«Ағам дегенім арымды таптады»: зорлықтың құрбаны болған бойжеткен өмірден шаршағанын айтады

0
2 936

«Туыстарымыздың көбісі ақшаға сатылып кетті»


«Ағам дегенім арымды таптады»: зорлықтың құрбаны болған бойжеткен өмірден шаршағанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адам деп, туысым деп имандай сеніп жүрген жан екі аяқты айуан боп шықса, онда жүрек езіліп, жан ауырады. Ал енді сондай жандарды заң жазадан босатып жібере салса, онда мына өмірдің мәні бар ма? Әділетсіздікке тап болып, намысың тапталып, айналаға келеке-мазақ боп жүргенше кете салған артық емес пе?» - дейді Асима (аты-жөні өзгертілді) есімді бойжеткен.


Өзге емес, өзінің туысынан зәбір көріп, зорлықтың құрбаны болған қыз басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Небәрі он алты жасында арым тапталды. Бұл оқиға 2020 жылдың наурыз айында болды. Әжемнің үйіне келгем, ол үйдегілер тойға кетті де, мені үйге қарауылдыққа тастап кетті. Сол күні түнде әкемнің ағасының ұлы есікті қақты. Жалғыздықтан елегізіп отырғанмын, ағамның келгеніне қуанып, есікті аша салдым. Сөйтсем оның ойы басқада екен. Үйдегілердің тойға кеткенін алдын ала біліп, мені зорлау үшін әдейі келіпті.


Есікті ішінен асығыс кілттеп алды да, ай-шайға қарамай маған бас салды. Мен одан мұндай бассыздықты күтпегем, сасып қалдым. Қарсыласуға да шамам келмеді, күштеп, екі қолымды байлап, аузымды жауып тұрып діттеген мақсатына жетті. Ол оңбаған тірлігін тындырып болған соң жай кете салған жоқ. Төсекте есім кіресілі-шығасылы болып, аяқ қолым дірілдеп, қансырап жатқан маған «Туыстарға тіс жаратын болсаң, оңдырмаймын. Біз туыспыз, мені ешкім соттай алмайды. Бекерге абыройың төгіліп, ел-жұрттың көзіне күйік боласың» деп қорқытып кетті.


Біреумен төсектес болмақ түгілі, жігіт атаулы қолымнан ұстап көрмеген пәк қыз едім. Бір түнде өмірім түбегейлі өзгеріп кетті. Үкілеген үмітім, асқақ арманым, бәрі быт-шыт болды. Ағам деп жүрген адамнан жапа шеккенімді әке-шешеме айтқым келді, оның ескертуінен қорыққан жоқпын. Бірақ таяуда ғана жүрегіне ота жасатып келген әкемнің денсаулығына алаңдадым. Бұл жағдайды жүрегі көтере алмай қалса қайтемін деп ойладым.


Менің бұл үнсіздігімді ағасымағым келісім деп қабылдаған екен. Бір жарым айдан соң ораза басталып, біздің әулеттегі көп кісі ауыз бекітті. Оразаның орта тұсында әкемнің ағасының үйі көпті жиып ауызашар берді. Әкем-шешем, бауырларым ауызашарға кеткен. Осы сәтті қалт жібермеген ағасымақ біздің үйге жетіп келіпті. «Асима, қасиетті айда өзіңнен кешірім сұрағым келеді, мен оңбай қателік жасадым» деп жалынып жүріп үйге кірді. Аузы берік, мешітке барып жұма намазын оқып жүрген ғой. Ақымақ басым шынымен тәубесіне түскен шығар деп ойлағам. Сөйтсем ол Құдайдан қорықпайтын бәле екен, оразаңа да, басқаға да қараған жоқ, үйге кіргесін баяғы әдетіне қайта басып, мені екінші мәрте зорлап кетті.


Бұл жағдайды ауызашардан келген әке-шешеме жасырмай айтып бердім. Менің басқа амалым қалмады, үндемесем ол лас тірлігін қайта жасай беретін еді. Әке-шешем мұны естіген соң бүкіл туысты аяғынан тік тұрғызды. Ағасына да, басқаға да қараған жоқ, дереу інісінің үстінен арыз жазып, кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін жазаға тартуын талап етті. Ағасымақтың үстінен қылмыстық Кодекстің 120-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағымен, сондай-ақ 121-баптың 3-бөлігі, 1-тармағымен іс қозғалып, 2021-жылы 10 жылға бас бостандығынан айырды. Осы жылдың мамыр айында сот оның тергеу изоляторында жатқан әрбір күнін 1,5 күн деп есептеуді және оның жазасын 7 жыл 6 ай деп Үкімді өзгертті.


Әкемнің ағасы мен оның әйелі бұл жағдаймен келіспеді. Олар балаларын сүттен ақ, судан таза деп санады. Сол себепті екі жыл ішінде жан-жаққа жүгіріп, ең мықты деген қорғаушыларды жалдап, Жоғарғы сотқа дейін арызданып жүріп, балаларын түрмеден босатып алды. Заңды қалай бұрмалағандарын білмеймін, үйтіп-бүйтіп жазадан құтылып кетті. Туысмыздың екі адвокаты сот залында «қыздың өзі ағасына жабысқан» дегенге келтіріп, менің намысымды таптады. Ең сорақысы, басқа туыстарымыз бұған куәлік етіп, қылмыскердің жағына шығып кетті.


Бұл өмірде ақшаң болмаса, сенің абыройың да, мәртебең де жоқ екен. Аузы қисық болса да байдың баласының дәурені жүретін заман келіпті. Туыстарымыздың көбі ақшаға сатылып кетті. Басымызға іс түскенде кімнің кім екенін білдік. Бір оңбағанның кесірінен әулетіміздің берекесі кетіп, екі бауыр ат құйрығын кесісті.


Оңбаған ағасымақ «Не таптың, мені түрмеде шіріте алмайтыныңа көзің жетті ме? Ендігі ісім сенімен болсын» деп бөтен нөмірмен хат жазып жіберіпті. Мен үшін бұдан асқан қорлық жоқ. Тап қазір өмірден баз кешіп, кете салғым келеді. Бірақ әкем мен шешемнің қазіргі халіне қарасам, оларды одан әрі қинағым келмейді.


«Оң сегізге жаңа толған жас ару, енді кімнен өз бақытын сұрайды?» деген өлең маған арналғандай. Менімен жасты қыздар думандатып, алып-ұшып сауық-сайран құрып жүр, ал мен үйден қадам аттап шығуға қорқамын. Жалғыз жүрсем ту сыртымнан бас салып зорлап кететіндей үрейде жүрмін. Қайда барып, кімнен көмек сұраймын?..»