​«Қайынағамның зорлығынан күйеуімнің досы құтқарды»: түркістандық келіншек өз тағдырынан сыр шертті

0
2 156

«Көрші үйге келін болып, кейін досыма тұрмысқа шықтым»


​«Қайынағамның зорлығынан күйеуімнің досы құтқарды»: түркістандық келіншек өз тағдырынан сыр шертті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әр қиыншылықтың артында бір қуаныш тұрады» дегенді кішкентайымыздан естіп өссек те, басқа түспегесін адам сезіне бермейді екен. Мен күйеуімнен айырылып қалғасын өмірбақи қара түнекте өмір сүрем деп ойлап едім. Өйткені арада айтуға ауыз бармайтын жағдайлар орын алды. Бірақ екі жылдан соң өмірім күрт өзгеріп шыға келді», - дейді Айжамал есімді түркістандық оқырманымыз.


Бүгінде екі баланың анасы ешкімге ұқсамайтын тағдырын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Көршінің қызы керемет еді» демекші, дәл жанымыздағы үйге келін боп түскен адаммын. Бала күнімізден көріп жүрген, тіпті бір-біріміздің үйімізге қонып, бір қазаннан тамақ ішіп жүрген, ағайыннан да жақын адамдар едік. Сол үйдің менімен жасты Қанат деген баласы мектеп бітірер кезде сезімін білдірді.


Негізі Қанат о бастан маған қамқор болатын. Мектептен қайтарда сумкамды көтеріп, басқа балалар қыздарды қарға аунатып жатқанда ешкімге тигізбей, түстен кейін менімен бірге сабақ оқып, жанымнан бір елі қалмайтын. Сөйтсем менде сезімі бар екен. Не керек, екеуміз қыз бен жігіт болуға уәделесіп, қалаға оқуға аттандық. «Әзірге екеуміздің махаббатымызды ата-аналарымыз білмей-ақ қойсын» дедім мен.


Осылайша бір университетке, ол басқа мамандыққа, мен басқасына оқуға түсіп, бітіргенше жұбымыз жазылмады. «Диплом алып болғасын үйленеміз» деп Қанат уәде еткен, сол уәдесінде тұрып, әке-шешесіне қуанышты хабарды айтып, олар көршісінің үйіне құда түсіп барып, мәре-сәре болдық. Екі үйдің үлкендері бұл жаңалыққа қатты қуанды. «Сыры мәлім үйдің қызын келін қылдық, өзімнің қызым ғой» деп енем ерекше ықылас білдірді.


Той-жиынды өткізіп, қалаға келіп, екеуміз де бір мектепке жұмысқа тұрдық. Ол физикадан, мен ағылшыннан сабақ бердік. Бақытты күндеріміз мәңгі жалғасатындай көрінетін. Көп ұзамай ұлды болдық. Алғашқы махаббатпен табысып, жақсы ата-енеге тап болып, сүп-сүйкімді ұл туып алған менде арман жоқ еді. Өз өміріме өзім қатты қызығып, көзімді тигізіп алдым ба деп ойлаймын. Күйеуім жап-жас болса да жүрегі тоқтап қалды. Қасымда ұйықтаған күйі оянбай қала салған. Қиналса, қысылса сезіп, оянар едім ғой. Тіл тартпай кете барды...


Тосыннан келген қаза маған да, ата-енеме, әке-шешеме оңай тимеді. Жұмысымнан шығып, бір жыл ауылда болдым. Күнде жылау, суретіне қарап сағыну... бірақ Қанатымнан аумай қалған баламның бары жаныма медет болды. Өз-өзіме «енді ешкімге тұрмысқа шықпаймын, Қанатыма адал боп өтем» деп серт беріп қойғам. Баланы жалғыз өсіріп-жетілдіруге тас-түйін бекініп, қалаға қайттым. Жұмысыма қайта орналасып, ұлымды бақшаға беріп, қалыпты тіршілікті жалғастыруға бел буғам.


Осы аралықта Қанаттың группалас досы туралы айтқым келеді. Аты – Нұрғиса. Қуанышты күндеріміздің куәсі болған адам, қиындықта да жанымннан табылды. Қалаға келгелі жаныма жалау боп, баламды бақшадан ала салып, үйге керекті азық-түлікті көлігімен жеткізіп беріп, достық көмегін аямады. Бұрыннан сондай елгезек тұғын. Тойымызды да өзі ұйымдастырып, әртістерді жалдап, алдымызға түсіп шаба беретін. Досы кеткелі ерекше қамқор болды. «Бұл менің Қанат досымның алдындағы парызым» деп қамығып қалатын.


Бір күні үйге ауылдағы қара шаңырақта тұратын қайынағам келді. Кешкі уақыт тұғын, ол кісіні келеді деп күтпегем. «Көлігім бұзылып, ауылға жете алмай қалдым. Нұркелдіні көріп кетейін деп соқтым» деді. Достарымен кездесуге келген екен, кішкене ішіп алған сияқты көрінді. Ойымда ештеңе жоқ, үйге кіргізіп, шай-тамағымды беріп. Залға төсек салып бергем. Баламыз екеуміз шырт ұйқыда жатқанда жаңағы қайынағам бөлмеге кіріп келіп, мені зорламақшы болды.

«Сені әмеңгерлікпен алам, басқаға қимаймын» деп аузына келгенін айтты. Бағанағыдан да қатты масайып қалған, тағы ішкені бірден білінеді. Қарсыласып ас бөлмеге қаштым. Ол тәлтіректеп артымнан қуып келіп, сол жерде зорлауға әрекет жасады. Ал мен қолыма түскен затпен басынан бір ұрып, әрең құтылдым.


Тура кинодағыдай, қайынағам талып қалды. Басынан қан ағып, өлтіріп алдым ба деген оймен жыламсырап, жынданып кете жаздадым. Бар сенгенім Нұриғиса, дереу телефон соғып шақырып алдым. Ол жолай «жедел жәрдем» шақырып қойған екен. Қайынағамды ауруханаға апарып, жолай жақсылап сөйлесіп, енді менің үйіме жоламайтындай етіпті.


Болған жағдайды ата-енеме айтпадым. Олардың қамыққанын қаламадым. Қайынағам уатсапқа кешірім сұрап хат жазған екен, мәселені ары қарай ушықтырмадым. Бірақ сол оқиғадан кейін маған Нұрғиса сөз салды.

«Мен сені бұрыннан ұнататын едім, бірақ Қанаттың бала күнгі махаббаты болғасын араларыңа түспеп едім. Саған деген сезімім баяғыдай. Мүмкіндік берсең баламызды бірге өсірейік» деді. Бұл ұсынысты күтпегем, екі аптадай ойланып, толғанып, ақырында келісімімді бердім. Өйткені балам Нұрғисаға бауыр басып қалып еді. Келмей кеткен күндері іздейтін.


Жағдайды әке-шешеме айттым, олар ата-енеме жеткізіпті. Мың жасағыр кісілер ғой, «Басқа біреуге емес, баламның досына барғаны дұрыс. Не дегенмен Нұриса да өз баламыздай боп кеткен» деп батасын берді. Ал қайынағам жұмған аузын ашпады. Менің бетіме тіке қарай алмайды, бара қалсақ әрдеңені сылтауратып сыртқа сытылып кетеді.


Қараңғы түннен кейін менің күнім туды. Нұрғисаның ата-анасы да көреген, ақылды адамдар екен. Менің тағдырымды түсініп, жылы қабылдады. Екі қайынжұртыма апта сайын кезек-кезек барып тұрамыз. Тағы бір ұлды болдық. Нұрғисаның бақыттан басы айналып жүр. Шүкір, әр күніме тәубе етіп отырмын».