-ау деп жорамалдадым. Бірақ ол мені неге біз кездесетін саябаққа шақырды осы сұрақ санамда тұрып алды. Аяулым екеуміздің ең қызықты, есте қаларлықтай күндеріміз сол саябақта өткен екен. Болашақта балаларымызбен келіп, серуендейміз деп армандаушы едік. Мұнда бір гәп бар-ау деп ойладым.


Сонымен кешкісін, жұмыстан шыққан соң Аяулым екеуміз қыдырған саябаққа бардым. Бұл жаққа мойын бұрмағалы да біраз болыпты. Орындығымыз қисайып, ескіріп те қалған екен. Айналада ешкім жоқ, көңілім құлазып кетті. «Ақымақсың, Талғат, қайдағы бір түске сеніп неменеге келдің» деп іштей өзімді жек көріп тұрғам. Бір кезде шашын жайып алған, талдырмаш денелі бір бойжеткен жүгіріп келіп, «Мына жерге менің телефоным түсіп қалған сияқты, таппай тұрмын. Көріп жіберейінші» деп мені еріксіз орнымнан тұрғызды. Өз-өзіме ашуланып тұрғанда қыздың түріне мән бермеппін, телефонын тауып, рахметін айтқанда барып аңғардым. Қарсы алдымда өзімнің Аяулымым тұр. Сойып, қаптап қойғандай ғой. Тіпті күлгені, шашын артқа тастағаны, көзқарасы да дәл сондай. Өзіме сенбей біраз тосылып тұрып қалдым.


Ақырында әлгі қызбен танысып алдым. Аты Қарлығаш екен. Өзіміздің Шымкенттің бойжеткені болып шықты. Оның әр сөзі, тірлігі, тіпті мінезіне дейін Аяулымнан аумайды. Бір көргеннен баяғы сезімім қайта оянып, Қарлығашты қолға түсіргенше біраз әурелендім.


Басымнан өткен жағдайды Қарлығаштан жасырғам жоқ. Сол күнгі түсті де айтып бердім. Ол менің халімді түсініп, «Бұл тағдырдың біздің маңдайымызға жазғаны шығар, әйтпесе мен ол саябаққа достарым қоймай шақырғасын келіп едім, ақырында телефонымды жоғалтып, сенімен таныстым» деп тұрмысқа шығуға келісімін берді. Содан бері үш жыл өтіпті, екі қызды тәрбиелеп отырмыз. Тұңғышымыздың атын Қарлығаш Аяулым деп қойды. Оның бұл мәрттігіне, менің жанымды түсінгеніне риза болдым.


«Шын жыласаң, соқыр көзден жас шығар» дегендей, Құдай менің тілеуімді қабыл алып, өз теңімді жібергеніне әлі таңмын. Сол қиындыққа морт сынып, өзіме қол салғанда кімнің несі кетер еді? Өмірдегі кейбір сәтсіздіктерге сабырлық танытып, төтеп беруге әрекет жасау керек екен. Шешілмейтін проблема жоқ».